Дыбыс әжейдің таба наны

Ақ парақтағы ойлар /
Ақ парақтағы ойлар: Дыбыс әжейдің таба наныСоңғы кездері сонааау алыста қалған балалық шағым жиі есіме орала береді. Көзді ашып-жұмғанша ержетіп, балалығыммен, қимас ыстық балалығыммен қалай қош айтысқанымды да байқамай қалыппын. Ауылда балалармен тай-құлындай жарасып, жалаң аяқ жалаң бас таңнан кешке дейін еш алаңсыз ойнаған әрбір сәттерім — өмірімнің ең бақытты кездері боп менің жадымда өшпес бір сағыныш боп мәңгіге қалады. Асық дейсің бе, ләңгі дейсің бе, ойын атаулының көкесін танытып тұрып ойнайтынбыз. Айналамызда боп жатқан дүниелерді еш елемей, балға шүйіліккен араларша бір жерге қадалып, бір-бірімізден асып түсу мақсатында, бар ықыласымыз ойын деп аталатын әлемге еніп кететінбіз. Бірақ, осы ойын әлемінен әрбірімізді бір сәтке болсын арашалап алатын бір-ақ нәрсе бар еді. Ол — Дыбыс әжейдің піскен таба нанының әрқайсымыздың танауымыздан кіріп, аш екендігімізге миымызға сигнал беретін буы будақтаған, ыстық аралас дәмді иісі болатын. Осы сәтте барлығымыз ойынды тастай сала бір үйдің балапандарындай әжейдің қасына жетіп баратын едік. Сол кездегі апалардың кеңдігі тамсандырады мені. Әйтпесе, сол 90-шы жылдары дүкеннен нан сатып алу қиямет қайым еді мен үшін. Өз басым осы дүкен нанын алу үшін жұмысқа ерте кететін анаммен таңғы сағат алтыларда тұрып кезек сайлайтынмын. Дүкен ашылып, нан келгенде үлкендер жағы мені итере-митере шығарып жіберсе де арпалысып жүріп үйге нан әкелетінмін. Бірақ, сол нандардың еш қайсысы Дыбыс әжейдің айқастырылған қос табада шоқ арқылы пісетін таба нанына жетпейді ғой, шіркін! Үстіңгі табаны көтеріп, ортадағы нан көрінгенде сілекейіміз ағып, асқазанымыз шұрылдайтын. Жаны жұмақта, иманы жолдасы болғыр Дыбыс әжей піскен наннан әрқайсымызға өзінің тарам-тарам болған мүбәрак қолдарымен турап үлестірген таба нанын жегенде дәмінің дәмділігі сонша, тырнағымыздың ұшына шейін сезетінбіз. Біздің қомағайлана асап-асап жеген түрлерімізді қызық көреді ме екен, әлде, өзінің жомарттығы ма, әйтеуір, сол арада бірнеше таба нанын жеп қоятынбыз…
Есейіп кетсем де сол әжейдің шоқ қоламтасына піскен таба нанын әлі күнге дейін аңсаймын, дәмі де әлі күнге дейін таңдайымнан кетер емес!
Кей кездері, Дыбыс әжей секілді пейілдері сар даламдай кееең абзал аналарымызды ойлап, біз де артымызда қалған ұрпақтарға үлгі боларлықтай іс қалдыра аламыз ба деген ойлар келеді.

6 пікір

Kan
ыстық таба нанға сары май қосып жесе керемет быжыма болатын еді. Таба нан кәзір пісіріле ма өзі? Таба нанның дәмін татпағалы қай заман, шіркін.
Jako
Еске, тамаша жазба болыпты, балалық шағым көз алдыма келді. Өзім қазір де сағынған кезде пісіртіп жеймін, бірақ тезекпен емес газда духовкада пісіргендіктен болар ма дәмі сол баяғы апам пісіргендей болмайтын сияқты.
adai_make
Жылағым келіп кетті! Әжелер табаларын «осылар қоқысқа тастар» деп өздерімен бірге алып кетті-ау деймін.
oryngaliya83
Иә, бәріміз балалық шаққа саяхат жасап қайтқандай болдық! Үлкен рахмет! Ауылдың таба наны, ауылдың кеші және ауылдың ауасының өзін аңсаймын. Ауылдың аты ауыл ғой шіркін қашанда!
htumar
бАЛАЛЫҚ ШАҚТА ЕШ НӘРСЕ ОЙЛАМАЙ БАҚЫТТЫ ДА БАЯНЫ ӨМІР СҮРГЕНІМЕ РИЗАМЫН.ИЯ САРЫМСАҚ ҚОСЫЛҒАН ТАБА НАНЫ АЙТСА АЙ АЙ ҚАТТЫ ЖЕГІМ КЕЛЕДІ.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.