Балалық шақ қой, баяғы-2

Күле отырайық /
Бала кезімде әкеміз таң атар-атпастан оятып алып, күн шуағымен жарыстырып көп жүгіртетін. Неше түрлі олимпиада жеңімпаздарының өмірбаянын айтып қызықтырып, неше түрлі армандарға ұмтылдыратын. Мықты желаяқ болуды армандайтынмын. Менің ауылым — Жалағаш, нағашылармның ауылы — Қармақшы, арасы 72-74 шақырым болатын. Сол екі ортаны жүгіріп өткім келді. Әрине, бұл ойымды айтып үйдегілерден сұрансам жібермесі анық. Ойланып жүрдім біраз күн. Әкемнен бір күнде адам қанша жер жүгіріп өте алатынын сұрағанымда бірнеше атақты желаяқтың өмірінен үлгі етіп, небір ерлікке татырлық желаяқтар жарысын дәйекке келтірді. Кейінірек өзім де бір спорттық бюллетеннен тәуліктік жүгірістен еңбек сіңірген спорт шеберінің нормативы-300 шақырым екенін көзім шалды. Әкемнен ашық барып тағы сұрадым: "Әке, мен де сондай бола алам ба?"-десем, "Әрине, сен олардан да биіксің, олардан да жылдам боласың"-деп қанаттандырып жіберді. Әкем бапкер болғасын, баланың спортқа деген ынтасын арттыруда еш жалықпаған және еш күмәнсіз әр баланың ұмтылысына демеу бере білген жан еді, әлі күнге дейін солай. Ол кісінің сөздерін тым әсерлі қабылдаған мына мен батыр тура ертеңіне жолға шығамын деп шештім.
Ертеңіне еме әлде бір-екі күн өткізіп пе, таң ата ерте тұрып алдым. Көзім бақырайып ұйқым да келер емес. Содан, не керек, әрі-бері мазасызданып жүрдім не істерімді білмей. Шықсам Қармақшыға жететініме сенімдімін, мазалайтыны — осы ісім үшін таяқ жейтінім анық қой, соны ойлап жүрмін. Бір кездері әйтеуір тәуекелге бел буып, көшеге сытылып шықтым. Шыққан бойда үйлердің арасын тасалап, көзге түспей темір жол бойына жетіп алдым. Сондағы ойым, темір жол әйтеуір Қармақшыға барып тіреледі емес пе, адаспай жетуіме сол себеп болар дегенім ғой. Темір жолдың да тармақталатыны туралы ойланбаппын. Темір жолға түсіп алып тартып келем әйтеуір. Сол кезде Шәменов деген ауылдың да турасынан асып кетіппін, бірнеше разъезд артта қалды. Күннің көзі де мынау қай бала деп бетім қарағысы келгендей қапталымнан озып шығып алдыма түсе бастады. Біраздан соң мынадай қызық оқиға болды:
Алдымнан қой баққан шопан кісі шықты, қасында иті де бар екен. Иті қауып алар деп қауіптеніп, темір жолдан тайып манадан бері жағаласып келе жатқан көлік жолына түстім жан сауғалап. Әлгі кісі мені қол бұлғап шақыра бастады. Иті мені байқаған бойдан тарпа бас салғысы келгендей түр көрсетіп, шаба жөнелді. Қорыққанымнан тұра қалдым. Егесі де «жат, ай, жат»-қа басып келеді. Бақытыма орай, иті сабаға келіп, егесі де қасыма келіп үлгерді. Аман-саулық сұрасып, жөнімді білгісі келген сыңай танытты. Оған шынымды айтсам "қой кері қайт" деп, тыйып тастар дедім де, өтірік бірдеңені құрастыра салдым, анығын есімде сақтамаппын. Ол кісі де бірдеңені іші сезгендей «осы маңда қасқырлар қаптап жүр білесің бе?» деп үрейлендіріп қояды, ішімнен біліп тұрмын ғой онысын, әшейін сыртыммен ғана «Мәә, рас па?» деп қоямын. Сәл-пәл әңгімелесіп тұрдық, бір кездері қызыққа беріліп кеткенімді өзім де байқамай қалыппын. Әлгі кісі сәл отыра тұруымды өтінді. Келісімімді бердім. Дәл сол мезеттен әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Қатты ұйықтап кетіппін. Оянсам қой да жоқ, қойшы да жоқ. Күнге қарасам уақытым озып кеткен екен. Әрі қарай бара берсем қара түнге қалатынымды түсіндім де артқа қайттым. Қайтып келе жатып таяқ жейтінімді де мойындап, тағдырымнан қашпаққа ұмтылдым)) Темір жолдың оң жағында менің үйім болса, менің бұрылған бетім туысқан ағамның үйі — сол жақ бетінде еді. Барған кезде тым қараңғы басып та үлгерді. Шәй ішіп отыр екен барсам:"Өзің жүрсің бе?"-деп сұрады, — Не шаруамен жүрсің?
-Жәй.
-Түнде жәй жүре ме екен бала?
-Інілеріме әліппе үйретейін деп келдім. /4-5 жастағы екі інім бар еді сол үйде/
-Ііі, жарайсың, кел шай іш, — деп, дастарханға отырғызып астан берді де кейінірек күні бойғы шаршағаным байқалып көзім ілініп кетіпті.
Ештеңеден хабарым жоқ, ертеңіне таңғы асқа келіп жайғасып отырсам көкем бетіме қарап шиқатып күле береді. Сөйтсем, үйдегілер мені күні бойы іздеген екен. Сыныптастар, алыс-жақын дос-таныстар, милиция, құмалақшыларға дейін хабар беріпті менің жоғалғаным жайында. Сабылып іздеп, ақыры болмағасын ауылдың келесі бір шетіндегі туысқандары есіне түсіп, түннің бір уағында үлкен ағам досының мотоцикліне мініп, екеулетіп мен қорылдап ұйықтап жатқан үйге келіпті. Бір теуіп оятып алып кетпек болған екен, онысына көкем жол бермепті. Бұл жайында айтқан жоқ әлі. Күлкісі сол жұмбақ күйінде мен үшін. Керемет сыр бермей жүрмін емес пе, не үшін күле береді?

