Махаббатта да заманына қарай адамы ма?

Таусылмайтын махаббат /
....Қолыма қалам алғызған… есіме бір жәй түсіп еді...Қазіргі кездегі жігіт пен қыз арасындағы достық, махаббат, еңбек және тағы басқаларын өз заманыммен салыстыру еді…
...Әр заманның өз адамы болады. Сол адам өз дәуірінің көшіне ілесіп, соның ырғағымен өмір кешеді. Жекелеп айтқаным дұрыс болатын шығар…

… Алдымен әлқиссаны мектеп қабырғасынан бастасақ. Ол кезде де алғашқы мектеп табалдырығын аттау, алғашқы қоңырау, құшақ-құшақ гүл....қазіргіден айырмасы аз ғана. Арқамызда ақ фартук киген, бантик таққан қыз бен кәстөм-шалбары бар екі оқушының суреті бар сөмке. Екеуінің артында күн шығып тұр. Қолдарында гүлдері бар. Ия, соны арқаланып, шырттай киініп (ол кезде шырттай дегенді түсінбейміз ғой) мектепке келеміз. Бір-бірімізді аулада ойнайтын балдар (!) болмаса, танымаймыз. Үрпиісіп қараймыз. Ата-анамыздың қолынан тастай қып ұстап аламыз. Тап бір адасып, айырылып қалардай. Үлкендер бір-бірімен күлісіп, жадырап амандасып, сөйлесіп жатыр. Сен алақ-жұлақ етіп жан-жағыңды барлаушы сынды бақылап тұрсың. Төрде біреулер сөйлеп жатыр. Біреулері ән салып жатыр. Олардың қайсысы директор, мұғалім, бәрі-бір. Екі қойың ол кезде бір сом. Есіл дертің мектеп ішіне кіру. Көп күттіріп барып, ақыры ішке кірдік. Сонан сені жетектеп бір класқа кіргізеді. Жапа-тармағай отырып жатырмыз. Және де алғашқыда танитындар бір-біріміздің жаныңа отырып алғансың ғой. Қайдаааа. Сәлден соң өзін «апайларың боламын» деп таныстырған мұғалима бір ұл, бір қыздан отырғыза бастайды. Сол кезде өзіңше қыздың қасына отырғаныңды (кіп-кішкентай болып алып қайдан білесің десей қыз баланың жанына отырғызыпғанын) сезіп, өзіңді тәртіпті ұстап, екі қолыңды бірінің үстіне бірін қойып, ұрлана қасыңдағы көршіңе көз тастап отырасың. Сол күні кластастарыңмен танысып, үйге қайтасың. Айтпақшы, кітап береді. Бірінші кітабың — Әліппе! Сонымен, адам болып, өмірге басқан қадамың басталады…
Біздің дәуірде бастауыш сыныпта «Октябряттар» қатарына өтуден басталады. Ия, сол кезде Октябрят деген ұйым болды. Сабақты жақсы оқысаң Октябрят қатарына өтіп, кәстөміңнің бір бұрышына Бес жұлдызды Ленин атамыздың суреті бар знашөк тағасың! Ой, сол кездегі сенің тәкаппарлығыңа сөз жоқ қой, сөз жоқ! Қолыңмен қайта – қайта сүртіп, үйге мектептен емес, тап бір қырман басынан немесе соғыстан батыр болып оралғандай боласың. Кеудеңді тік ұстап, маңғаздана басып, кеудеңде кішкене жұлдызша емес, Батырдың Қызыл Жұлдызын таққандай паң басып кіресің. Өй. Ата-анаң, ата-әжең бетіңнен сүйіп, өз әулетіңде өзіңше мәз-мәйрам боп жатасың. Бітті! Сен енді значөгі жоқ кластастарыңнан артық, көш бойы озық тұрсың. Өйтпегенде ше, Октябрят қатарына тек оқу озаттары ғана өтеді ғой! Кеудешеңдегі төсбелгіні көргендер сенің «Отличник» екеніңді айтпай біледі ғой… Сөйтіп жүргенде айды алқымдап, жылды желкелеп дегендей, бастауышпен де қоштасатын кез келіп, енді жоғары сыныптағылар қатарына өтесің.
Сол кезде енді Октябрят белгісін шешесің. Себебі, онан да үлкен ұйым Пионер қатарына өтесің.
