Қаңтарда өскен бір тал гүл

Ақ парақтағы ойлар /
20 жас: мақсаттар мен жоспарлардың арпалысқан шағы. Қай-қайссымыздың болмасын алға қойған өзіндік армандарымыз бен мақсатарымыз бар.
Оқуға түскен жылы бір группада оқысақ та жақсы араласа қоймадық. Бәрі өзінің мінезіне, жанына жақын адамдарды іздеп жүрді (арасында менде бармын). Кіммен құрбы болатынымызды нақты ешқайсымыз ажырата алмайтын едік.Дегенмен уақыт өте келе өмірімде жаңа достар, жанашыр адамдар пайда болды. Солардың бірі жүзі де, жүрегі де нәзік, ақын, мейірімді, адал тіптен айта берсем бойынын өте жақсы қасиеттерді көптеп кездестіруге болатын менің құрбым – Макпал Төребек.
Тағдырдың қаталдығына мойымай сабырлық танытып келе жатқан құрбымның өмірі мен үшін көп сабақ болды. Көп созбай-ақ қойайын.
Ақын қыз 20 жасында өзінің әдеби шығармашылық кешін өткізді.Үлкен арманының бірі орындалды. Мен құрбым үшін қуаныштымын. Кеш атын " Қаңтарда өскен бір тал гүл" деп атады. Мақпал шынында қаңтар айында дүние есігін ашқан. Студент үшін кеш өткізу әрине оңай емес. Бірақ жанында жанашыр достарының арқасында керемет кеш болды.

Мен сізге ғашық боп қалдым

Қолымнан ұстап жібермейтінің,
Ұнайтын, жанды күле емдейтінің…
Мен ойлағандай әлемнің бәрі,
Түсіндіретін түнермейтінін…
Мен сізге ғашық боп қалдым…

Маңдайым сүйіп: «Мұңайма!»-дейтін,
Мен болып дейтін:"Ұнай ма кейпім?!"
"Әкесінің өжет, ерке қызы да,
Осылай оңай жылай ма?!"-дейтін…
Мен сізге ғашық боп қалдым…

«Жарым»,-деп жатқа таныстыратын,
Көңілім үшін алыс тұратын…
Сен бәрінен де биіксің ғой деп,
Көшедегілерді салыстыратын…
Мен сізге ғашық боп қалдым…
Ақ көйлек

Бүгін менің тойым, апа… Ғажап күн,
Қақпасынан көзім тайды тозақтың.
Бұл жақтағы жас келіннің кейпі осы,
(Тойы қалай өтеді екен о жақтың?!)

Әкем күліп тұрды көзі жас толып,
Қос елеспен жатты жиын басталып…
Кенет біреу бақытыма қол сұғып,
Үстімдегі көйлегімді қашты алып.

Құдайдан бақ сұрадым жайып қолды,
Әкемнің алдындағы айып сол-ды.
«Тағы да ұрлаттың»,-деп басын шайқап,
Бір тамшы жасқа айналып ғайып болды.

Түс еді ол… Шошындырған сескендіріп,
Қыс шығып, кіргенінде көктем күліп.
Ерінге тамған жасты қылғытып ап,
Отырдым танытумен өктем қылық.

* * * * *

Көп өтірік қайсар кейіп танытам,
Бір өзіме жындылықтың бәрі тән.
Құдай өзі түк түсінбей қалады-ау,
Мен сүйетін бір пендеге жарысам.

Ерек өстім, беттен қақпай, бақ қуып,
Махаббатқа малынатын шақ туып.
Мен әкемнің сүйгенінен сүйген қыз,
Алла берген тұңғыш, әрі тәтті ғып…

Бар жақсысын үстіме әкеп жамайтын,
Сенгені едім, ұл орнына жарайтын.
Сонда әкем еркекшора қызының,
Аппақ көйлек кигендігін қалайтын.

Есіме алар сөз жеткісіз шақ қой көп,
«Шешеңе бір жазылмаған бақ қой»,-деп.
Табанынан тозып шарлап базарды,
Алып келіп мәз боп тұрды ақ көйлек.

Тәлпіштікке салып тұрдым тартынып:
«Қалай кием аяғымнан жарты қып?!»,-
деп бұзылып тұра қаштым рең-басым,
Шапаттаумен шыбығымды ат сарт ұрып.

