Әскери кафедра оқуы бірінші курстан басталмақ

AitaberPress /
Өткен апталарда Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-полковник Жасұзақов Сәкен Әділханұлы блогшылармен кездесіп, сауалдарына жауап берген еді. Сұхбатта айтылған ойлар елімізде жасалып жатқан әскери реформаға қатысты. Әрбір азаматтың әскерге қатысы бар болғандықтан, Yvision.kz блогындағы Альбина Түсіпбаеваның мақаласын ықшамдап, назарларыңызға ұсынып отырмын.

AitaberPress: Айтабер! - танымдық блогтұғыры: Әскери кафедра оқуы бірінші курстан басталмақ

Келісімшарт негізіндегі әскери қызметке көшуге не түркі болды?


Қазақстанның қарулы күштері аралас тәсілмен жасақталуда. Мерзімді әскери қызметте жүргендер мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметкерлердің арақатынасы бірдей емес. Еліміздегі әскерде жүргендердің 65%-ы келісімшарт негізінде қызмет етсе, 35%-ы мерзімді әскери қызметте. Біз қазақ әскерін кәсібилендіруге бет бұрдық.

Қазақстанның қарулы күштері ықшам, кәсібилігі мықты және соңғы әскери техникамен жасақталуы керек. Бұл — заман талабы, себебі әскери әрекеттерді орындау дағдысы өзгеріп отыр. Егер бұрындары әскери ұрыстарда сан маңызды болса, қазір саннан гөрі жаңа техника, қару-жарақ пен технология үлкен маңызға ие. Заманауи қару түрлерін тез игере алу үшін жоғары кәсіби білімі бар мамандар қажет. Мәселен, жаңа қағидаларға негізделген электронды қаруды арнайы білімі, кәсіби дайындығы бар маман басқаруы керек.

Биылғы күзде мерзімде әскердегі 6 мың сарбазды қайтарамыз. Бірақ келесі жылы бар болғаны 1,5 сарбазды әскер қатарына шақырамыз. Әрі олар танк жүргізушісін, байланысшыларды оқытатын әскери оқу-жаттығу орталықтарына жіберіледі. Осылайша әскеріміздің кәсіби деңгейін жоғарылатуды көздеп отырмыз.

Сонымен қатар бұрын әскерде болмағандарды Әскери-техникалық мектептерге шақырудамыз. Ол жерде азаматтарымыз әскери ант қабылдап, арнайы дайындықтан өтеді. Нәтижесінде бұл мамандар стратегиялық резерв тізіміне енбек. Биылғы жылғы Әскери-техникалық мектебіміз алғашқы түлектерін сәтті шығарып салды. Келесі жылы қабылдаушылар санын ұлғайтпақ ойымыз бар. Әрбір аймақтағы оқу орталықтарында да бұрын әскер қатарында болмағандарды дайындау жұмыстары жүргізілмек. Яғни, қосымша әскери дайындық жұмыстары атқарылады.

Қазақстан әскерін толықтай кәсібилендіру жұмысы қай жылы аяқталмақ?


Бұл шараны 2014-2015 жылдары аяқтасақ деп отырмыз, алайда 1,5 мың адамды әскери оқу-орталықтарына шақырып тұрамыз. Егер шақырылған адамның жоғарғы білімі болса, мерзімді әскердің 6 айынан кейін келісімшарт негізіндегі әскери қызметке өте алады. Ал орта және арнаулы орта білімі барлар бір жылдан кейін әскери келісімшартқа қол қоя алады.

Тұтастай алғанда Қорғаныс министрлігінің есебі бойынша шамамен 12 мың сарбаз мерзімді әскери қызметін өтеп жүр. Биылғы күзде оның 6 мыңын қайтарып, 1.5 сарбазды шақыртамыз. 2014 жылдың күзінде тағы да 6 мың сарбазды қайтарып, 1.5 сарбазды шақыртпақпыз. Бұл мың жарым сарбаздың санын уақыт өте 500-ге дейін азайтамыз. 2016 жылы қазақ әскерінің 99%-ын кәсіби сарбаздар құрайды деген ойдамын.

Жоғары жалақыдан бөлек келісімшарт негізіндегі сарбарздарға тағы қандай артықшылықтар қарастырылған?