Ия, Пионер ол кездегі түсінік бойынша Октябряттың бастығы! Оған өтудің өзі бір ҰБТ-дан кем емес. Пионерге өту үшін арнайы заңдылықтарын жаттайсың. Күні-түні ұйықтамай Пионердің ерекшеліктерін, Пионер батыр жастары туралы бәрін жатқа білуің керек. жаттайсың. Сонан «пәленше» күні болады деген Пионерлер қатарына өтуге арнаған салтанатты жиын басталып та кетеді. Сонан линейкаға жиналған мектеп басшылығы, пионерлер, пионервожатый, оқушылар бәрі сап түзеген. Фамилияңды айтып шақырады. Жүрегің алқымыңа тығылып, жаттағаныңның бәрін тіліңнің ұшына түйіп, қадамыңды санап басып ортаға шығасың. Сонан қойылған сұрақтарға жауап бересің. Айтып жатсың, айтып жатсың әйтеуір. Бір кезде рахмет айтып, бәрі шапалақтағанда барып есіңді жиясың. Пионерлер келіп мойныңа ал қызыл галстукты байлайды. Деміңді ішіңе тартып алып, мұрның пыш-пыш етіп қара терге түсіп тұрғаның сол. Бір кезде «Пионер! Әрқашандай дайын бол!» деген ұрандай саңқ еткен дайысқа шекеңдегі пилотқаға оң қолыңды алмас қылыштай шекең апарсың да, хормен «Әрқашанда дайынбыз!» деп саңқ ете қаласың! Бітті! Сен енді Пионерсің!
Қызыл түстес галстукты байлаудың өзінің формасы бар болатын. Тамағыңның тұсы төрт бұрышты, оң жаққа түскен ұшы сол жағындағыға қарағанда ұзынырақ болады. Кіші бұрышы Пионер, ұзындауы Комсомол, арқа тұсыңдағы Үлкен үшбұрышы Партия! Сонан басқа өмір басталады. Жауапкершілік арта түсті. Мен оқушылар советі дружинасының жетекшісі болдым. Оқуда озатсың. Тәртіп Бес! Түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Мектепішілік шаралардан екі бастан қалмайсың! Біздің кезімізде макулатура жинау деген шара болды. Класс болып жарысамыз. Көшеде бір жапырақ қағаз көрмейсің. Бәрін жылан жалағандай сыпырып алғансың. Тіпті, салмағын көбейтеміз деп үйдегі кейбір газеттер мен қағаздарды қосып жібересің. Сүйек, шыны, пластмасса жинау да үрдіс болды. Бірақ, оны жинаған кезде тиын-тебен беретін. Бұл бір жағынан еңбекке баулу болса, екінші жағынан материалдық қолдау болатын.
Қыста Соғыс ардагерлерінің үйінің ауласын қардан тазалап, жазда отын жинап, ауласын тазалап береміз. Малдың қиын шығарамыз. Соңында сол үйдегі атамыз бен әжеміз құрт, кәмпит-пішінәй беретін. Әжеміз ыстық таба нанды оттан шығару бойына қолдың майына турап салып беретін. Қандай керемет дәм десеңізші! Экологиялық таза тағам. Қауын-қарбыз, қауынқақ… Ия, бұл балалық шақ.
Сосынғы бір үрдіс болған нәрсе, география, табиғаттану сынды пәндерден беретін апайларымызбен бірге далалыққа экскурсияға шығатынбыз. Талай биология сабағына да кесіртке, құм жылан, құрбақалар аулап әкеліп, оны соятынбыз. Арасында жабайы кептер аулап, оны отқа қақтап жейтінбіз. Сол кезде тауық ұрлау дегенді білмейтінбіз. Сол өзіміздің жергілікті жерде өсетін шөптердің, мекендейтін жәндіктердің, құстардың атауын түгел білуші едік. Біздің ауыл құм іргесінде орналасқан. Сол құм тауға шығып көсік, гарагани, жабайы жуа, сүтті шөп дегендерді теріп, қазып жейтінбіз. Құм сағыз деген болды. Соны қазып алып, суға салып шайып шайнайтынбыз. Құртқа деген шөптен неше түрлі заттар тоқитынбыз. Соның бәрін апайларымыз үйрететін. Бұл өз ауылыңды, табиғатыңды аялауға, сүюге баулу екен ғой! Сол кезде үш ай каникулға шыққанда мектеп жанынан жазғы лагерь ұйымдастырылатын. Қазір ойлап отырсам, біріншіден, сабақ оқимыз. Екіншіден, екі сағаттай еңбек етеміз. Үшіншіден, түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Төртіншіден, бос уақытыңды тиімді ұйымдастыру екен. Біздің класс жетекшіміз қолдан жалау істекен болатын. Апта сайын қортынды бойынша қай қатар бестікті көп алады, келесі апта әлгі жұлдызы бар жалау сол қатарда тұратын. Соған барымызды салып, социалистік жарыс өткізетінбіз. Жалаудың басқа қатарға кетіп қалмауы үшін жақсы оқитындар үлгерімі нашар оқушыларды өрге сүйрейтінбіз.
