ЖАҒАЛАУДА

Күй тұндырып кеудеге күмбірлеген,
Жыр күтетін жаңаша ылғи менен.
Сонау көкке Ай, Жұлдыз қожайын боп,
Шақ болатын әлемді Түн билеген.

Нұрын төгіп асықпай, баяу, әрі,
Ақырындап төбеден Ай ауады.
Түн жамылғы оранған салқын күзде,
Маужырайды Балқаштың жағалауы.

Айналада тыныштық. Түн. Ауыр мұң.
Құпиясы бітпейді бұл «ауылдың».
… Көңіл-күйі орнына түсер емес,
Түн ұйқысын жоғалтқан бір арудың.

Ұнататын қыз шығар әлде, түнді,
Жанарында жабығу бар секілді.
Әлденені іздей ме кім біледі?
Сағына ма, сарғайып әлдекімді…

Балхаш қызы… мұңайма, бәрі өтпелі,
Құлазу ғой, бұл да бір әдеттегі.
Таусылмайды тағдырдың тар өткелі?
Сондықтан ба, пенденің бәрі өкпелі…

Сарылтпасын сағыныш санадағы,
Кірер бәлкім, өзіңмен таң ажары?
Өзіңменен көрікті шығар, мүмкін,
Шағын қала, сен жүрген жағадағы.

Шағын қала, жайғасқан жағадағы,
Әлі-ақ жайнап, алау гүл оранады.
Ұмытылып еңсені басқан салмақ,
Барлығы да керемет болар әлі…

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

1 пікір

zhangul
Керемет! Маған өте ұнады. Қайта-қайта оқыдым, бір әдемі күйге елігіп.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.