АЛБЫРТ СЕЗІМ

Жүрегіме ұя салған нұрлы арман,
Елесіңді іздейін бе жылдардан?
Әлсін-әлсін қарайлатып соңыма,
Көктемімді жиі аңсатты бұл жалған.

Албырттықпен қоштаспаған шақта едім,
Балғын едім, періште де пәк, керім.
Сен бір жәудір естеліксің тым аппақ,
Көңілімнің жайлап алған қақ төрін.

Балаң сезім, тереңдеген тым ары,
Көңілімде әсем ән боп тұр әлі…
Алыстатып алдым сені, ал оған,
Албырттығым шығар мүмкін кінәлі?..

Жүрегімде тұтанбаған сан шоқ бар,
Лаулай алмай ерте сөнді қанша оттар.
Тау суындай тап-таза да мөп-мөлдір,
Шіркін, қандай керім еді сол шақтар!

Тоқтам көрмей уақыт-жорға бүлкілдеп,
Артта қалды қыр-белестер біртіндеп.
Сонау балғын жылдарымның төсінде,
Қалқып ұшар ақ арманым үлпілдеп.

Бастан талай үміт ұшты, өтті арман,
Жастық әнім қол бұлғайды шет қалған.
Қарсы алдымда сүрлеу жатыр көсіліп,
Жұмбағы мол болашақты бетке алған…

Өн бойымды қыр самалы өпкен сәт —
Көктемді аңсап мен отырмын көкті аңсап.
Сен ешқашан оралмайсың мен жаққа,
Секілденіп оралмайтын өткен шақ!

Мықтыбек Оразтайұлы.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.