Қазақ IT үшін

Әлеуметтік сауалнамалар /
21 ғасырда қай елді болмасын алға сүйрейтін IT саласы екеніне ешкімнің дауы жоқ болар. IT адам өмірінің салаларына енген сайын біз IT-ды жақсы білетіндерден тәуелді болып қала бермекпіз. IT теңеспей өзгемен теңесеміз деу қиын-ақ.

Біздің компаниялар, көбі, мемлекеттік тапсырмалармен күн көріп келеді. Одан басқа қазақ IT үшін іс тындырып жатқаны шамалы. Тендерлердің қалай алынатыны жайлы сөз етпейін. Қазақстанда коррупция өршіп тұрғанын бәрі біледі ғой. Сонда да, мемлекет қазынасынан қомақты қаржыға сапасыз қызмет көрсеткен кейбір компаниялардың арты ашылып, заңды түрде жазасын алғанын тілеймін. Себебі, қазына — біз бен сіздің салығыңыз, еліміздің байлығы. Оны қалай болса солай қолдану — қазақ еліне жасалған опасыздық.

Бюрократия, коррупция, т.б. елімізде IT бизнесіндегі проблемаларды айта берсе жетерлік, мақсатым мәселенің бір ұшын көрсете келе, соларды шешу жолына өзімнің бір ойымды қосу еді. Құдайға шүкір, қазір ақша көп, қай салаға болмасын қаражат бөлініп жатыр. Мүмкіндіктер көп, жағдайымыз да жаман емес. Бұрын "қолымыз қысқа, елде кризис" деуші едік. Осы шақты бағалай білу керек. Ертең жерасты байлағымыз таусылғанда елде тағы бір кризис болатыны сөзсіз. Сол кезде “Қап, сол кезде неге IT-ды аяққа тұрғызып алмадық?” деп бармақ тістеп қалатын сияқтымыз. Қазір нағыз қимылдайтын, кейбір осал тұстарымызды түбегейлі түзейтін кезең деп білем.

Жерден кен шығару сияқты IT-ге үлкен қомақты қаражат бөліп, зауыттар тұрғызып қажет емес. Назарымыз күнделікті күйбең тірліктен босай алса болғаны, әр жерде топ-топ бірігіп, іс тындыра беруге болады.

Сонымен, қазақ IT-ін қалай дамытамыз?
1. Үйрену, қуып жету
2. Өнім жасау, сату
3. Бәсекелестікті күшейту

Астана қаласында тұратын IT-ге қызығушылығы бар 5 сыныптан жоғары мектеп оқушылары мен студенттерді “SmartDev” ерікті программисттер клубына шақырамыз!

Клубтың басты мақсаты — жастар арасында IT білім деңгейін көтеру, тәжірибе алмасу.

Клуб мүшелерінің мүмкіндіктері:
1. Бағдарламалауға үйрену, білімін шыңдау
Құдай қаласа, сабақтарға IT саласында көптен бері жасап келе жатқан тәжірибелі программисттер, тимлид, проджект менеджерлер, IT-компания иегерлері, т.б. КазНеттің дамуына өз үлесін қосып жүрген тұлғалар қатысатын болады. Болашақ тек келесі буында.

Сабақтарға іріктеу арқылы өткізілетін болады. Іріктеуден өтпей қалып, бірақ, сонда да үйренгісі келетіндерге тегін консультация беріледі, бірақ, ақылы түрде оқытылады.

2. Бірігіп жобалар жасау, тәжірибе жинау, алмасу
Жаңа стартаптар, қазіргі атышулы жобалардың көшірмелерін, т.б. тапсырыс бойынша жобаларды жасап бастаймыз. Өзге де әлемдік ашық жобаларға қатысамыз.

3. Бәсекелестікті күшейту
Басқа қалаларда да осындай клубтардың ашылуына көмектесіп, конкурстар, т.с.с іс-шаралар ұйымдастырып, бәсекелестіктің пайда болуына септігімізді тигізбекпіз.
4. Ерікті дегеніміз — кез келген уақытта клубтан шығарылады, шыға алады. Бірақ, барлық код, ерекше келісімдер болмайынша, толықтай “SmartDev”-ке тиісті.
Әзірге, ұсынарымыз осы. Байланыс үшін: smartdevkz@mail.ru, немесе жеке сайты

Офис ремонты енді бітіп жатыр. Анау айтқандай мықты жер емес, программисттерге болады. Қыркүйек айы адам жинасақ, ай соңы сабақтарды бастаймыз. Іріктеуден өткендерге бәрі тегін, тек өз компьютерімен келуі керек. Клубта жаңалықтар жайлы осында жазып отыратын боламын.

Сонымен қатар, мына сұрақтарға жауап тапқым келеді:
1. Қазақ IT-ін дамытып жатыр деп қазір кімдерді айтуға болады?
2. Олар қандай идеяны іске асырып жатыр?
3. Не нәрсеге жетті, нәтижесі қандай?


