Қазақ рэптің халі қалай?

Ақ парақтағы ойлар /
Қайда барсаңыз да, қайда жүрсеңіз де алдыңыздан қос құлағына жіңішке сым байлаған жас буын өкілдерін кезіктіреміз. Жас деймін-ау, отызды алқымдаған орда бұзарларды да ара-тұра көріп тұрамыз. Сонда олар қандай әуен тыңдап жүр деген ойда қаламыз. Қазақтың қаймағы бұзылмаған термесі емес екені айадан анық. Сонда не?! Ол әрине – рэп. Бес саусақ бірдей емес. Кейбірі рэпті тыңдамауы, мүмкін. Ал біз сол әуен түрін тыңдайтындар жайында сөз қозғамақпыз.
Тәуелсіздікті алдық, қолымызды кеңге салдық. Батысқа еліктеп салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды біртіндеп ығыстыра бастадық. Сөйте келе, жаңа ғасыр бастала салысымен тәрбие тұнып тұрған терменіде тыңдамайтын халге жеттік. Кейбіріміз «Ескіні өлеңді, ескілер тыңдайды. Жаңалар жаңа бағытқа бет бұруымыз керек» деп сөйледік. Бұл аз болғандай үстімізге диуананың киімін киіп, төрт саусағымызды шошаңдатып жаңа стилді ойлап таптық. Гүрс-гүрс, тарс-тұрс сынды ырғақтарға еріп, жүрегіне жебе қадалған піл сынды ақырдық. Сөз құдыретін ұғынудан қалдық. Аузымызға түскенін айтып, сөздердің байланысына қарамадық. Біреулеріміз Құдайдан қорықпайтындай, арымызға өшпес таңба салып боқтық сөзбен музыканы араластырдық. Ата-бабаларымыз салып берген даңғыл жолды адам баспайтын соқпақ пен сорға айналдырдық. Осылай келе санасы жетілмеген жастардың арасында «термені есі кеткендер тыңдайды. Не айтқанын түсінбейміз. Домбыра да, өзі де ботасынан айырылған іңгендей ыңылдайды. Ал рэптің жөні бөлек. Тек қана шындықты айтады!» деген бос сөздер өрбіді. Олар осы әңгімені айтқаннан кейін өздерінің бұдан былай қазақ емес екендігін әсте білгені жоқ.
Осы әңгімеге нүкте қою барысымен Сұрақ-Жауап сайты арқылы Қазақстанның жер-жеріндегі мектеп оқушыларынан «Сіз қазақша рэпті тыңдайсыз ба? Берер бағаңыз қандай?» деп сұрақ қойған болатынбыз.
Ақжол АРЫСТАН, №131 орта мектебінің 11 сынып оқушысы (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті)
— Иә… Қазіргі кезде рэп жанрында ән айтатын әншілер көбейді. Соңғы кезде Қазақстандық рэпперлердің әндеріде біршама деңгейге жетіп, дамып келе жатыр. Әрине оның ішінде барлығын тыңдай бермейміз. Өзімде кей-кездері тыңдаймын. Соның ішінде әуені мен ұйқасы бірі-біріне сай келіп тұрған махаббат тақырыбындағы және өмірге деген көзқарасты өзгертіп, талпындырып, алға жетелейтін әндерді тындаймын. Нақтырақ айтар болсам қызыл сөзді тамызып халықтың жүрегіне жеткізе білсе, рэперлерге көрсетер қарсылығым жоқ.

Мұхтар УТЕГЕНОВ, С.Абланов орта мектебінің 8 сынып оқушысы (Жамбыл обылысы, Байзақ ауданы, Байзақ ауылы)
— Иә, қазақша рэпті тыңдаймын. Қазіргі кезде Қазақстандық рэперлер әндерін жақсы айтып жүр. Бірақ олардың көбінісін теледидарлардан көрсете бермегендіктен адамдар таный бермейді. Көрсеткен күнде де оны жастар ғана тыңдайды. Жасы үлкен адамдар Қазақстандағы эстрада әншілерінің әнін тыңдайды мысалы: Мейрамбек Беспаев, Қайрат Нұртас, Асан Пердешов, Сырым Исабаев т.б.

