«Шырайлым – Шұбайқызылым!» атты жас қаламгерлердің республикалық байқауы

AitaberPress /
Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас аудандық әкімдігі ОҚО мәдениет басқармасымен, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалымен және «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорымен бірге «Шырайлым – Шұбайқызылым!» атты жас қаламгерлер байқауын жариялайды.
«Шырайлым – Шұбайқызылым!» 2013 жылғы көктемде облыстық байқау ретінде өткізілген болатын. Биыл республикалық деңгейге шығарылып отыр. Байқаудың мақсаты – Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» деген қағидаға орай, туған жер табиғатының ерекшеліктерін, «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атанған алтын құрсақты аймақтың айрықшылықтарын жас қаламгерлер шығармашылығы арқылы айшықтауға, жас өскін таланттарды ынталандырып, жас ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге атсалысу.
Тарихтан аян, ХІХ ғасырда Қаратау мен Алатау, Қазығұрт, Ақсу-Жабағылы, Шұбайқызыл қызғалдағын сырт елдерден жеткен зерттеушілер Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы деп атап, әлемдік ғылымға солай еніп кеткен.
Түлкібас (Түркібасы) төрінде Шұбайқызыл атты теңдесі жоқ шоқы бар. Көктемде Шұбайқызылды Қазақ қызғалдағы тұтас көмкереді. ХІХ ғасырда қарашекпенділер қаптағанда оны «Красная горка» атандырған. Жергілікті бір шайыр: «Шырайлым – Шұбайқызылым! Құзғындар көрген қызығын. Жанымай жотам – жасылым! Жүдегеніңе жасыдым...» деп күйінішті өлең өрген. Тіпті 2012 жылы Шұбайқызылда өткізілген республикалық фотосеминарда да, соған орай аудандық, облыстық, республикалық БАҚ-тарда да Красная горка және Қызыл төбешік деп жазылды, айтылды. Шұбайқызыл аты мүлде ұмытылып кеткен.
«Шырайлым – Шұбайқызылым!» республикалық байқауына қатысатындардың 14-29 жас аралығында болуы міндетті. Жас талап ақындар бір өлеңімен, жас талап прозашылар бір қысқа әңгіме немесе бір шағын суреттеме-толғамымен қатыса алады. Өлеңдер мен прозалық шығармаларда негізінен Оңтүстік өлкесінің, оның ішінде Түлкібас (Түркібасы) аймағының таңғажайып табиғаты, Қазақ қызғалдағы, Қаратау мен Алатау, Қазығұрт қызғалдағы, Ақсу алауы, Жабағылы жалауы, Шұбайқызыл шырайы аталуға тиісті қайран қызғалдақ пен сарғалдақтың Голландияға әкетілген қазақ қызындай тағдыры, бүгінгі замандастардың туған жерге, тәуелсіз елге деген перзенттік сүйіспеншілігі терең тебіреніспен, озық оймен, жаңашылдықпен, құнарлы көркемдікпен бейнеленуі тиіс.
Өлең көлемі 3 беттен (14 кегель, 1,5 интервал), қысқа әңгіме немесе шағын суреттеме-толғам 4 беттен аспауы керек. Бұрын жарық көрген шығармалар байқауға қатыстырылмайды. Қазылар алқасының сараптауы нәтижесінде жүлделі орындарға лайық деп танылған туындылардың авторлары 2014 жылғы 12 сәуірде ОҚО Түлкібас ауданының орталығы Тұрар Рысқұлов ауылына, «Шырайлым – Шұбайқызылым!» мерекесіне шақырылады. Жеңімпаздар мен құрметті меймандар Шұбайқызылға саяхат жасайды.
Шығармалар компьютерге үш дана етіп басылып, электронды нұсқасымен және авторлар құжаттарының көшірмесімен қоса 2014 жылғы 31 наурызға дейін мына мекенжайға жолдануы қажет: 160011, Шымкент қаласы, Т. Орынбаев көшесі, 21 «а» үй, ОҚО мәдениет және халық шығармашылығы орталығы. «Шырайлым – Шұбайқызылым!» республикалық байқауына. Телефон: 8 (7252) 53-07-18, 53-08-37. Эл. пошта: Ock_nt@mail.ru
Мынадай жүлделер белгіленеді:
Бірінші жүлде (біреу) – 100 000 теңге;
Екінші жүлде (екеу) – 70 000 теңгеден;
Үщінші жүлде (үшеу) – 50 000 теңгеден.
ОҚО мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі.
ҚЖО ОҚО филиалының арнайы жүлдесі.
«Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының арнайы жүлдесі.
Байқау жеңімпаздарына тиісті Дипломдар тапсырылады. Жүлдеге ие болған туындылар «Шамшырақ», «Оңтүстік Қазақстан», «Дөңгеленген дүние» газеттерінде және «Қазығұрт kz» журналында жарияланады.

Ұйымдастыру алқасы.

1 пікір

AbylaiEsimbai
Игі шара екен.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.