Алтынның қолда барда.....

Ақ парақтағы ойлар /
… Ух, жаным-ай… Саматжанның пәтеріндегі киімдері мен заттарын түгендеп алып, пәтерін иесіне өткіздіңдер ме? — деді жасы жетпісті алқымдаған кейуана ас столында жағалай отырғандар балаларына қарап.

— Иә, апа, түгендеп алып, пәтерін өткіздік – деді анасының жүзіне тіке қарауға жүрексінген Қасым.
— Келін шырақ, — деді ол шәй құйып отырған кіші келініне қарап, ағаңның киімдерін түгендеп ала дорбаға салып қой. Кетерімде ала кетемін. Және жуушы болма. ең болмаса иісін иіскеп отырайын — деп кемсеңдеп тағы да жылап жіберді.
— Балапаным-ай, қозым ау… ең болмағанда мәңгі ұйқыға кетеріңде қасыңда ешкімде болмады ау… соңғы сөзіңді де ешкім ести алмады ау… күліп кеттің бе, жылап кеттің бе, оны да білмедім ау… жаным ай… екі күнге кешіктім ау… жарығым ай… ай шырағым ай… көзімнің нұры едің ғой...қараң қалғыр дүниеде мен неге тірі жүрмін құлыным ау… сенің көрер қызығың алда еді ғой…
— Қойыңызшы, апа, ауырып қаласыз — деп жұбатпақ болған үлкен қызын тиып тастады:
— Ауырып қаласың дейді ғой. Өлгенім жақсы еді, бұдан. Бәрің жамырап отырып қалай айырылып қалдыңдар? Тұла бойым тұңғышым, тар құрсағымды кеңіткен, тас емшегімді жібіткен көшбастарым ай… Соңғы кезде оны іздеген біреуің болды ма? А? Айтыңдаршы? Сен, Қасым? Ағаңды бір рет болса іздедің ба? Осы ағам не істеп жүр екен? Жұмыс таба алмай жүр еді, жағдайы қалай деп бір ынта білдірдің бе? Жағдайың шүкір. Астыңда қос-қос мәшине. Мен сенің анаңмың. Мен сені көре алмай отырған жоқпын. Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда. Балдыздарыңның бәрін де қызметке қойдың. Тіпті Арандыдан жер алып беріп, келер жылы үй салып бердің. Соның бәрін білмей отыр дейсің бе? Ағаңа не қызмет қылдың? Кішкентайынан сені жетегінен тастамай ертіп жүретін еді. Талай қойдың кезегінде, шөп шабатында, отынға барғанда сендерді "әлі жас қой" деп бір өзі кететін еді. Талай таяқ жеп келгеніңде барып ақыңды алып беретін еді ғой. Тіпті, сол балдызыңның үйінің жарығын да соған жүргіздірдің ғой. Қолына бес тиын ұстаттың ба? Атаңнығ алдында «мен қолымнан келгенше балдыздарыма көмектесу парызым ғой, ата. Ағайдың еңбегіне ешнәрсе қажет емес. Құдалық сыйы ғой» дегеніңді мен естімей отыр дейсің бе?
— Назымжан, күні кеше емес пе еді, сенің жағдайыңа басы ауырып, астындағы жаман да болса мәшинесі сатып, оған кірпіш алып, сарай салып бергені? «Қарындасымның қарашықтары ғой» деп жүгіріп жүріп балаларыңды да бала-бақшаға орналастырып, күйеуіңе арағын қойдырған да ағаң емес пе еді?
— Сен ше, Батыржан? Есіңде ме сен жол апатына ұшырағаның? Қашан есіңді жиғаныңша жан сақтау бөлімінің есігін күзетіп, тапжылмай күткені? Басыңды құшақтап жылағаны әлі күнге шейін көз алдымда. «Бауырым әлі жас қой алла, мені ал» деп жылағаны. Алдын ала жалақысын жаздырып алып, қымбат та болса дәрілерді алдырып, сен есіңді жиғанда балаша мәз болып, маған жеті күлше пісіртіп өзінің таратқаны.
— Ал, сен Тоғын? "Қарындасым, қарлығашым" деп арқасынан тастамай бағып еді ғой. Сен мектепке барғанда өзі апарып, алып қайтатынын қалайша ұмыттың? Мектеп бітіру кешінде қорасындағы жалғыз сиырын сойып, той жасап еді ғой. Сен оқуға түскенде әкеңнің қорымына барып, жылап тұрып айтқан сөздері әлі есімде. "Әке, қолымнан келгенше сенің орныңды басуға тырыстым. Енді мені сертімнен босат. Өз өмірімді де жасайын" деп жылаған кезінде адам түгілі хайуан да түсініп жылайтын еді.
