Он жұмбақ

Асыл сөз /
Төле би тоқсан жасқа келген екен, Қаз дауысты Қазыбек би сәлем бере барып кіріп шығады. Өңкей елдің марқасқалары жақсылары жиналыпты. Әңгіме дүкен құрып отырғанда, қызып отырғанда;
Қаз дауысты Қазыбегім келіпті. Рахмет. Бәрің түгел жиналдыңдар, айтарым бар еді. Менің сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар. Соны шешесіңдер ме? деп Төле би жағалай сұрақ қойып, бәріне бір қарап шығады.
Айтыңыз, айтыңыз.
Айтсам айтайын жамағат. Он түрлі жұмбағым; бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.
Отырғандар таңқалып, бір біріне сыбырласып қарайды;
Бұл не деген жұмбақ? Естімеген ел көп деген.
Мына Төкеңе не болған, алжасайын деген ау шамасы.
Оу, Замандасым не жұмбақ мынау? Әлде жастық шағыңды сағындың ба пәлі?
Төлем сұрағыңызды түсінбедім! дейді басқалары
Сол кезде Қазыбек Би;
Рұқсат етсеңіздер, жұмбақтың шешімін мен айтайын дейді
Ал, рұқсат, рұқсат.
Бір дегеніміз бірлігі кеткен ел жаман
Екі дегеніміз егесіп өткен ер жаман.
Үш дегеніміз үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.
Төрт дегеніміз төсектен безген жас жаман.
Бес дегеніміз белсеніп шапқан жау жаман.
Алты дегеніміз асқынып кеткен дерт жаман.
Жеті дегеніміз жас келіншек жесір қалса сол жаман.
Сегіз дегеніміз серпілмеген қайғы жаман.
Тоғыз дегеніміз торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе сол жаман.
Он дегеніміз оңалмас кәрілікке дауа болмас! деп аяқтайды.
Рахмет, дәл таптың. Ойың да, тілің де жүйрік, тұлпарым Қазыбегім деп Төле Қазыбекке ризашылығын айтыпты

1 пікір

Kan
бабамыз дана болса бізде аға бола бола білейік. Хибаратқа толы жазба екен
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.