Мақсұт Жұмаев альпинизм туралы

Тұлғалар /
Тұлғалар: Мақсұт Жұмаев альпинизм туралы
Мақсұт Жұмаев – әлемге әйгілі қазақ альпинистерінің бірі. Ол әлемдегі ең биік шың – Эвересті бағындырған санаулы саңлақтардың бірі. Әлемде биіктігі 8 000 метрден асатын 14 таудың барлығын бағындырған. Әрі бұларға шыққан ең жас және ең қысқа мерзімде бағындырған альпинист. 16 жыл альпинизммен айналысқан ол бүгінде әскери салада қызмет етеді. Назарларыңызға оның альпинизм туралы ойларын ұсынамыз.


1999 жылы америкалық альпинистермен Гималайға шыққан кезде 3 разрядты спортшы едім. Мұнымен сегіз мыңдық шыңға шығуға екінің бірінің жүреге дауалай бермейді. Әрі ағылшын тілін де жөнді білмеймін. Жолға билет алар ақшам да жоқ. Бірақ барғым келді. Ақыры қазір бар-жоғы белгісіз шағын фармацептикалық компанияның басшысы қаражат беруге келісті.

Кейде неге бара жатқаныңды білмеген де жақсы. Қауіп-қатерді дұрыс бағалай алмайсың.

Гималайға шығар жолда намыс қана жетеледі. Үш америкалықтың артынан еріп келе жатып, қайта-қайта артта қала бердім. Өйткені дайындығым, тәжірибем олардай емес еді. Шыңға жақындай бергенде, қиналып кеттім де, үлкен мамықтан жасалған сырт киімімді шешіп, жолда белгіленген жерге тастай салып, әрі қарай жеңіл күртешемен кеттім. Қазір дәл солай ешқашан жасамас едім. Өйткені егер сырт киімімді жел ұшырып әкетсе, оны қайта таба алмай, 3-4 сағатта суықтан мерт болуым мүмкін еді. Қазақстанның туын бүктеп, жан қалтама салып, әрі қарай өрмелей бергенім есімде. Шыны керек, әбден шаршағаным сонша, шыңға шыға салып, қайта бұрылып, төмен түстім. Намыс қана жетеледі.

Менің денем оттегі жетіспеушілігіне дейімделген. Мұны Гималайдан оралған соң білдім. Бұл – туа біткен қасиет. Туабітті қасиеттерді тәжірибе арқылы дамытып отыру керек.

Әке-шешем альпинизммен айналысқанымды құптаған жоқ. Бұл баласын соғысқа жібергенмен тең.

Жаттықтырушы да, командадағы жігіттер де, сақтандыру компаниялары да альпинистке үйіне аман-есен оралатынына кепілдік бере алмайды. Альпинистер ешқашан өмірін сақтандырмайды.

Альпинизм – ең қатерлі спорт түрі. Спортшылар арасына өлім көрсеткіші өте жоғары. Мәселен, 1991–2011 жылдар аралығында 14 сегіз мыңдық шыңдарға шығу бағдарламасын орындауға қазақстандық альпинистердің үш буыны қатысты. Сондағы 50 адамның оны арамызда жоқ. Барлығы тауда қалды.

Альпинизмде тәуекелдің құны жоғары: ол – адамның өмірі. Мәселен, альпинистер арасында «жолдасың үшін өміріңді қиюға даярсың ба?» деген де сауал бар… Біз тәуекелдің не екенін түсінеміз…

Альпинист айлап ішкі арпалыста, ішкі ширығуда жүреді. Жылдап жаттығып, енді тауға шығып бара жатқанда, мәселен, 2006 жылы Дхаулагири шыңына 100–200 метр қалғанда, қалың қар жауып, айнала бұлыңғыр тартып, оған қоса найғазай ойнады. Іштей, «мұның барлығы қажет пе?» деген ой келеді. Қиын. Бірақ, бәрібір қажет деп ойладым.

2005 жылы Пәкістанда күшті дауылға тап болып, үш күн із-түссіз жоғалып кеттік. Сол бір сәтті ұмыта алмаймын. Есіме алсам, көзіме жас келеді. Жаз кезі еді. Қайтар жолда Карачиде бір тәтті нәрсе жеп, қатты уланып қалдым. Тіпті жап-жасыл болып кеттім. Әбден қажып, әлсіреп, үйге әрең оралдым. Ұшақтан түсіп келе жатқан кезде, алыстан қарсы алып тұрған адамдардың арасынан әке-шешемнің жүзін көргенде, жүрегім лүпілдеп, қатты толқыдым. Аман-есен елге жеткеніме қуанып, жыладым.