«Бір тыңдашы, қызым ырду-дыдусыз,
Киіп көрші бір-ақ рет қырғынсыз»,-
деумен әкем жалынғандай кейіпте,
Қуарып өң, тұйық күйде тұрды үнсіз.

Құлақ асып айтқанымды тыңдайтын,
Біздің жақта бала жоқ-тын мұндай тым.
Мен ақыры кимедім сол көйлекті,
Ертесіне бөтен біреу ұрлайтын.

Тұла бойым есерліктен тазарды,
Көп ұзамай айырдым лас-ғазалды.
Ақ көйлекпен құшқым келді әкемді,
Құшқан шақта ол ақ кебінмен ажалды…

Зарлағаннан, өкінгеннен не шара?!
Жоқтығын да білдірмепті еш ана…
Тағдырымды түзегісі келіпті ол,
Түсейін деп болса-дағы кеш ара…

Сенсіз, әке, тағдырымды қапас қып,
Қанша адасып, қанша жолдан шатастық.
Арманыңды түсінбепті, кеш, әке,
Балалықтан арылмаған топас түк.

Тойыма бата берші, шуақ ерсін…
Менің жаным, жабырқау жылап өлсін.
Ағыл- тегіл егілуім соңғы, әке,
Тамшы жас! Ақ көйлекке куәгерсің!
Тамшы — әке куәгерсің, куәгерсің…

Университет студенттерінің арасында танымал өлеңінің бірі
Анамның «болашақ күйеу баласы» туралы…

Махаббатта өзінше әркім батыр-ез,
Бақыты үшін арпалысып жатыр өз.
Сенер тұста сенбеген боп шығатын,
Мама, сенің күйеу балаң қатыгез…

Сағынамын бірге өткен күзді аңсап,
Есімде жоқ тағдырымды бұзған шақ.
Біреу үшін маған сенім жоғалтқан,
Мама, сенің күйеу балаң қызғаншақ…

Өтсе-дағы талай бірге күн қызық,
Еркелікті сабырға жүр бұрғызып.
Көңіліме қарап тұрып ренжітер,
Мама, сенің күйеу балаң тым бұзық…

Бар бақытын жоқ қылады бірде ұрсып,
Жүргеніммен жеңе алмаймын білгірсіп.
«Ақымағым»,-деп әбден жылататын,
Мама, сенің күйеу балаң бір қырсық…

Бір өзіне бұйырғандай атақ бар,
Мінезінде мен білетін шатақ бар.
Қайтсем екен оны айтшы бір ақыл,
Мама, сенің күйеу балаң тәкаппар.

Алла білед(і), бақ қумаймыз бөлінсек,
Қуанармыз бақытты боп көрінсек.
Алаңдағым келмегенмен, қамығам,
Мама, сенің күйеу балаң еріншек.

Болсаңыз да қандай күнім бағымсыз,
Алла жазған маңдайыма жарым- CІЗ!
Cезімімді біліп тұрып сұрайтын,
Мама, сенің күйеу балаң сабырсыз…

Өне бойы бір көңілім толмаған,
Онан нашар, одан жақсы болмаған.
Бір Құдайға тапсырсам да айтайын,
Мама, сенің күйеу балаң оңбаған.

Жазғыруды, кінәлауды доғарам,
Тағдырым да, бар мұңым да — сол адам.
Мама, сенің нашар күйеу балаңмен,
Ең ғажайып бақытты жан бола алам…

8 пікір

madinabdukadir
Мақпалға да, сізге де өмірде үлкен жетістіктер мен көп сәттілік тілеймін!
jurnal_still
Бәріңе сәттілік! Алға қарай жүріп өрістерің кеңейе берсін!
maulen
ааааа, Мақпал ма? Ол менің сүйіп оқитын ақындарымның бірі ғой! Мен де тілектеспін, жаңдана беріңдер, достықтарың мәңгі болсын! Ең басты «Аналарыңның күйеу балалары тым қырсық» болмасын!
zhangul
Не деген батыл өлең! Макпал маладес екен! Қаламың ұштала берсін
mttorebek
Асел, алғысым шексіз… Сіздей жанның менің өмірімде болғаны бақыт! Жақсы көремін, аман болыңыз!
Kan
жарайсыз!
0010482335
Анамның болашақ күйеу баласы деген өлеңі керемет,21 ғасырдың өлеңдерінің ішінде алтын әріппен жазылатын өлең десем қателеспеймін.
Ai_fariza
Өлең деген тумайды жайшылықта
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.