Дін саласындағы мәселелерді БАҚ-та жариялау бойынша тренинг

AitaberPress /
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігі Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен 2015 жылғы 30 қазан күні Астана қаласында орналасқан «Думан» қонақ үйі кешенінде Дін саласындағы мәселелерді БАҚ — та жариялау бойынша журналистерге арналған «Қоғамда радикалды діни ағымдар идеяларының таралуына қарсы тұру және алдын алу» атты тренинг өткізілді. Алғашқы сөзді ҚР МСМ Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Мұхамеджанұлы Абзалбек бастап, тренингтің мақсаты мен міндеттерін атап өтті. Бүгінгі таңда еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтау, діни экстремизм мен лаңкестік қимылдарға қарсы күресті жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі маңызды екенін, соған орай ақпарат таратушы мамандардың нені ескеріп, нені білу қажет екендігін қысқаша шолып өтіп, осы тренингке арнайы келіп отырған мамандарды таныстырды.Келесі болып «Діни экстремизмге идеологиялық тұрғыдан қарсы тұру – «Ақниет» оңалту орталығының басты міндеті» атты баяндамасымен «Ақниет» ақпараттық — насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық орталығының директоры Әлім Фазылұлы Шәуменов ортаға шықты. Ол қатысушыларға «Жихад», «Такфир» т.с.с. ұйымдардың өзгешеліктері мен қауіптері жайлы ақпарат беріп, олармен күресудің жолдарын ұсынды. Сондай — ақ «Ақниет» оңалту орталығының атқарып келе жатқан іс — шаралары мен жеткен жетістіктері жайлы айтып өтті.
Келесі кезекте «Қазақстандағы деструктивті ағымдардағы әйел жамағаттары проблемаларының ерекшелігі» атты баяндамасымен Гүлнәр Кәкенқызы Оразбаева шықты. Жалпы алғанда әйел тақырыбы, соның ішінде дін және әйел тақырыбы қай уақытта болмасын өте күрделі мәселе болып табылады. Гүлнәр Кәкенқызының айтуы бойынша көптеген әйелдердің діни жолда адасуы күйеулерінің тікелей ықпалдарынан болып табылады, себебі отбасының ішінде бір адам жолдан тайса, өзгелер де соның ізін қуады емес пе?! Сол себепті әйел қауымы бұл заманда өте сақ болулары қажет деген ойда қалдық.
Соңғы болып шыққан «Білім» білім беру – мәдени орталығының директоры Руслан Самарханұлы Иржановтың «Ақпараттық соғыс және терроризм: БАҚ – тың контрпропагандадағы міндеті» атты баяндамасынан журналистердің ойға түйгені көп болды. Дін атын жамылған лаңкестердің бірден – бір мақсаты – қоғамға әсер ету, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарынан көріну болғандықтан ақпарат таратушылардың қандай іс – әрекеттерден аулақ болу керек екенін атап шықты.
Баяндамалардан кейін екіжақты еркін дискуссия, сұрақтар қойылып, тренинг қатысушыларын сертификаттармен марапаттау рәсімі өткізілді. Тренинг бағдарламасы бойынша кофе – брейктен кейін, сағат 14:00 ден 15:00 дейін «Ақниет» республикалық оңалту орталығына пресс – тур жоспарланды. Ол жерде Әлім Фазылұлы мен директор орынбасары Әлібек Мұратұлы орталықтың қалай құрылып, қандай жұмыстар атқарып келе жатқандары жайлы кеңінен айтып өтті.
Бұл семинар – тренинг БАҚ – тың негізгі мақсаты – дін тақырыбындағы материалдардың сапалы және нақты, анық болуы керек екенін ұқтырды, себебі бұл заманда “дәлелденген ақпараттан артық қару жоқ, дәлелсіз ақпарат тек сақинасы ашылмаған бомбадай, оны бірінші тапқан адамның қолында өзіңе қарсы оқталған қару болып қалады”.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.