Бала туралы

Қазақ салт-дәстүрлері /
Қазақта бала деген бір-ақ ұғымды білдіретін сәби, нәресте, бөбек деген сияқты сөздер өте көп. Бір ұғымға осыншама мағына беру қазаққа не үшін қажет болды? Біздің ойымызша, бұлардың ешқайсысы да бекер пайда болған жоқ. Бір кездері бұл сөздер адамның, баланың жасын білдірген. Уақыт өте келе халықтың жаппай сауаты ашылып, санау пайда болған кезден бастап бұл сөздер бастапқы мағынасын жоғалтып, бір ұғымның мағынасын жоғалтып, бір ұғымның баламасындай боп кеткен сияқты. Сонымен…
Шарана – қырқынан шықпаған бала.
Нәресте – қырқынан шыққаннан бастап екі жасқа дейінгі бала.
Сәби – екі жасар бала.
Бүлдіршін – үш-төрт жас.
Бөбек – бес-алты жас.
Балдырған – жеті-сегіз жас.
Сөздік қорымыздағы бөпе, балақай сияқты, т.б. сөздер баланы еркелетуден туған сөздер деп есептедік. Бөпе деген әлі аяғы шықпаған, көбіне-көп құндақтағы нәрестелердің ортақ атауы іспеттес, ал балақай сөзі жүріп жүрген, тілі шыққан балаға қатысты айтылады.
Жеткіншек – тоғыз-он жас.
Ұл-қыз – балиғат жасына жеткеннен кейін баланы ұл-қыз деп, жынысына бөліп айтады.
Жасөспірім – он бір-он бес жас арасындағы ұл.
Балғын – осы жастағы қыз бала.
Бозбала – кәмелет жасына жеткен он алты-он сегіз жасар ұл. Ұлдың ұлан аталатын кезі де осы уақ. Отан қорғау ісіне жарап қалған шағы.
Бойжеткен – осы шамадағы қыз бала.
Қазақ бала жастағы өмірді балалық шақ деп атайды. Одан кейін жастық шақ келеді. Одан әрі ересек өмір басталады. Ересектер әйел-еркек деп бөлінетінін бәріміз білеміз.
Ер адам бозбаладан кейін жиырма-отызында ересек өміріндегі жігіттікті бастан өткереді. Одан әрі отыз бен қырықтың арасы – ақыл тоқтатқан жас, қырықтан әрі – жігіт ағасы (халық арасы қырма сақал деп те атайды), ер жетеді. Одан әрі шал, қарт, қария болып кете береді. Яғни, адам кәрілікке бет бұрады.
әйел адамның жасы бойжеткеннен кейін көбіне-көп әлеуметтік жағдайына қарай айтылады. Келіншек – әйел – сарықарын – бәйбіше – кемпір – кейуана. Кейуана десе жүзге жақындаған, жүзден асқан, көргені көп, әжімді аналар көз алдымызға тұра қалады. Ал тұрмыс құрмаған, оң жақтағы қыздың бәрін қазақ кемпір болғанша қыз дейді. “Қыздың жасын сұрамайды” деген сөз халықта бұрыннан бар.
Ал жалпы қазақ адамның екі жасы бар деп те айтады. Адам өмірінің ұзақтығы 120 жыл деп қарап, алпысқа дейінгі кезең – бір жас, алпыстан кейін – екі жас деген де ұғым бар. “Екі жастың бірін жасамай жатып”, “Екі жастың біріне жетпей” деген халық сөздері содан қалған.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.