Қалай программист болдым? Немесе Sportsman.ConvertToProgrammer();

Өз ойым /
Ассаламуалейкум, айтаберліктер. Мен осы сайтта бұрындары анда санда шимайлап отыратынмын. Бүгін, міне, ескіні есіме алып, сайтта не өзгеріс болыпты деп сәлем беріп, кіріп кеп отқан бетім. Әу баста дене шынықтыру пәнінің мұғалімі боламын деп ұмтылып едім, бүгінде өзгердім, солай істеуге тура келді. Сырт көзге жеке өмірімдегі бір қадам ғана болса да өзім үшін үлкен жаңалық, мамандығымды ауыстырғаным жайлы мына жазбаны назарларыңызға ұсынбақпын.
Жазбаның түпнұсқасы itblog.kz сайтында: http://itblog.kz/blog/42.html
Сонымен, кеттік ал…

Ассаламуалейкум, бауырлар, програмиисттер, сонымен қатар, ӘРІПТЕСТЕР )))
Өзімді таныстырып өтейін: атым Нұрлан, ес білгелі жүгіре бергенді жақсы көремін. Әкем жаттықтырушы болғандықтан менің де спорт жолын таңдағанымды қалайтын. Ауылда алтыншы сыныпқа дейін оқып, жетінші сыныбымды осы Астанадағы Қажымұқан спорт-интернатында жалғастырдым. Онда бес жыл оқыдым: басты назар спортқа бөлінетін де білім жағы айтарлықтай қатты талаппен меңгерілмейтін, стандарттан жоғары болған емес деп жылы жауып қояйын. Ұстаздарыма еш ренішім жоқ бұл үшін, керісінше, олардан тек жақсылық көрдім, өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Толығырақ тоқталып жатпай-ақ қояйын, әрі қарай кеттік…

Күндер зымырап, жылдар жылжып дегендей… интернатты да бітірдік. Мектептегі соңғы оқу жылында алты рет Қырғызстандағы тауларға оқу-жаттығу жиынына бардық. Есептесем, оқу барысының кем дегенде таза бес айын білім алмай, тек жаттығу жасаумен өткізіппін. Қаншалықты білім алғанымды шамалай беріңіздер))) Десек те, өз басым оған еш назар аудармадым, ҰБТ-дан Дене шынықтыру және спорт мамандығының грантын жеңіп алуға жетерлік ұпай жинай алатынымыма сенімді болдым да жүре бердім. Қорқа күткен күнімізге де жеттік. Сынақтан ойлағандай өттім,120-ның 85-ін дәл тауыппын )

Алған ұпайымды алға ұстап Л.Н.Гумилев атындағы Е Ұ Университетінің есігін теуіп аштым (тура мағынасында ұғып қалмаңыз<<<әзіл)
Төрт жыл бойы «ФКСник» болып жүрдік. Кітапханаға үш рет барғаным есімде: І курста кітап алғанда, сол оқу жылының аяғында кітап тапсырғанда және бір рет досымды іздеп барғанда. Университет қабырғасында жүргенде мектептегі білімге қойылған талаптың өте жоғары болғанын ұқтым )

Әйтеуір, не керек, ұйықтап жүріп қалай диплом алғанымды да білмей қалыппын. Бітірген жылы қазанның ортасында астанамыздың беделді бір мектеп-лицейіне жұмысқа орналастым. Екі жыл бойы сонда болдым: дене шынықтырудан сабақ бердім, бастауыш оқушыларын шахматқа үйреттім және анда-санда пікірталас сайыскерлерінің клубына атсалысып тұратынмын. Баламен жұмыс істеген қызық еді, бірақ, мектептің ішкі тәртібін мойындағым келмеді. Оны іштегілер құптай қоймады да ұзақ тұрақтай алмайтыным белгілі болды. Сол кездері «программист болып кетсем ше?» деген ой келе бастады. Осы саладағы бауырлардан қажетті сабақтарды алып, оқи бастадым. Оқыған күнде де қатты табандылық танытпадым, екі-үш күнде бір қарап, бір қарағанда да көп болса бір-екі сағат дегендей… кейде апталап-айлап демалысқа кетіп жүрдім)

Нақты беріліп оқығаным осы жаздың(2013-те жазылған мақала) екі айы болды: шілде, тамыз айларында ауылда болдым, сол кезде өзімнің өлшеміммен айтқанда си шарпты «опырдым» десек болады. Жұмысқа жазғы демалыстан кешігіп келдім. Келгенде бір ұнамсыз жаңалықтар естідім, нәтижесінде, орнымды "өз еркіммен" босаттым. Оқушыдарымды қимағаным болмаса, мектеп ортасынан алшақтағаным еш өкінбедім. Осы күнге дейін жиған білімімді тағы еселей бердім. Сөйте жүріп жұмыс іздей бастадым, әрине, бағдарламалау саласында.

Басында небір «сетевой маркетинг емес, жәй ғана оның бір-екі элементі бар *әлемге әйгілі*, керемет дамып келе жатқан, қызметкерлері айына миллиондап табатын» "ірі-ірі" компанияларға соқтықтым. Олардан аман-есен шықтым. Кейін хеадхантер.кз сайтынан іздеп көріп едім, біраз мүмкіндіктердің шеті көріне бастады. Солардың біріне барғанымда білім деңгейім оларды қанағаттандыратынын айтты. Жұмыс ұсынбас бұрын сынақтан өтуге шақырды.

Алдын ала тексеру үшін берілген тапсырма мынадай екен: .csv форматындағы файлды өзім құрған бағдарламаға жүктеу, бағдарлама арқылы алынған мәліметтерді өңдеп, Деректер Қорына енгізу.
Бірінші рет естіп тұрғандықтан, қорқынышты көрінсе де шын мәнінде оңай тірлік екен.
(ҚТҚ/МТҚ: Қазір сол деңгейімді есіме алсам күлкім келеді)
Оны екі күн шамасында орындадым, ағам, достарымның көмектері зор болды осы кезде. Құрылған бағдарлама жұмыс ұсынушының көңілінен шығып, жұмысқа қабылдандым.

Жазбаның тақырыбын ендігі толық ұққан боларсыздар:)
Айтқым келгені, қай мамандық болмасын, қандай білім деңгейі болмасын, кез-келген адамның бағдарлама құрушы болуына толық мүмкіндігі бар.
Өмір бойы тек спорт деп келіп, шамамен жарты жылда «прогер» болғаныма қуаныштымын, мен үшін бұл мәз болуға тұрарлық жетістік)))

1 пікір

samarhan
Керемет жазіпсыз тұснікті болды менде бағдарламалауға қаты қызғам бұл салада ұлтімз болсын респобләкмыз болсын дамыуы өте байау енді қазақ жастары IT қарай жақындамаса нанымызды өзгелер ұрлапта тартыпта жейді! Қай салада болсын технйка мен білм өз қазақ азаматтарымызда болсын!!! Менше болғанда сіз мамандықты жақсы талдадыңыз тек алға!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.