Қызыл даланың, көк бәйшешегі.

Тұлғалар /


Қызыл даланың, көк бәйшешегі.
(Мұқағали Мақатаев шығармаларындағы Иман тақырыбы жайлы)

Заманынан озып туған нар қасқа ақын Мұқағалидің шығармаларында иман тақырыбының бар болмысының өзегі болғандығын байқауға болады. Бұл құбылысқа таңғала қарауға болады, өйткені сол кезде қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезеңде, ақындарға мұндай тақырыпта өлең жазу түгілі, ол туралы ойлаудың өзі қауіпті еді. Сол уақыттың ұраны «Дін – апиын» болып тұрғанда, халықтың басым көпшілігіне діннің бары туралы да ойлауға мұрша бермеген одақтың құйтырқы саясаты болатын. Жарайды, ол кездің саясаты туралы ізденістерді тарихшылар еншісіне қалдырайық.
Сонымен Мұқағали Мақатаевтың жырларына келер болсақ, онда мұны оның өлеңге деген құштарлығына арналған өлең шумақтарынан бастар болсақ.

Ей, өлең, маған тиген еншім едің,
Бой жазайын, қасыма келші менің.
Менің саған шамалы жақсылығым,
Сен де маған, әрине, көншімедің.

Келші маған, тез жетші, алданшым,
Тез жетші, атам Абай аруағы үшін.
Бейштегі ұяңды қоя тұрғын,
Тіршілікке керексің, арда құсым.

Мұнда Мұқағали атамыз имандылыққа, жақсылыққа жетелейтін өлеңнің тек «Бейштен» екендігін келтіріп, мұсылман философиасының негізі, аса қамқор Алланың сүйген құлдарының баратын жері жәннатты ойға салуының өзін сол заманның «ақындық шеңберін» бұзып ұшқан лашын құсқа теңеуге болады.
Ақиық ақынымыздың шығармаларына ары-қарай бойлайтын болсақ, онда бұл дүниені Алланың әділдікпен жаратқаны туралы және бар адамзатқа аса мейрімді Алла әділдігінің ортақ екендігі туралы өте орынды жыр шумақтарын көруге болады.

Мына дүние әділдіктен жаралған,
Өз орнында: жер де, күн де, тау, орман.
Бір-бірінен қуат алған, нәр алған,
Мына дүние әділдіктен жаралған.

Күн барады әділдігін арқалап,
Әділдігін бөлеп жатыр шартарап.
Әділдік деп жүргеніміз біздердің –
Бар ғаламға, әлемге ортақ салтанат.

Заманынан озып туғанын, Мұқағали ағамыздың сол кездегі «ақындық шеңбердің» қара сөздің киелі қасиетін елемей, маңызын өшіріп, құр мадаққа арнап жатқандығына қынжыла қарап жазған өлең жолдарынан байқауға болады. Соның бірін келтіре кетейін:

Осымыз қалай?
Жырымыз неге тым арзан?!
Арнау жазбасақ, шықпайтын болдық құмардан.
Қырсығы тимес,
қысқарсын «фабрикалар»
Арзан бағамен арнау өлеңдер шығарған!

Ақынның сөзі алтыннан құнды келетін,
Арзандап кеттік, ағайындар-ау, неге тым?
Құшынаш болып кетпесек біздер жарады
Көрінген жанға ішірткі жазып беретін.

Міне дәл осы жерден Мұқағали атамыздың нақ жүрегінде нендей көркем сезімнің тасып жатқандығын және оның жұмыр басты пенденің Ұлы Жаратушының алдында өмір бойы мүнәжәт ету керектігі жайлы келелі ойын жеткізіп. Аллаға деген сенімнің қандай болу кректігі туралы төмендегі Мұқаңның тілімен айтар болсақ «ақынның сөзі алтыннан құнды келетін» жыр шумақтарынан сусындап түсінерсіз.

