***

Тағы да күз…
Еңсені басқан ауыр мұң…
Түсінбедім, жүрек, тағы да неден ауырдың?!
«Жапырақ жүрек жас қайың» жаныңды ұқпай,
Сезімнен бөтен әлде сен тағы жаңылдың?!

Тағы да күз…
Еске алдырар өткенді…
Жасыл жаз бен сол бақытты көктемді…
Ішім құса, қорғасын жан аямай
Жүректен құр өшін алып сөккен-ді…

Тағы да күз…
Тағы да сол мұңды жыр
Құйылып жапырақтай жаяды сыр…
Жалғыздық еншім емес, жырым – сыңар,
Сеземін бір көктемнің төгерін нұр...!

Тағы да күз…
Баяғы сары ала таң…
Сары ой, сары күндер жылжып аққан…
Сары уайым жібермейді-ау тұншықтырып
Жапырағын жерге қимай талға ұқсаған…

Тағы да күз…
Тағы да ашық күнді
Күтемін, шыңдап алып төзімімді…
Күтемін, келер көктем ғашық үнді
Жеткізер құлағына Тәңірімнің!

Тағы да күз…
Тағы да сар далада
Жүргендей сезінемін болып қапа…
Сағымдайын бақытым елестейді
Қонса қонар…
Қонбаса сағым ғана…

Тағы да күз…
Тағы да өлең аяқталмай,
Қала ма деп қорқамын, бақ бұрылмай…
Махаббат, өмір – Алланың жаратқаны!
Жүрекке сезім құйса, шыдар қалай?!

Тағы да сол ауыр мұңды көтерген
Миым менің…
Көтере алман енді мен…
Бір үмітім тозаңның салмағындай
Бар еді…
Әлі де бар…
Көтерші әлем!

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.