КӨП НҮКТЕ

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /

Қиындықтар бой бермей жеңдіртпеген,
Кедергілер қарсы алар мен күтпеген.
Жауап іздеп жатады сауалыма,
Аяқталып жырларым көп нүктемен.

Шақтарым көп сананы сергітпеген,
Арсыз мұңнан шаршаймын мен бітпеген.
Жырларыма қойылмай леп белгісі,
Аяқталды бүгін де көп нүктемен.

Қуаныш пен қайғысын тең жүктеген,
Сансыратар бұралаң жол бітпеген.
Мәресіне жете алмай сан ойларым,
Аяқтала береді-ау көп нүктемен.

Мақсаттарға жеткізбей мен діттеген,
Аяқталар сан сапар көп нүктемен.
Тұсау салып аттаған адымыма,
Жалған дүние, жорғадай желдіртпеген!

Сыйлайтұғын бақыты көп Тәңірдің,
Түсірмейін көңілге босқа кірбің.
Бітеріне сенемін леп белгімен,
Өмір атты сан тарау соқпағымның!

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

2 пікір

zhangul
Жарайсың! Жақсы жазыпсың
kamilaabayeva
шыныменде, шебер жазылған!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.