Құрлық әскерінің оқу-жаттығу орталығынан 8 сурет

AitaberPress /
Өзімді әскери дүниеден аулақ ұстауға тырысатынмын. Алайда өткен аптада ҚР Қорғаныс министрлігі Қарағандының Спасск кентіндегі құрлық әскерінің мамандарын даярлау орталығына апарамыз дегенінен бас тарта алмадым. Әскерді неге ұнатпайтынымды, неге кішкентай кезімде әскери адам болуды армандамағанымды түсінуге тырыстым. Өзім көрген Спасск Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығындағы қызықтарыммен бөліссем деймін.



Спасск. Қарағанды қаласынан 45 шақырымдай жерде орналасқан оқу-жаттығу орталығының орнында бұрын түрме болған. Еңбекпен түзеу лагері деп жұмсартып айтқанымен, шындап келгенде ол лагерьге ажалы жақын қалғандарды тоғытқан. Тіпті, әскери орталықтың дәл қасында зобалаң жылдарда жерленгендердің қорымы да тұр. Зобалаң жылдардан хабар беретін өлкеде ерік-жігерді шыңдау да үлкен қажырды қажет ететіні сөзсіз.



Әскери оқу. Әскери орталықта ай сайын 100 адам дайындықтан өтеді. Қысқа мерзімді курста теория мен практикалық сабақтар қатар жүреді. Түске дейін теориялық сабақтар болса, түстен кейін полигонда жаттығады. Оқу курсын аяқтағандар әскери мансаптарын жалғастырғысы келсе, бір айдан соң әскери келісімшартқа отыра алады.



Әскери орталық. Құрлық әскерінің оқу орталығы бірнеше шағын ғимараттардан тұрады. Біз демалыс бөлмесінде болдық. Әскерилер өз ішінде «Ленинская комната» дейді екен. Бөлмеде парталар бар. Парта үстінде шахматтар тұр. Сосын бұрышта гитараға көзім түсті. Бұдан бөлек ғимараттың ішінде тренажерный, киім үтіктейтін, шаш қысқартатын және уайым-қайғыны сейілтетін психологиялық бөлме бар. Психологиялық бөлмеде (енді шын әскери аты басқаша еді) тоты құстар, аквариум балықтарына дейін тұр. «Бір айдың ішінде стресске түсетіндер көп емес, сонда да бұған дейін бизнесмен немесе ресми қызметте болған адамға әскери ортаға бірден сіңісіп кету оңай болмасы түсінікті» дейді сол жердегі психолог.



Дүкен. Әскери бөлімшелерде дүкен болады деп ойламаппын. Оқу-жаттығу орталығына кіре берісте әскери дүкен тұр. Дүкендегі ең өтімді тауар печенье екен. Сөреде түр-түрімен тұр. Сосын дүкен ішіне кіріп, шай ішуге де болады. Өзім үш түрлі печенье мен шай алып едім, 200 теңгедей төледім.



Келісімшарт. Әскери оқу-жаттығу орталығында сабақ беретіндердің дені келісімшарт негізіндегі әскери қызметкерлер екен. Тұрақты айлығын алады, ем-домға қажетті шығынды да мемлекет көтереді. Дені отбасылы. Әскерден кейін келісімшартқа қол қойып, әрі қарайғы өмірлерін әскермен байланыстырыпты. Келісімшарт негізіндегі қызметтеріне дән риза.



Тапанша. Әскери оқу-жаттығу алаңына апарған. Үлкен бір алқапты алып жатыр. Бір шетінде мылтық атып жатса, екінші бір шетінде кедергілермен жүгіріп жүр. Енді бір шетінде жылдамдыққа мылтықты шашып, жинап жатса, екінші бір түкпірде снарядтар тасып жүр. Біздерге тапаншадан атуға рұқсат берді. Инструктор бәрін тәптіштеп түсіндірді. Қатты қиын емес екен. Өмірімде қолыма тапанша ұстап көрмеп едім. Айтқандарын орындап атқан кезде, 8-дікке тигіздім. «Дайындықсыз осындай нәтиже көрсетіп жатсың. Сәл-пәл дайындалсаң жақсы мерген шығады» дейді арқамнан қағып.



Танк. Танк пен БМП-ны айдап үйреніп жүргендерді көрсетті. Мен танкке емес, БМП-ға отырдым. Бірақ ішімнен оны танк деп ойлаппын. БМП-ның ішінде суретке түсірермін дегенмін. Сөйтсем, БМП дегеніңе отыру мүмкін емес. Жүрген кезде ішіне шаң толып, әрлі-берлі секіртеді. Қай темірден ұстап отыратынымды әзер таптым. Ішінде отырғанда бойыңды үрей билейді. Себебі қашан селкілдеп қозғалатынын білмейсің. Оңнан солға, төменнен жоғары қарай ұрып тастайды екен. БМП ішіне отырғаннан гөрі жүргізген жақсы шығар деген ойда қалдым. Ал танкінің ішінде болған әріптестерім «Тамаша. Бірқалыпты жүреді екен» десіп жатқан.



Кәсібилік. Қазақстан әскері туралы сөз қозғалса, оның кәсіби еместігі бірінші кезекте ауызға алынады. Алайда өз басым әскери реформа жасалып жатқандығына, бірте-бірте Қазақстан әскері тұтастай келісімшарт негізіндегі әскерге өтетінін қолдаймын. Түптеп келгенде бұл әскери реформа болашақта әскери салада кәсіби мамандар болатынына, қызметкерлер енді міндеттеп, күштеп емес, өз еркімен шын ұнатқан жұмысы тәрізді таңдай алатынына кепіл болады екен. Әрине, дәл қазір сынап-мінейтіндер болар. Әрі сын да орынды болатын шығар. Бірақ өзгерісті қазір бастамаса, қашанға дейін әрнені сылтау қылып, соза бермекпіз?..



Жауапкершілік. "Әскери әлем — қатал. Ол жерде мейірімге орын жоқ" деп ойлайтынмын. Әрине мен барлық әскери өмірді көрдім демеймін. Екі жылдық әскери кафедраны ғана көрдім. Соның өзінде әскерилердің арасындағы өзара қарым-қатынасы, өз істеріне деген жауапкершіліктері, өз ара сенімнің болуы шынымен қызықтырады. Әскери ортада әрқайсысы бір-бірін тыңдағанда, ортақ ережеге бағынғанда ғана нәтижеге қол жеткізетінін түсінеді. Сондықтан бір-бірінің алдында адал болуға тырысады. Әрқайсысы өз ісіне тиянақты болуға барын салады. Біздің қазіргі қоғамда адамдарға сол өз өзара сенім жетіспейтін сияқты.

Пысы. Кетер кезде, біздерді қабылдаған оқу-жаттығу орталығының басшысымен танысып, рахмет айту үшін бас сұққан едік. Офисінің алдында Сағадат Нұрмағанбетовтің құрметіне осындай бұрыш әзірленіпті. Әскери әлемде де мейірімге, құрмет пен сенімге үлкен орын бар. Кішкентай кезімде осы жайттар көп айтылмағандықтан әскерге қызықпаған екенмін-ау… деген тоқтамға келдім.

1 пікір

Jako
Жақсы жазылыпты.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.