Сөйтіп жүргенде қалай ұлдарымыз ержетіп, қыздарымыз бойжетіп қалғанымызды да сезбей қаламыз. Енді Пионердің галстугын комсомолдың төс белгісіне ауыстырамыз. Оған өту үшін дайындық тым қатты. Комсомолдың (ұмытпасам) Жеті Ордені туралы жаттаймыз. Не керек, онан да сүрінбей өтіп, комсорг болып шыға келдік! Бұл кезде енді қыздарға мойынбұра бастаған шақ.
Ия, мектептегі алғашқы махаббат. О, махаббат! Бірақ, қазіргідей емес еді. Білмеймін, сол кездегі тәрбие басқа ма, жоқ әлде басқалай себептері бар ма екен? Әлде, идеология солай болды ма, қазіргідей ашық көңіл жоқ еді.
Біздер де ғашық болғанбыз! Біз де ет пен сүйектен жаралған жанбыз ғой. Сезім бар, көңіл бар. Бірақ, Қызға сезіміңді білдіру деген ерлік еді ғой! Ия, ия, ерлік. Оны қалай білдіретін едік? Хат арқылы. Ия, кәдімгі ақ параққа көк сиямен тізбектеп түсірген сөз. Оны асықпай жазып аламыз. Басы былай басталатын:
«Сәлем, сәлем, сәлем хат,
Сағындырған достық хат.
Сағынбайын десем де,
Сағындырған махаббат!» деп басталады да, ары қарай денсаулығын, көңіл-күйін сұрайсың. Соңында сезіміңді білдіресің. Бітті! Аяқ жағына екі таудың суретін саласың. Жиегінде екі аққу саласың. Екі тау арасына күн шығарып, «ДИЛ» деп жазасың. Үшбұрыштап бүктейсің. Сыртына конверт саласың. Ендігі мақсат – хатты қыздың қолына табыстау. Ой, бір ұрлық жасаған адамдай күй кешесің ғой. Хатты қыздар үзіліске кеткен кезде оның кітабының арасына саласың. Бітті шаруа! Ендігі. Оның жауабын білу.