Таудың басында не жақсы дейсіз ғой? Онда құдайға жақындық бар. Онда өзіңді адам емес, көктің тұрғынындай сезінесің.

Өмірде бір елеулі биікке қол жеткізген достарым, таныстарымды алып қарасам, олардың көбі – рухани жағынан мықты адамдар. Ал альпинистерде басқалар үшін адам төзгісіз жағдайларға, тұрмыстық келеңсіздіктерге жеңіл қарайтын бір ерекшелік бар. Біз бір жұтым суды, жылуды, күнді бағалаймыз. Қарды ерітіп, ыстық сумен өмірімізді сақтаймыз. Бізде өмір сүргенің үшін, жақындарың қасыңда болғаны үшін бақытты болу сезімі бар. Әркім осы өмірде өз қадамын жасауы керек. Маған оны айту оңай. Өйткені мақтан тұтар жетістіктерім бар. Олар мені таулардан да биік мақсаттарға жетелейді. Мені кезінде өзім сияқты ауылда қора тазалап жүрген бала естісе деп армандаймын. Оның өзіне деген сенімін жоғалтпауын тілеймін.

Біз альпинист ретінде әлемнің ең биік шыңдарына шығып, Қазақстанның Туын тіккен кезде Отанымыз үшін үлкен шаруа атқарғанымызды сезінеміз. Альпинистер үшін биік шың¬дар¬ға қатыс¬тының барлығы басқа өмір іспетті. Тауға спорттың осы түріне қызы¬ғу¬шылығы бар адамдар ғана келеді. Әлемнің барлық альпинистері бір топқа жиналғанда барлығының ортақ арманы, мүддесі, мақсаты – шыңға көтерілу. Ол жерде адамның әлеуметтік жағдайына, бұл – бай, мынау – кедей деп бөле-жара қарамайды. Бірақ бір жерде жиналған түрлі ұлт өкілдері бірінші кезекте адам¬ның ішкі жан-дүниесіне үңіледі. Ол қандай адам екеніне, әсіресе, сөйлегеніне, күлгеніне, ақкөңілділігіне, адамдарға қарым-қатынасына немесе ол өзін керемет спортшы ретінде бәрінен жоғары ұстай білуіне, менмендігі қай тұрғыда екендігіне ерекше мән береді.

Тау менің адам ретінде қалыптасуыма əсер етті. Ол маған шыдамды болуды, өзгелерді түсінуді үйретті. Былайша айтқанда өмір сүруді таудан үйрендім. Əлі де үйренетін секілдімін.
Мен өзімнің бойымдағы кемшіліктерді, əлсіз тұстарымды көріп, соған қарсы күресуді үйрендім. Егер қиын сəттерде берілмей, адамдық қалпыңды сақтай білсең, онда сенің сағыңды ешкімді де сындыра алмайды. Бұл адамдардың қарым-қатынасына да қатысты.

Жолсерігің (альпинизмде-ред.) өзін лайықты түрде көрсете білсе, ол адам үшін жаныңды да аяудың қажеті жоқ. Бəлкім, қалыпты өмірде жағдайға тап бола бермегендіктен мұны түсіну кейбіреулерге қиындау шығар.

Экстремальды спорт түрлерінде ең маңыздысы – тірі қалу.

Мен тауға аттану туралы шешім қабылдаған соң үйде отырудан қорқамын. Ал экспедицияға шыққанда қорқуға уақыт болмайды. Меніңше, қорқыныш дегеніміз ол – қозғаушы күш.

Соңғы күндері әйгілі альпинисті тележарнамалардан жиі көретін болдық. «Kaspi Bank»-тің «Kaspi қаһармандары» имидждік кампаниясы аясында ол «биіктен көрінгісі келетіндерді алдымен өздерін өзгертуге» шақырады. Аталған кампанияның мақсаты -өз күшімен жетістікке жеткен қазақстандықтарды насихаттау. Бұған дейін әйгілі желаяқ Марат Жыланбаев,350 баланың анасы Тұяқ Есқожина аталған кампанияның кейіпкері болған еді.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.