Әскерде он жылдай қызмет ете жүріп, баспаналы бола алмағандардың пәтер ақысын өз мойнымызға аламыз. Бұл жоба қазір орындалып жатыр. Екіншіден, барлық жерде бірдей пәтер жалдау мүмкін емес екенін түсінеміз. Сондықтан шалғай гарнизондарда оңай құрастырылатын құрылыс материалдарынан тұрғын үйлер тұрғызылуда. Бұл бір қабатты ғимараттар қатардағы сарбаздарға арналмақ. 48 шаршы метрлік ауқымы бар, екі бөлмелі пәтерлерді салу да қарастырылып жатыр. Келесі жылы шалғай гарнизондарда осындай 500 үй салып, 2015 жылы құрылыс жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз. Осылайша сарбаздарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешпекпіз.

Бұдан бөлек үлкен гарнизондар мен қалаларда құрылысы тұралап қалған үйлерді аяқтау да қарастырылған. 2017 жылға қарай тұрғын үй мәселесіне нүкте қойсақ дейміз.
Үш жылға жоспарланған бюджетте жалға берілетін пәтер мен жаңа тұрғын үйлер үшін ақша қарастырылып қойғанын да баса айтқым келеді.

Әскерді кәсібилендіру үшін әскерді қайта жасақтау қажет екенін түсінікті. Әскерилердің қай категориясына басымдық беріп отырсыздар?

Негізінен сержанттарға иек артпақпыз. Сержант – әскердің темірқазығы, төменгі әскери мамандардың жол бастаушысы. 1996 жылдан бері елімізде кәсіби сержанттарды дайындайтын кадет корпусы жұмыс істеуде. Сонымен қатар біз келесі жылы Щучинск қаласындағы Ұлттық Қорғаныс университетін Астанаға ауыстырмақпыз. Оқу орнын 1 шілдеде ашып, 2014 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап офицерлеріміз Астанада оқиды. Сонымен қатар кадет корпусын кеңейтіп, санын ұлғайтпақпыз. Болашақта сержанттарымыз әрі қарай білімін кеңейту үшін Сержанттар Академиясын немесе Институтын құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.

Кейбір офицерлік шендерді сержанттық деңгейге ауыстырамыз. Яғни, әскердегі сержанттардың санын ұлғайтуға күш жұмсап отырмыз. Штаб сержанты деген қызметті енгізіп отырмыз. Олар бұйрық беру, бұйрықты әзірлеумен айналысады. Қазір бұл жұмыстарды майорлар атқарып отыр.
Нәтижесінде сарбазды дайындау жұмысымен толықтай сержанттар айналыспақ. Ал ротаны басқару, әскери шара кезінде барлық басшылық офицерге өтеді.

Осылайша офицерлік құрамның санын азайтып отырмыз. Себебі дамыған елдердің өзінде офицерлер әскердің 18-19 %-ын құрайды. Бізде бұл 25 % болып тұр. Әскерді басқару үшін бізге бұл офицерлер саны жеткілікті болатынына сенімдімін.

Қарулы күштердің офицерлер құрамы қалай жасақталмақ?

Жаңа заң бойынша Жоғарғы оқу орнының әскери кафедрасын бітіргендерге офицерлік шен тағайындалатынын білетін боларсыз. Біз енді әскери кафедраның оқуын үшінші курстан бастап емес, бірінші курстан бастап енгізбекпіз. 4-5 жылдың көлемінде студент әскери дайындықтан өтпек.

Үшінші курстан кейін арнайы емтихан тапсырады. Егер емтиханды сәтті тапсырса, офицерлік шенді алу үшін оқуын әрі қарай жалғастырады. Егер емтиханнан өте алмай қалса, сержант болып қалады. Осы офицерлердің негізінен ерікті түрде кадрлық қызметке шақырып, әскери аудармашылар, қаржыгерлер, заңгерлер мен материалдық-техникалық қамсыздандыруға жауап беретін офицерлерді әзірлейміз. Ал әскери оқу орындарында әскер ұжымдарын жасақтауға көңіл бөлеміз.

Сондай-ақ ұшқыштарға да назар аударып отырмыз. Биыл авиация орталығына «Жасұлан» оқушыларын қабылдадық. Ұшуға 60 сағат уақыт бөлдік. Сол балалардың 15-і биыл Ақтөбедегі әскери институтқа қабылданды. Осы тәжірибені жандандыру үшін Арыстан мен Б.Момышұлы атындағы мектептердегі даярлықты пайдалана отырып Алматыда болашақ ұшқыштарды дайындау орталығын құрмақпыз. Қаржы мен уақытты үнемдеу үшін сәл де болса әскери білімі бар жастарды оқытуды жөн санап отырмыз.

Сұхбаттың түпнұсқасын yvi.kz сайтынан оқи аласыз.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.