— Айдынжан, басқасын былай қойғанда сен ұмытпауың керек еді…есіңе қанша салмайын десем де, сен істі болғаныңда астындағы жалғыз жұбанышы, басындағы жалғыз байлығы – баспанасын сатып, сені оттан да, соттан да аман алып шығып еді ғой, — деп анасы егіліп жылады. – «Ертең өзің далада қалайсың ғой, бір реті болар» дегенімде: «Апа, бұл дүние ғой. Тәуекел, басым аман болса тағы да алармын. Ал, Айдынның жағдайы – адам тағдыры ғой. Әкемнің әруағы риза болсын, апа, ештеңе демей ақ қойыңыз» деп арзанға күйдіріп-жандырып сатып жіберді-ау. «Алтын сағат тағатын білегіне кісен тағып жатқанда қалай шыдаймын, апа» деп еді. Жүрегіңнен айналайын, ақүрпегім ау, сол… тіпті, қырықтың қырқасына шығып шаңырақ болғанында Қасымжан, сен «курортқа жолдама алып қойып едік… атам мен енеме де уәде беріп қойып едік әлдеқашан… келініңіз көптен армандап, жыл бойы жоспарлап едік...» мұрныңның астынан міңгірлегніңде «Ештеңе етпейді, бұл той ғой, қуаныш қой, жолыңнан қалма» деп арқаңнан қағып шығарып салып еді. Ай, жүрегі кең шырағым-ай…
Енді келіп оның басына іс түскенде біреуің қимылдай алмадыңдар. Шүкір, әйтеуір, «аққа құдай жақ» дегендей, бұғаудан өзі ақталып шықты.
Анада Торғынжан сен құдайыжолы жасағанда оны неге шақырмадың? Дастарханымды былғайды дедің бе? Әлде, күйеу бала бірдеңе деді ме? Мені ештеңе білмейді, естімейді дейсіңдер ме? Мен тіпті, анада Қасым, сенің үлкен қаладағы қайынағаң келгенде бәрің жиналып кафеге бардыңдар. Саматқа неге айтпадыңдар? Қайынағаңнан ұялдың ба?
Әй, шырақтарым ай… мен ішіме сыймаған уымды осылай шығарып отырмын. Сонда телефонмен сөйлескенімде: «апа, мен ауылда болған жоқ едім, олар айтты ғой» деді дауысы дірілдеп. Оның амалсыз өтірік айтып тұрғанын сездім. Сезсем де үндемедім...Әйеліне қайта қосылғысы келіп біраз әуреленіп еді, өтірік намыстарың оянып, әңгіме қылдыңдар. «Ойбай, басқа қатын құрып қалды ма? Оның әйелін ешкім қуған жоқ. Өзі кетті. Оған жоламасын. Бізді әйелінен артық көрді ғой, апа» деп маған телефоннан бажылдағандарың естеріңде ме? Пәтер жалдап, әр жерде жұмыс жасап, тамағын асырап жүргенінде неге бажылдамадыңдар? А? «Бауырларыңның үйін паналай тұрсай шырағым. Өзің әбден бір жұмысқа тұрақтап алған соң шығарсың пәтерге» дегенімде: «апажан, мені уайымдамаңыз. Қазақта «ініңнің үйі іннен тар» деген сөз бар ғой. Өз өмірлерін өздері тәттілесін. Қарындасқа бара алмаймын. Жасым да кішкентай емес» деп мені басқаны бар еді… Ух, шырағым ай, ең болмаса басын да сүйей алмадым-ау… соңғы рет «апа» деген құлын дауысын ести алмадым ау… кешірші мені балам… кешірші мені Сағижан (күйеуінің аты – авт)...ішімді өртеген улы дерт қашан басылар екен...әй, қайдам, басылмайды ау… ух, жаным ай… ердің жасы елуге он күн қалғанда әкеңнің жанына кете бардың ау…
… Кейуана жастыққа жантайып, ұзақ ойға шомды. Өксігін әлі баса алар емес. Дастархан басындағы бауырларының бәрі де үнсіз көздерінен домаланған жастарын сүртіп отыр. Үйді өлі тыныштық жайлаған. Сәлден соң радиодан жүргізуші «Өлгеннен соң адамның жоқ жаманы» деген Абайдың өлеңің оқи бастады. Кім не дерін білмей үнсіз қалпы. Тек төрдегі Саматтың сыры тая бастаған кесесі ғана төңкеріліп бос тұрды. Қалғаны түгел еді…
… Бәрі қорым басына келгенде Саматтың топырағы әлі кеппеген бейтінің жанында жоқтап бір орамал таққан келіншек қана отыр екен. Қасында жағалай төрт баласы бар. Бұл Саматтың «ажырасып» кеткен келіншегі Дариға еді… ол да кеш те болса «қолындағы алтынның қадірін енді» білгендей. Бұлар да жағалай келіп, бастарын төмен түсіріп, үнсіз егіліп отыр…
.....Қызарып қия батып бара жатқан күн бұларды кіналағандай тезірек ұясына қонуға асыққандай…
Ақ парақтағы ойлар: Алтынның қолда барда.....

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.