Таңшолпан КЕҢЕСҚЫЗЫ С.Жаңғабылов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы (Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылы)
— Ия, рэп жанрын тыңдаймын. Дегенмен бәрін емес. Мағыналы, музыкасы жағымды түрлеріне құлақ түремін. Қазір Жақаудың әуендерін тыңдап жүрмін.
Мадияр ГУБАЙДУЛЛИН (Атырау облысы, Атырау қаласы)
— Мен де рэпті сүйсініп тыңдаймын. Дегенмен қазіргі жастардың көбі сөздеріне боқтық сөздер араластырып, әуенінің құтын қашырады. Мағынасыз мәтінді оқығанды абырой көреді. Сапалы рэп айтатындар аз. Атап айтар болсам: Ерболат Құдайбергенов, Шохан, Жақау секілді жігіттер қазақ рэпті дамытуға ат салысып жүр.

Бекзат КАКИМЖАНОВ Абай атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы (Атырау облысы, Атырау қаласы)
— Жалпы осы жанрдағы әндерді қатты ұнатамын. Қазақ рэпі жаңа-жаңа бастау алып, қарқынды жазылып жатқанымен сапа мен мәні жағынан басқа елдерден артта қалып келеді. Дегенмен, ақын ата-бабаларымыз секілді халық мұңын дұрыс жағымды жырлайтын қазіргі заман сөз шеберлерін атап өтпеуге болмайды. Жалпы өзім шетел және орыс рэп жанр орындаушыларын жақсы көргенмен, өз елімде жақын жатқан қандастарымды жек көремін деп айта алмаймын. Жалпы өзім кезінде тыңдаған, мен үшін қазақ рэпері лауазымына лайықты MC(эмси) орындаушылары: Тарлан,G-Had отбасы, Жамағат production және т.б. Олар шетел орындаушылары секілді теледидардан көрініп жатпағанымен, маған танымал болып, менің көңілімнен шыққаны олардың үлкен еңбегі деп білемін. Әрине, әркімнің өзі ұнататын орындаушылары бар. Бірақ, бұл тек менің жеке өз ойым.Өзім батыстан болғандықтан өзіме жақын орындаушыларым осылар.Алдағы уақытта қазақ рэпін жалғыз интернет қолданушылары ғана емес продюссерлер де байқап,үлкен сахнаға жол ашылып, дами түседі деген сенімдемін.

Жорабек ЖҮНІС (Алматы қаласы 29 жаста)
— Қазақта «Біреудің қаңсығы — біреуге таңсық» деген жақсы мақал бар. Негізі рэп АҚШта қара нәсілді өздерін афроамерикандықпыз деп жүрген адамдардың, оның ішінде қылмыстық топтардың арасынан шыққан ән жанры. Ресейдегі шансон ән жанры сияқты. АҚШтағы атақты рэперлердің көпшілігі түрмеде отырып шыққан, немесе түрмеде отыр. Рэп әндерінде негізінде өмірге деген теріс көзқарас, зорлық-зомбылық, өзін халықтан ерекше етіп көрсету сияқты жағымсыз сарындар көп. Бізде рэп-ті талантсыз, музыкалық қабілеті жоқ адамдар мен мектеп оқушылары оқиды.

Сан тарапты пікірлер өрбіп, әркім өз ойын жасырмай ашып айтты. Біз олардың сөздерінен «қазақ рэпті көтеру керек» деген ойды оқыдық. Тек Жорабек қана рэптің қазаққа тән емес екендігін, оны қанымызға қоспау қажеттілігін жасырмады. Ал cіздер не дейсіздер?

1 пікір

satirik92
Менің өз жеке басым жыр тармақтарын тоқуды Жақаудан өзіме көшірдім. Қанатты сөз түзуді G-had-тан қаныма ілестірдім. Өлеңнің жүрегін түсінуді осылардан үйрендім. Өзімде айттым. Ес білетін қазақ баласы сүйегіне таңбалаған Қазақ атын бұнымен жырып түспейді. Бұл дертке боқ ауыз сөздер мен дүрсілдектің бізге енуіндегі бір ғана шындыққа саятын өкілдері бар. Ол бізге кірер информацияға шектеу қоймаған өкімет заңдарында. Қазақтың еліктеуіштігін ескеріңіз. Отыздың алқымында, қырықтың жотасында байрағын желге бөккен ағаларымыздан айтатындары да бар екенін түбегейлі ескеріңіз.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.