Ойлар, ойлар, ойлар...

Түн… Үй ішін кернеген тыныштық. Бәрі ұйқыға кеткелі қашан. Төрт қабырғамен қоршалған қараңғы бөлмеде жетім қозыдай мен отырмын өзіммен өзім сырласып. Қалада әлі тыныштық орнай қоймапты. Машиналардың дырылдаған дыбысы қалың тыныштықты бұзып тұрғандай. Енді қайтсін, олар да көз ілмей тіршілігін атқарып жүр, бала-шағаның қамы үшін тырбың қағуда. Қылтимадан басымды шығарып бір қарасам есіктің алды да толған мәшине. Қалада көліктен көп нәрсе жоқ шығар. Дегенмен қала болған соң оған көрік беріп тұратын да осы көліктер болу керек.
Түннің жарымы болса да әлі отырмын, не ойлап отырмын… Адам ішінде жан дүниесіндегіні біреуге нақты етіп жеткізе алмайды екен. Тіпті айтуға келгенде не айтарыңды да білмей қаласың ғой. Тілің күрмеліп болмаса не үшін көңіл-қошыңның болмағанын да ұмытып кетесің. Ал адам қандай жағдайда терең ойға батып өзімен сырласа бастайды, әрине біреумен ренжісіп қалғанда немесе басқа да жағдайлар болуы мүмкін. Менің де жан дүниемде сондай тосын сыйдың болғаны анық. Осындай сәтте бөлмеде жалғыз отырып жастығыңды жасқа малып аласың немесе іштей тынасың. Дәл сол уақытта анаңның «не болды, құлыным» деп ұйқысынан тұрып сені келіп жұбатқанын күтесің немесе түнгі уақытқа қарамай досыңның келіп сырласқанын қалайсың. Дегенмен, олай болмайтын да шығар. Себебі сенің ішіңдегіні олар қайдан білсін. Әйтеуір біреудің келіп ішкі дүниеңді ақтарып, саған көңіл бөлгенін қалайсың. Бірақ қайдан. Сенде ешкімнің шаруасы да жоқ. Қиын сәттерде жаныңнан бәрінің табыла қоймасы анық, ал сенің ішіңде нақты не болып жатқанын, сенің ойыңды біліп тұратын тек Аллаһ қана. Біз, пенделер, Жаратушымызды тек қиын қыстау сәттерде ғана есімізге аламыз, басқа кезде ойымыздан да шығып кететін кездер болады. Ал әрдайым сенің қуанышыңда да, қайғыңда да сырыңды бөлісуші Ол емес пе? Қанша жақын адамдарың болғанмен кейбір сәттерде түсінбейтін кездері де кездесіп жатады, ал дүниеміздегі алай-дүлейді тек Жаратушымыз ғана біліп тұрад. Кез келген жағдайда, тіпті өле өлгеніңше сенің ойыңды оқып отырады. Ал біз осы күнімізге шүкір етуді де ұмытып кетіп жатамыз. Сондықтан, әрбір алған тынысымыз бен атқан таңымызға қанағат ете білейік. Тек басымызға күн туғанда ғана емес, әрдайым, әрбір минут сайын бізді жаратқан Жаратушымызды еске алып тұрайық. Хақ Тағала: «Құлым маған қарай бір қадам жасаса, мен оған қарай жүремін. Ол маған қарай жүрсе, мен оған қарай жүгіремін» деген емес пе? Кез келген пендеге «Мен саған күнде 24 алтын беремін, ал сен маған соның біреуін бересің»десе, адам атаулының келіспейтіні жоқ шығар, шіркін?! Сол секілді Хақ Тағала бізге күнде 24 сағат берсе, соның ең болмағанда біреуін неге Оған арнамасқа?! Өйткені ол сұрағанымызды беруші, қалағанымызды орындаушы, қиын сәтте жанымыздан табылушы мейірім Иесі.

1 пікір

Jako
Жақсы жазылған…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.