Досты сағынғанда

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /
ДОСТЫ САҒЫНҒАНДА
Дей алмаймын, көңілім шуақты еді…
Бәрі, бәрі жайында сияқты еді.
Ажырамас дос едік егіздейін,
Алыстатып алдым-ау бір әттеңі.
Кінәлай да алмаймын бірақ сені…

Арадан қыл да өткен жоқ.
Қыз да өткен жоқ.
Уақыт болса сырғуда күз, көктем боп.
Мына күйбең тіршілік мұрша бермей,
Бір кездегі досыңды іздеткен жоқ.
Іздей салсаң қайтеді «бірге өскем» деп…
Көп болды.
Өзіңменен тілдескем жоқ,
Достықтың заңы мәңгі үндескен жоқ.

Іздегің де келмейді-ау.
Бар ма амалым?
Өткен күн елесіне алданамын.
Бірге жүрген күндерді бір кездегі,
Сен қалай сағынбайсың?
Таң қаламын.

Өткен күн қазіргіден әдемірек,
Бір еді екеумізде бала тілек.
Есіңе де алмайсың Құдай білер,
«Шіркін-ай, сондай досым бар еді» деп…

Адамға ыстық болар бала кезі,
Жақсылап берсін Алла сананы өзі.
Достықтың жайы солай болып жатса,
Бұл өмірде мәңгілік не бар өзі?

5 пікір

yesbolat83
Досымды сағынып жүрмін. Ол Ақтауда, мен басқа көктауда. Оны ренжіткеніме өкініп отырмын.
Jako
Жақын досымның бұл өмірден озғанына бір жылдан асты, бірақ телефон нөмрін әлі өшірген жоқпын соткамнан. Қоңырау шалатындай алаңдап отырамын,қайран дос.
yesbolat83
Жаныңа жақын жандардың жаныңнан кеткені қандай өкінішті. Еш шарамыз жоқ.
ulzhankzz
Әдемі)
Jazko
мендегі сезім дәл содай
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.