Дене шынықтыру пәні

Салауатты өмір салты /
Былтырғы қазанның аяғынан бері мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі қызметін атқарып келемін. Оқушы кезімнен аңсаған арманым болғандықтан қол жеткізген бойда барынша тырысуды жөн санадым. Азды-көпті тәжірибе жинағандай болдым. Қуанышқа толы күндерім зулап өте шықты. Бірақ, күрсінуге де себеп аз болмады.
Мысалы:1) Кез-келген іс-шара, олимпиада, мүшәйраларға дайындыққа оқушыларды осы сабақтан босатып алып кете береді екен. Басқа бос уақыт жоқ па? Дене шынықтыру сабағынан бала бағдарламадан қалып жатса еш зияны жоқ па? Басқа сабақпен салыстырғанда д-ш сабағының уақытылы өткізілгенінің маңыздылығы өте зор емес пе. Себебі, оқитын сабақтардан қалып қойса күні-түні оқып жетіп алуы ықтимал, ал д-ш бағдарламасындағы ауыр жаттығуларын жіберіп алған бала қалай орнын толықтырады? Артық ауыртпалық көтеріп қойса, керісінше, зияны тиеді. Дене жаттығуларының бір қағидасы — жүйелілік, бір кіріскенде көп істеуге болмайды, арасын үзбей, жиі істеу керек. Бұл қағида бұзылса, міндетті түрде кесірі тиеді.
2) Мектеп ішіндегі гүл тасу, кітап-журнал жеткізісу, кілем төсеу, жиһаз жылжыту сынды кішігірім жұмыссымақтарға осы сабақтан бала сұрап келіп тұрады. «Балаларда сабақ өтіліп жатыр» десең, "Қайдағы сабақ, д-ш емес пе?" деп өзіңе аң-таң болып жатады.
3) Спорттық жарыстар, жаттығулар, бұқаралық іс-шараларға жібермеуге тырысып жатады. Бірде қалалық деңгейдегі жарыста еш ұтылмай келе жатқан топтың үздік спортшы оқушыларын «жарыс-жарыс деп жүргенде басқа маңызды сабақтардан көрсеткіші төмендеп кетеді» деп жібермей қойыпты. Қай сабақпен салыстырғанда денсаулықтың маңызы жоққа теңеліп кетеді екен?
4) Сабақтар да жоғары деңгейде өтілмейді. Көбінесе «ойната салу» деген түймешені басып кеп жібере береміз. Бүгінгі ісіміз ертеңіміздің іргетасы емес пе? Ел болашағын реттестіру д-ш пәні мұғалімдерінің де үлесінде екенін біле тұра қалай шаршаймыз?
Мұндай әрекеттер кесірінен д-ш сабағының абыройы төгіліп, оқушылардың денсаулық мәдениетіне деген немқұрайлылығы туындамай ма? Сіз өз балаңыздың болашағын қалай елестетесіз? Басында білімі баршылық, бірақ, денсаулығы нашар болса келісер ме едіңіз? Бірде ағам телефонмен қоңырау шалды: «Осындай-осындай жерде аялдама артында қысылып жатырмын, автобуспен келе жатып шыдай алмай түсіп қалдым. Кел де алып кет!»-деді. Диагнозы — ұдайы дұрыс тамақтанбағандықтан сыртқы әсерлермен күресу күші әлсіреп кеткен! Егер ағама Д-Ш сабағын сапалы үйреткен болса мүмкін бұл ағаттық жасалмас па еді?
Кім жауапты? Басқарма ма? Әлде солай істеуге себеп тудырып жүрген д-ш пәнінің мұғалімдері ме? Әлде сол мамандарды дайындайтын ЖОО-ндарындағы білімге қойылған талап төмендігі ме? Меніңше, оқушы еш кінәлі емес, мектеп басқармасының да қатысы болғанмен оған жол беріп отырған сабақтың сапасыздығы. Нақты кінәлі жоғарғы оқу орындарындағы талапсыздық пен сол пән мұғалімдерінің намыссыздығы!
Мен жас маманмын, ал басымда еш білім жоқ. Мектепке жұмысқа орналаспайцынша бұл сабақтың қадірін түсінбеппін. Төрт жыл бойы толық мүмкіндігім болғанда оқып қалмағаныма өкінемін. Егер де дене шынықтыру пәнінің мұғалімінің білім сапасын арттыруға байланысты ұсыныс-өтініштеріңіз болса мен үшін өте маңызды екенін түртіп өткім келеді. Маған өз сабағымның жоғары деңгейде өткізілгенінен асқан бақыт жоқ. Кез-келген ойларыңызды айта беріңіздер, мүмкін ең шешуші іс-шаралардың бастауына себеп болар. Көмек сұраймын!!!

