МӨП-МӨЛДІРІМ

Сан алуан көмейінде сыр бұғатын,
Жаныма жалау болып тұр мына түн.
Жыр жазып отыр міне, саған арнап,
Сезімнің тереңіне сүңгіп ақын.

Тылсым түн тылсым мұңды тағы ұсынды,
Өзіңсіз шабытымның сағы сынды.
Шіркін-ай, мына мөлдір тыныштықта,
Мен сенің естісем ғой дауысыңды.

Жаныма жыр сыйлаған көктем гүлім,
Әлемді шарлап маған жеткен нұрым.
Жиылып сан мың Жұлдыз Ай бола алмас,
Мен сені Айға ұқсатам мөп-мөлдірім.

* * *

Қиялым саған беттер қанаттанса,
(Шын сезім көнбейді ғой талапқа онша).
Кім білер, сен бақытты жан шығарсың,
Түнімен жыр жаздырар таң атқанша.

Білмеймін, шырмайды ма ессіз желік,
Шаршаймын кейде тіпті қатты ізденіп.
Жазайын десем-дағы әдемілеп,
Өлеңім шығады ылғи сәтсіз болып…

Асықпай баяу ғана сырғы, уақыт,
Тізейін шер тарқатар жырды жақұт.
Ысырар ақ таң келіп түн пердесін,
Таптырмай жатқан шақта түнгі бақыт.

… Тұралап, бүгін тағы ой іркілді,
Өлеңім осы, жазған қою түнгі.
Көрініс табатұғын жырларымнан,
Билеген бұл — бір сезім ой-ырқымды.

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

1 пікір

maulen
Тамаша жарайсыз, жырыңызда, өзіңіз де жасай беріңіз! Мына жері қатты ұнады.
Кім білер, сен бақытты жан шығарсың,
Түнімен жыр жаздырар таң атқанша.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.