Сатқан емен.
Сатпаймын дінімді мен,
Өлмейтұғын, өшпейтін күнім білем.
Алла есімі – жүрегім жұдырықтай,
Жүрегімнің соққанын біліп жүрем.

Мұхаммедтің үмбеті – мұсылманмын,
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.
Алсын Тағалам, ант етем, ант етемін,
Алла есімін кеудемнен ұшыраған күн!

Алла – ақиқат.
Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен!

Осындай жүрек жарды алтыннан құнды сөздерді оқыған кезде, шабытыңа шабыт қосатын ақынның иманына тәнті боласын. Мұнда жатқан қандай үлгі өнеге десеңізші, дәл қазіргі таңда осы Мұқаңның киелі қасиеттінің біздің азат рухымзға қаншалықты керек екендігін түсінуіміз қажет-ақ. Мына қарбаласқан заманда өз дінімізді, рухымызды, ділімізді жоғалтпай көркейтуді, қызыл империяның көйлеңкесінде жүріп Хақтың нұрын жоғалтпаған ақын ағамыздан тәлім алғанымыз абзал болар.
Шабыттана жырларын жаза келе, ақиық ақынымыз Аллаға деген махаббатын, жүрегіндегі ғазиз иманын, айналасына деген сүйспеншілігін, жамандықтан алыстатып жақсылыққа жақындата бастауын былай жеткізеді:

Я, Жаратушы Аллам!
Қолдай гөр,
Сүйей гөр мені, сүйей гөр!
Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем.
Жасаған ием!
Құлап барам, сүйей бер!
Пенделерге табына-табына болған ем.

Жаратушы жалғыз ием, қуат бер,
Азабымды, тозағымды жеңейін.
Жаратушы жалғыз ием, шуақ бер,
Өзіме де, өзгеге де төгейін.

Я, Аллам!
Жаратушым,
Қорғаушым,
Өзің – өмір, өзің – қуат, қорғансың.
Іші өртенсін, дұшпандарым долдансын,
Достарым кеп демесін бір, қолға алсын.

Я, Аллам!
Адамдарға қас қылма,
Сорлы қылма көк аспанның астында.
Я, Аллам!
Жауыздықтан сақтай гөр,
Жамандыққа, жауыздыққа бастырма!

Мұқағали Мақатаев адам рухы өзі өмірге келмей жатып әлімсақ заманынан бастау алатынын және өлмейтіндігін, өзінің де ешқайда кетпейтіндігін жаза келе, Алланың берген өміріне, әрбір құбылысына тамсанатынын иманды жүрегінің алтын үкісімен жазып, біздерге аманат қылып қалдырды.

Батар күн,
Келер түн,
Атар таң,
Шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен, осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен, сірә өлмейтін шығармын!

Жақындық сеземін –
Жерден де аспаннан,
Жылылық сезінем –
Мұздардан, тастардан.
Өмірім, сірә да, әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.

Осы, мен, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын…

Қайран асқар таудай Мұқағали ағамыз, білгендей жазған екенсіз «Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын...» — деген сөздеріңізді. Міне қазір туған Алашыңыз тәуелсіз ел атанып, дінін, тілін, асқақ рухын тіктеп жатыр, осы жауапты кезеңде Сіздің иманы тұнып тұрған зәмзәм бұлағындай өлеңдеріңіз ұранымызға айналып рухымызды асқақтатуда. Абай атамыз айтқандай: «Өлді деуге бола ма? Артынан өлмейтұғын сөз қалдырса» — демекші, Сіз мәңгі қазағымның жадындасыз....!
Осы кішкене ғана жүрек жарды шығармам арқылы замандастарыма Мұқағали ағамызды басқадай ашылмаған көркем қырынан танытып қана қоймай, жас ұрпақ осы өлең, жырларынан сусындап, иманды, елжанды, Алаштың бетке ұстар азаматтары болып қалыптасуға бір тың серпіліс берер -деген зор сеніммен жаздым.

Осы, мен, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын…

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.