8 пікір

pana
бұған қарама-қарсы көзқараста бірінші рет қарап тұрмын))мен үшін дене тек артық бас ауру болды.киім апару керек, киіну керек, жүгіру керек деп. сабақтың ортасында не аяғында, тіпті басында… жалпы болатын денені жақсы көрмеймін)) қатысқысы келгендермен жұмыс істеп, қатысқысы келмегендерді желкелемесе жақсы болар еді, төрт қойып, кейін журналды өзгертіп өздерінен өздері шаршап жүретін физруктарымыз, ал басқа мұғалімдердің үстіртін қарайтынына не істеуге болатынын ойлану керек… жас мамансыз, ұжымға бейімделу кезеңі біткенде сіздің де орныңыз анықталады.
Karakulov
Бұйыртса, алда жоспарлар көп. Қазақ спорты газетінен оқып қалуларыңыз мүмкін. Тек өзім жұмыс істейтін мектеп оқушы-оқытушыларымен шектелмей, республика деңгейіндегі іс-шараларға атсалысып, өз үлесімді қоссам деймін. Әзірге бұл ойымнан таймаймын!
Togzhan
Таймаймын деген сөзбен бір жерге сілтеп жатыр ма десем))
zhurttyn_balasy
соны мен де айтқым келген ))) астын сызғанды ұнатады екен ))
негізі сілтемелердің асты сызылады
ал бір сөзге екпін беру үшін қою (семіз деуге аузым бармады, әйтеуір жирный) стильді пайдаланса қалай болады екен?
Karakulov
ааа сондай ма))) онысын білмеппін. Келесіде есте болар. Сілтеме керек болса, оған келесі оқу жылына дейін уақыт беріңіздер. Шамамен тамыздың аяғында дене шынықтыру пәніне электронды мектеп жаңалықтарын ендірмек ойым бар. Бұйыртса, сол кездері өз жұмыстарымды кеңінен қолданысқа ендіру, тарату мақсатында сілтемелерге іліктірермін.
Karakulov
Амин, рахмет! Қатарым көбейе түссе екен деймін. Егер де осы ойымды іспен қолдайтын жандарды көрсеңіздер бір-бірімізге бағдар берерсіздер.
ardak1996
Алға қойған мақсатыңыздан таймаңыз.Ең бастысы сол мақсаттан көз жазбаңыз. Біз дене шынықтыру сабағында көбінесе жүгіреміз.
banzaika1990
Бізде ауылда оқығанда Д/Ш сабағында волейболл добымен футбол ойнататын. Әр сабақ сайын бір волейболл добына грыжа шығарып кететінбіз. Д/Ш мұғалімдеріміз өз бөлмелеріне жиналып алып шахмат ойнайтын. )))))))))) 10класта Павлодарға барып оқыдым. Д/Шда қыстың күні шаңғы тебеміз. Сыныбымызда мен шығыстан және бір бала болды оңтүстіктен. Екеуміз ғана шаңғы тебе алмай құлап жататынбыз. Шаңғымен құлаған қызық екен, төңкеріп қойған қоңыздай тырбаңдап не тұра алмай, не аударыла алмай жатқаның. Сонда Д/Шдан беретін ағайымыз маған «Жарайды Ермекті түсінем оңтүстікте қар жоқ, саған не болды қалың қардың ортасынан кеп шаңғы тебе алмай» деп ұрсатын еді, мен тырп етпестен «Ағай бізде шаңғы жоқ» дейтінмін))))))))
ЖООна түскенде де жөнді Д/Ш көрмедім. Өздеріңе ұнаған кез-келген үйірмеге қатысыңдар дейтін, 3жылым тоғызқұмалақ ойнаумен өтті.
Сізбен толық келісемін. Д/Ш сабағы маңызды пәндердің бірі. Оған немқұрайлы қарауға болмайды. Сізге Сәттілік!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.