Ойпырмай, сынақ тапсырып, соның жауабын күткенде де бұлай қобалжымайтын шығарсың. Ертеңіне таң атып болмайды ау. Сонан сабаққа келесің. Қыздың бетіне тура қарау деген қалған. Ұялып, қашып жүрсің. Ия, рас, сол кезде біз 9-10 оқитын кезіміз. Сонан бір күні кітабыңның арасынан хат тауып аласың!!! Уау! Қуаныштан жүрегің жарылуға шақ қаласың! Хатты жүрек тұсыңдағы көйлегіңнің қалтасына салып қоясың да, сабақ біткенше қолыңмен аялап жүресің. Әзір оқымайсың. Үйге келесің де, шөп қораға, болмаса сарайға кіріп аласың. Әйтеуір ешкім көрмесе болды. Сонан хатты қолың дірілдеп, жүрегің дүрсілдеп ашып оқисың. Урра! Ол «қарсы емеспін» деген жауап берді! Бітті! Қызың бар! Олс ен жақсы көреді! Сол сәтте әлемде сенен асқан бақытты жан жоқ шығар! Тұла бойыңды асқан бір күш билеп, тауды қопаратындай сезінесің. Қанатсызға қанат, тілі жоққа тіл бітірген махаббат десеңші! Ал, енді сен қызы юар жігітсің. Өз-өзіңе қарай бастайсың. Айна алдынан шықпайсың. Енді кешкі жорыққа шығасың. Свиданиеге! Дегенмен, ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ. Қазір ғой, рхат бас-басында ұялы телефон бар. СМС бар. Агент, әлеуметтік желі т.б. бар. Шүкір. Біздің кезімізде не бар еді? Қалалық үй телефоны. Бірақ, ол телефон үнемі әкесінің қасында жатады. Онымен қоңырау шалу? Түк шықпайды. Бірақ, оған қол көтеріп беріле салатын сен бе? Қыздың бөлмесінің терезесіне тоқылдақ құрасың. Ия, ия, тоқылдақ! Ол үшін қыздың терезе жақтауының маңдайшасына шеге қағасың. Оған басында қатқан пластилиннен жасалған (саз топырақтан да жасауға болады) жіптің бір ұшын әлгі тоқылдақты салбыратып байлайсың да, екінші ұшындағы жіпті қолыңа алып, азбука Морземен белгі бере бастайсың. Бірақ, оған қыз бірден шыға қоймайды. Не анасы көрпе көктеп отыр, не әкесі теледидар көріп ұйықтамай отыр. Сен де берілмейсің. Ол қыз шыға ма, шықпай ма, шаруаң шамалы, отыра бересің. Түннің жары ауысып, сағат екі-үштерде қыздың сыртқа шығатын аула есігі сықырлайды. Оппа! Әне шықты деп сақтана сол жаққа қарай жүресің. Ия, сол қызың. Неше сағат күткеніңді ұмытып кеткенсің. Бір кезде қыздың қасына келгенде ол жымиып: «мен бүгін шыға алмаймын. Апам әлі ұйықтамай отыр» деп қолыңнан бір қысып, үйге «лып» етіп кіріп кетеді. Ал! Манадан бері дуалдан әрі-бері секіріп, тоқылдақты тоқылдатып, аяғың ұйып қалғанша отырып, ит көрсең тұра қашып отырғандағы, күткендегі еңбегің осы. Екі-үш минут. Бірақ, ол да болса сен үшін бақыт! Мектептен қайтқанда сөмкесін көтеріп қайту — ол да өзіңше иемдеген бақытың. 10 сыныпты бітірген жылы 1 ай бойына мектепте қам кесек басамыз. Ол кірпішті сатып, мектепке пайда. Аткормге барамыз. Сол ауылдың совхоз трестіне қарасты аткормде малдың көңін тазалап, бүлінген жерлерін қалпына келтіреміз. Сақадай сай жігіттер емес пе, әп-сәтте бітіріп, соңында экскурсияға шығамыз. Жалпы, пионер болып жүрген кезде жыл сайын 19 май — Пионер күнінде жаппай мектеп болып табиғатқа қазіргі тілмен айтқанда пикникке шығатын едік.
Ал, туған күнді қалай атап өтуші едік? Біздің кезімізде туған күн сағат түскі 12 де басталып, кешкі 6 да аяқталатын. Дәл солай! Дастарханда мектеп директоры немесе завучпен класс жетекшің отырады. Ойнаймыз, күлеміз, ән айтамыз, билейміз. Ия, би демекші, сол туған күндерде қызыңмен вальс билеу бақыты бұйырады. Ол кездегі сезімді тілмен айтып жеткізу қиынның қиыны. Вальске шақырасың. Екеуің вальс билейсің. Сол кезде пошымыңа қазір күлкің келеді. Вальс билеп жүргенде екеуіңнің ортаңа тағы да бір вальс билейтін пар сиып кететін еді. Рас. Ең бастысы ол емес. Бастысы – қызыңның белінен ұстаған ғой. :) Ия, қолыңнан қыздың белінің қызуын сезінгендей, бақыттан басың айналып, опшым, бақыттың бал дәміне қанып жүрген дәурен еді ғой.
Ия, есіме түскен соң сағынышпен кейбір этюдтерін жазғаным ғой, достар… :)

2 пікір

AL-ASTER
Заманына қарай адамы :)
kamilaabayeva
өте қызықты)әсіресе, терезеден берген белгілер және сіздің сезінгендеріңіз!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.