"Сатып алуға" болатын сұлулық

Қызықты деректер /
Қызықты деректер: Сатып алуға болатын сұлулық
Бүгінде сатылатын тауар да, қызмет те көп. Қалтаңыз қалың болса сұлулықты да «сатып» аласыз. Ия, кәдімгі сұлулықты. Қалай дейсіз бе? Әрине пластикалық отаның көмегімен. Сұлулыққа қалайда қол жеткізгісі келетіндер кімдер?
Қазірде «еуроүлгідегі» бет әлпетті қыз-келіншектерді ұшырастыру қиын емес. Қасы, көзі, ерні бір-біріне ұқсайтын нәзікжандылар қаптап жүр. Бәрі де татуаж бен пластикалық отаның арқасында, әрине. Ертеректе әжелеріміз қасына осма жағып қалыңдатып жүретін. Қазір бойжеткендер бар қасын қырып тастап, орнына қас секілді етіп бір сызық түсіруді сәнге айналдырған. Қастан төмен кірпік те жалғанған. Еріннің жиегіне қызыл, қоңыр сызық түсіріп татуаж жасатушылар да аз емес. Беттегі «әрлеу» былай тұрсын, енді артық салмақтан арылу үшін, төсін ұлғайту секілді пластикалық ота жасатушылар да табылады. Бұрындары шетел асып сұлулық қуғандар бүгінде елімізде де түрлі клиникалардың ашылуымен жергілікті хирургтардың «пышағына» түсіп жүр.
– Пластикалық ота реконструктивті және эстетикалық деп негізгі екі түрге бөлінеді, – дейді пластикалық және эстетикалық хирургия орталығының бас дәрігері Эйваз Латипов. – Реконструктивті операциялар көп жағдайда адам келбетінің сыртқы пішінінде туабітті кемістігі бар немесе қоршаған орта салдарынан болған түрлі жарақаттарды жөнге келтіру үшін жасалады. Ал, эстетикалық отаға пластикалық хирургтың көмегімен өз келбетін түбегейлі өзгертуді қалайтындар жүгінеді. Аталмыш операцияға әдетте әншілер мен әртістер құмар екені айтпаса да мәлім.
Алайда осы сәнқұмарлар пластикалық хирургияның зардабы жайлы ойлана бермейтін сыңайлы. Маманның айтуынша, Қазақстанда пластикалық хирургия саласы өз алдына дербес дамымаған. «Ол әр бөлімде белгілі бір мөлшерде адамдардың сұранысын қанағаттандырып келеді. Мәселен, жалпы хирургияның бір бөлігінде күйіктен, жарақаттан қалған тері кемістігін қалпына келтіреді. Ол пластикалық ота болып саналады. Жақ-бет хирургиясында да дәл солай. Сыртқы орта салдарынан болған бассүйектегі өзгерістерді, кемшіліктерді дұрыстайтын осы пластикалық ота. Тіпті онкологиялық хирургияда пластикалық отаның үлесі бар. Бірнеше рет «пышаққа» түскен науқастың сырт келбетіне немесе сүт безіне хирург өзгеріс жасап, қалыпты жағдайға келтіре алады. Нейрохирургияны қарастырсақ мұнда да белгілі деңгейде әсемдік қажет. Науқастың бассүйегіне ота жасалғанда, яғни жүйке жүйесі ғана емес, сонымен қатар бет әлпеті де өзгеріске ұшырауы мүмкін. Ота барысында бастың қалыпты формасын сақтап қайта «тігу» маңызды. Осы тұста пластикалық хирургтердің қолы епті болуы шарт. Демек, медицинаның кез келген түрі плстикалық хирургиямен байланысты. Бүгінде хирургтың «пышағымен» бойындағы кемшіліктен арылғысы келетіндер аз емес» дейді ол.
Пластикалық хирургияның пайдалы жағын да ұмытпаған жөн. Мәселен, жол-көлік оқиғасына ұшыраған немесе өрттен зардап шеккендер түр-әлпетін осы ота арқылы неге қалыпқа келтірмеске? Сол сияқты түрлі экологиялық факторлар әсерінен не болмаса туабітті ақауынан арылғысы келетіндер осы жолмен бет әлпетіндегі, денесіндегі кемшіліктерден құтылуына мүмкіндік бар. Қазіргідей техника, ғылымның қарыштап дамыған дәуірінде мұндай мүмкіндіктердің болуы заңды. Жастығын сақтап қалғысы келмейтін әйел баласы жоқ шығар.
Сонымен ота жасатушылардың ішінде көш бастап келетіндерге тоқталсақ. Ол туралы дәрігер Эйваз былайша әңгімелейді.
– Қуантатыны, келушілердің басым бөлігі сұлулық жолында барын тәрк ететіндер емес. Бірақ, оның өкінішті жағы да бар. Соңғы уақытта сол науқастардың ішінде «қоянжырық», «қасқыр ауыз» сәбилердің көбейгені байқалады. Мен бірінші кезекте келушілердің реконструктивті сұранысын қанағаттандыруға тырысамын. Себебі, баланың толыққанды жетіліп, қоршаған ортаға сіңісуіне сырт келбеті әсер ететіні сөзсіз. Бала өзін қатарынан кем сезінбесі үшін олардың емі кезек күттірмейді. Екінші кезекте сұлулыққа ұмтылғандармен жұмыс жасаймын. Оның өзінде бірінші рет «пышаққа» түскелі жатқан науқастың жасына көңіл бөлеміз. Егер тері тым жас болса ота жасаудан бас тартамын. Ал, жас ұлғая келе бетке ізін салатын қарттықтың белгісіне қатысты біршама өзгертулер жасауға болады. Мәселен, маған келушілердің белгілі пайызы қабақүсті майды сылып тастауды қалайды. Ол қалыпты құбылыс деп санаймын. Әйел кісілер әрдайым сұлу көрінгісі келгені дұрыс деп ойлаймын. Қабақүсті лифтингі мен көз астындағы «мешокты» алып тастағысы келетіндердің қатары көп. Қалқанқұлақ, еріннің пішінін өзгертуді қалайтындар да жиі кездеседі, – дейді маман. Сонымен қатар төсін үлкейтуді қалайтын, бет әлпетінде ешқандай кемістігі болмаса да «ота жасатамын» дейтін бойжеткендер де баршылық.
Жалпы «қоянжырық» пен «қасқыр ауыз» жүктілік кезеңінде анасының ағзасындағы ауытқу немесе түрлі дәрумендердің жетіспеуінен туындайды. Фолий қышқылы жетіспеушілігінен, анемия салдарынан жоғарыда айтылған белгілермен сәбилер дүниеге келеді. Қоянжырық – ауыздан мұрынға дейінгі еріннің үстіңгі бөлігі жырық болып тұрады. Аталмыш кеселдің дамуының тағы бір себебі ретінде болашақ ана атанатын қыз-келіншектердің темекі тартуы, шамадан тыс ішімдік қолдануын, экологиялық факторлар да әсер етпей қоймайды.

1 пікір

zhano_almuhambet
Ал, Сіз не дейсіз?
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.