Қоғамдық өмірден алшақтау болғандықтан, әріптестерімнен өзге ешкімді дұрыс білмейді екем. Сырттай болса да танып-біліп жүргендей, біреуге ілесіп, біреуді ерткендей.

Өз еркімен клубтың жұмысына ат салысамын деушілерге әрдайым есігіміз ашық. Клубтың демеушілеріне кейңн арнайы тақырып болады деп ойлаймын.

P.S: Мамандығым — программист, деңгейім джуниордан сәл ғана асады деп ойлаймын. Сондықтан, жоғарыда пікірлерімде қалыс кеткен жерлер, қателіктер болуы мүмкін. Ақыл-кеңестеріңіз, орынды сыныңыз, пікіріңіз, тілек-қалауыңыз болса, міндетті түрде комменттерде жазуды ұмытпаңыз. Біз үшін ол өте маңызды.

16 пікір

Jako
1. Қазақ IT-ін дамытып жатыр деп қазір кімдерді айтуға болады?
2. Олар қандай идеяны іске асырып жатыр?
3. Не нәрсеге жетті, нәтижесі қандай?
Ереке мына сұрақтарыңа өз шамаңмен жауап бере кетсең тамаша болар еді. Сонда біз сияқты шайнектер де кімнен сабақ алу керек екенін біліп жүрер едік.
ereke_enu
Өзім білгім келеді. Шыны сол, кімнің не істеп жатқанын білмеймін.
Taulyq
AIMP-ті қазақшаға аударған жігітті білем. Өзі әрі меломан )))
AL-ASTER
Жақсы идея. Осы істің нәтижелі жаңалықтарын үнемі оқып отырғым келеді.

Менің ІТ саласынан азғантай ғана білімім бар. Нарықтағы жақсылау компанияларда жауапты ІТ маманы қызметіне қабылданып, жұмыс жасап көрдім. Сонымен қатар, үйретуге қолқа салған адамдарға да үйретуге қадам жасадым. Көбінесе, сұраныс нақты іспен айналысып жүрген адамдар үшін туындағаны анық байқалады.
Осыдан он жыл бұрын түйіндемеде «ағылшын тілін білемін» деген тіркес қызметкердің жұмыс өнімділігіне бір саты пайдасын тигізсе, бүгіндері сол қызметкер "өз саласына сай бағдарламаны білемін" деген тіркесі арқылы өз біліктілігін бір сатыға жоғары қойып алады деген ойдамын.
Осыдан 3,6,9,12 жыл бұрынғы ІТ технология мен бағдарламаларды және бүгінгілермен салыстырулар жасаса, үлкен айырмашылық бар. Сол кездегі ІТ маманы жасайтын жұмыстар жеңілдеп, тиісінше қысқарып, ол жұмыстар салалық қызметкерлердің өз мойындарына жүктеле бастады.
Бүгіндері біздің нарықта жұмыс іздеп, таба алмай жүрген ІТ мамандарының көбі қазіргі бағалаумен, «оператор ЭВМ» дәрежесіне түсіп қалған сияқты. Демек, принтердің бояуын алмастырып, Windows орнату мен мегалайн баптауды, Joomla-ны юзать етуді қысқартып, нақты бір өндірістік бизнестің жұмысына пайдасы тиетін автоматтандыру ісіне белсене араласып, күнделікті жұмыс уақытында бос уақыт қалдырмай нәтиже беретін тірлікпен айналысатын мамандарға сұраныс артып келеді деген ойдамын.
Заман талабына сай мамандар деп мен мына мысалдарды айта алар едім:
Химик, физик — өз эксперименттері үшін, компьютерлік модельдеу бағдарламалары арқылы өз ісінің өнімділігін біршама арттырып алады;
Агроном — жылда егетін дәндердің сортын анықтап, оларды салыстырып, келер жылға жоспар жасап, қоймалық есептеу жүргізуді автоматтандыру;
Және толып жатқан осындай өндірістік автоматтандыру жұмыстары.