-Жүр, стадионда жүгіруден жарыс болып жатыр екен, қатысасың ба?-дегенде қуанып кеттім. Еш ойланып жатпастан келісе кеттім. Сәтіне орай, үстіме кеше онсыз да жүгіретін киімдерімді киіп шықтым емес пе, оның үстіне, жақсы жүгіріп қоям, мүмкін, жүлделі орын алармын деп үміттендім. Сөйтіп, көкем екеуіміз стадионды бетке алып жаяулатып тартып келеміз. Бір кезде барып есіме тарс ете түсті. Ойбай-ау, осы стадионда жүгіруден жарыс болып жатса, ол жерде міндетті түрде әкем жүреді емес пе? Ұсталды деп осыны айт. Ойланып келе жатқанымда алыстан әкемнің өзі де шыға келді. Теріс қарап жолдың шетіне тұра салдым. Мүмкін, көрмей қалар не тіпті, танымай қалар деп қиял үміттеніп тұрғанымда дәл алдыма келді де "Әкеңмен амандаспайсың ба?"-деп жылы қана сұрақ қойды. Күткенім басқашалау еді. Еш ұрыспай, жарысқа қатыстыра салды. Сол жарыстан бірінші орын олжаландым да сағат ұтып алдым/әлде ваза ма еді/. Сыйлығымды құшағыма қыстырды, үйге қайтарып жіберді де әкем өзі жұмыстарымен қалып қойды. Алдын-ала қатаң ескертіп қойса керек, үйдегілер менің жоғалғаным жайлы бір ауыз да сұрамады.Тек бірнеше күн өткеннен кейін барып тетелес өскен ағам анамның ерекше бір қатты уайымдаған кезі сол болғанын айтты.

ҚТҚ/МТҚ: Еш өзгертусіз, қосусыз жеткізілді. Барынша болған оқиғаны тура жеткізуге тырыстым.
Одан кейін де талай корсстар, марафондар артта қалды, дегенмен, сол бір сапарымның есімнен кетуі екіталай.

11 пікір

zhurttyn_balasy
жЪладым. Рыс айтам, керемет, шынайы жазылған (Айсара сәлем!). «Баяғыда сәбет үкіметі кезінде» деп басталатын оқиғалардың алы болды мынау. «Беги Форрест, БЕГИИИ!» ©
Ais_97
Жұрттың баласы Айсара сәлем дегеніңіз кімге жазылған? Мағанба?
rauan
ойлау қабілетіңізге базар жоқ ))
AKA
Керемет! Спорт жолы бала кезден басталыпты, ризамын. Жаза түс!
Ademi
Кез келген тығырықтан шығарады, Құдірет. Керемет жазба! Неше түрлі «приключениені» өткерген екенсіз. Күнде жазып тұрсаңызшы....ұзаааақ болсыншы, бітпейтін.
Karakulov
Рас айтасыздар ма? Мәссаған + 17-ге жетіпті! Менің күткенім +4-5 еді. Қуанып қалдым, рас. Өзім де оқып көрейінші дұрыстап)))
Ademi
Әрине! Көп нәрсе алуға болады жазбаларыңыздан… Келесісін қашан оқи алам?
maulen
керемет, жақсы тақырып, көп адамдардың ойлай бермейтін тақырыбы!
Karakulov
a biz enwe sol takirippen kowtasa almai jurmiz ali))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.