Менің білім саласына қатысты аздаған айтарым бар. Әрине, бұл туралы айтуға менің қақым да жоқ шығар, бірақ бұл айтарым жоқ деген де сөз емес.
Оқу жолындағы көптеген түлектер қаншама уақыттарын жоғалтып оқиды, бірақ өмірде бұлардың алдына нақты іс келгенде, бәлен жыл оқығаны қазіргі бір сәттік тірлігіне пайдасы тимей жатады. Сол сәттен бастап өзі қайтадан үйренуге тура келеді.
Нақты мысал. Бізде өндіріс жоқ. :)
Капиталисттіктің жүйенің сату өнері біздің нарықта жақсы дамыған. Бірақ, өндірістік саласы дамымады. Бұл елдің экономикасына, халықтың басымының жағдайына әсер етпей қоймайтыны шынайы өмірде көрініп жатқан сыңайлы.
Шикізат шет елге сатылып жатыр. Көбі кетіп те қалды. Бірақ, осынша ірі жер көлемі бар, шикізатқа жерінің үсті де асты да бай жердің халық саны, орташа есеппен жер бетінде ірі деп саналатын екі қаланың халық санындай ғана.
Егер Сіз өз еліңіздің азаматы екеніңізді шынайы сезінсеңіз, бірақ істейтін жұмысыңыз жоқ болса немесе ұнамаса, онда еліңіздің шикізатының мына деректеріне назар аударыңыз:
Мұнай — 3,2 % (7 орын, әлем бойынша), газ – 1,5 %;
Көмір — 3,1 % (6 орын, әлем бойынша);
Уран — 18,9 % (2 орын, әлем бойынша).
Алтын – 2,7 % (8 орын, әлем бойынша);
Күміс – 16 % (2 орын, әлем бойынша);
Мыс – 7,1 % (3 орын, әлем бойынша);
Қорғасын – 22 % (1 орын, әлем бойынша);
Цинк – 15,2 % (1 орын, әлем бойынша);
Никель — 1,4 % (12 орын, әлем бойынша);
Кобальт – 3,9 % (5 орын, әлем бойынша);
Боксит (алюминий шикізаты) – 1,4 % (10 орын, әлем бойынша);
Темір — 6 % (5 орын, әлем бойынша);
Марганец – 30 % (2 орын, әлем бойынша);
Хром рудалары – 37,6 % (1 орын, әлем бойынша);
Барит – 47,2 % (1 орын, әлем бойынша);
Фосфорит – 4,5 % (6 орын, әлем бойынша).

(2003 ж дерек)

Бұлардан бөлек, мақта, азық-түлік, астық өнімдері де ел үшін елеулі есепке кіреді.

Ал, еліміздегі жетекші гигант компаниялардың негізгі қызметкерлері мемлекет азаматтарының, әсіресе жергілікті халық арасынан болуы аздық етеді.

ҚР нарығындағы жетекші 100 компания: www.raexpert.kz/rankingtable/?table_folder=/expert100/2012/main
ereke_enu
Рахмет, амиго, жауап жазатыныңа күмәнім болған жоқ.
AL-ASTER
Мен 9-сынып оқып жүргенде, бір таныс ағай болған. Неге екенін білмеймін, өзіме тым ыңғайсыз әрине. Жасы менің әкемнен үлкен, бірақ өзінің ісіне араластырғысы келетін. Ол кісі су ресурстарының жетекші маманы болған. Бір күні отырсақ, айтады:
— Кеше бір жолдас жігіттермен жолықтым, сөз арасында пррграммист қажет екенін айтты.
— Ол не жұмыс?
— Қостанайдағы бір көмір қазатын шахтаға көмір қазып алудың өнімділігін арттыратын автоматтандыру бағдарламасын жазып шығу керек! (шокпын, соның алдындағы күні ғана фортран бағдарламалау тілі арқылы көрсетілген ірі есептердің арасынан, мұнайды жер астынан бұрғылау алу туралы файлдарын көрген едім. Жәй ғана көру мен практикада көру екеуі екі бөлек))) сол сәттен бастап, ІТ маманы дегенде, өндірістік жұмысты автоматтандыруға нақты үлес қоса алатын амиголарды елестетемін)
zhanibek
тек мектеп оқушылары ғана қабылданама түсінбедім
ereke_enu
Тек мектеп оқушылары емес, ЖОО, колледж студенттері, жалпы, кез келген бағдарламалауға қызығушылығы бар кісі келе берсе болады. Қазан айында топтарға бөліп, сабақтар басталады.
ereke_enu
Клубқа мүшелікке қабылдау қазан айына дейін жалғасады! Студенттер, оқушылар, кез келген жастағы кісі қатысқысы келсе мына АНКЕТАны толтыруы қажет. Толығырақ smartdev.kz
Abylai
ал мен мынаны енді оқып жатырмын :)
ereke_enu
Бұл жерде шүкір ғой. Әйтеуір, бар. Ар жақта бәрі келісіп алған ба ваще үн жоқ)) Түсінбедім.
Abylai
Мүмкін мәтін көп болғасын шығар? Мен неше рет бұл жазбаны ашсам да, осыншама мәтінші көріп кейін оқимын деп жауып тастап жүрдім. Қазір ғана ерінбей оқып шықтым
ereke_enu
рахмет. Шамасы солай болса керек.
ereke_enu
Алдағы жексенбі клуб мүшелерінің алғашқы жиыны өтпек. Еліміздің түпкір-түпкірінен 40 шақты адам тіркеліп қойыпты. Қаншасы келеді екен?)
ereke_enu
Жиырмадан астам адам келді. Мынау өткізілген презентация. Видеосы дайын болмай қалды bit.ly/1dRcAYp
ereke_enu
Бүгін алғашқы сабақ болды. Бағдарламауға қызығушылығы бар кісілер қатыссаңыз болады.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.