Мал бағу — кәсіп

Өмірін малсыз елестету мүмкін болмаған бұрынғы қазақтьардың бүгінгі ұрпақтарының көбі мал бағуды ар санайды, мал бағуды жұмыс деп қабылдамайды, мал бағуды нәпақа табу деп санамайды, мал бағуды табыс көзі деп санамайды.

Ауылды жерлерде мал бағып, оны бордақылап сою немесе сату аса қиын шаруа болып саналмайды. Өйткені малды ұстауға ыңғайлы орындар табылады. Бірақ сол мүмкіншілікті пайдаланатын адамдар көптеп табылмай жатады. «Жұмыс жоқ. Жүрміз сол екі қолды қалтамызға салып алып. Түсте оянып, түнде ұйықтаймыз. Ауылдың адамдарының барлығы жұмыссыз жүр» деген сияқты әңгімелерді жиі естимін. Олай айтатындардың түсініктерінде жұмыс дегеніміз біреудің тапсырған жұмысын орындаумен, айдың соңында жалақысын алумен ғана шектеледі.Ал жеке кәсіппен айналысу, өз бетінше әрекет етіп, нан табу жұмыс болып саналмайды екен. Өйткені ешкім айлық төлемейді.

Халық елдегі жұмыссыздыққа үнемі үкіметті кінәлай береді. Үкіметтің жауапты екені анық, бірақ әрбір адамның жалқаулығы үшін неге үкімет жауапты болу керек? Үкімет: «Мал бағумен айналыспа! Ол жұмысқа жатпайды.» деп отыр ма?! Сайып келгенде, өзін және отбасын асырау әрбір еркектің парызы ғой. Олай болса, өтірік сылтаулармен ақталып, әрекет етпестен, жұмыс іздеместен «Жұмыс жоқ» деп "үйдегі қатын" атану қай еркекке абырой алып беріп жатыр екен?!

Айналамызға көзімізды дұрыстап ашып қарайық. Әрекет еткен адамға жұмыс табылады. Қазіргі жас жігіттер ертеңгі дипломы бар жұмыссыз ездер мен жалқаулардың санын көбейтіп отырмасын.

Осы әңгімеге қатысы бар мына бір жазбаны назарларыңызға ұсынамын (ақпарат көзі: iskesat.wordpress.com/2011/04/27/qoi-osiru/):

Қой өсіру

1. Жалпы ақпарат. Қойлар – бұл қуысмүйізді қостұяқтылар тұқымына жататын үй жануарлары.

Қойдың жүні тоқыма, құрылыс және тіпті авиациялық өнеркәсіпте де пайдаланылатын керемет шикізат болып табылады. Қой терісі – бұл қойдан алынатын шикізат. Қолданылатын саласы бойынша қой терісін үш топқа бөлуге болады:

тон терісі (қысқы сырт киім тігуге пайдаланылады);
үлбір қой терісі (пальто, бас киім, жаға);
былғары қой терісі (былғары және галантереялық тері, аяқ киім күдерісі, шевро, лайка қолғап).
Қой сүті – құнды әрі өте сіңімді тағам. Қой сүтінің қышқыл сүт өнімдері мен тамаша ірімшігі әлем елдерінің тағам талғағыштары арасында ерекше танымал әрі үлкен сұранысқа ие. Ірімшік атаулының өзі қаншама: сүзбе ірімшік, рокфор және т.б. Ет өнімі – қой еті (ересек мал еті) және тоқты еті (жас қой еті) көптеген отбасылардың мерекелік үстелінің міндетті атрибуты болып табылады.

2. Қой тұқымдары. Жалпы қойдың шамамен 600-ге тарта тұқымы бар. Әртүрлі тұқымдар арасында ерекше танымал түрлері мыналар:

қойдың еділбай тұқымы;
оңтүстік-қазақстандық меринос;
солтүстік-қазақстандық меринос.
Мәселен, еділбай тұқымы – құйрықты, қылшықжүнді етті‑майлы бағыттағы қой. Еділбай тұқымына жататын қошқарлардың салмағы 60-80 кг.

3. Қой ұстау. Үй жанындағы шаруашылықтарда малдарды түрлі типтегі арнайы ыңғайландырылған қораларда ұстайды. Қой қора жарық, құрғақ, кең болуы керек. Мүмкіндікке қарай, еденді сазбалшықтан, топырақтан немесе ағаштан жасайды. Жерден ол 20-30 см. көтеріңкі болғаны дұрыс. Қой қоралардағы температура 5-8 С-ден төмен, ал төлдегенде 15-18 С-ден төмен болмауы керек. Қойлар ылғалды онша ұнатпайды, сондықтан үнемі құрғақ төсеніш болғаны дұрыс (сабан, ағаш үгіндісі және т.б.). Терезені еден деңгейінен 1,2 м-ден төмен болмайтындай биіктікке орналастыру қажет, түнгі кезекші жарықты да қарастырған артық болмайды.

Қой қорада жем салатын аттақыр, суаратын астау және қораның ішкі жағынан да базадан да уақытша қалқа жасау үшін қалқандар орнатылуы керек. Жем беру үшін аттақыр мен астаудың ұзындығы бір қойға шамамен 30-40 см.‑ден болуы керек. Мәселен, бес қой үшін жем беретін астаудың ұзындығы 1,5-2 мболуы қажет.

Қой қырқу. Қойды азықтандыру мен суаруға дейін қырқу керек. Қой қырқу барысында олардың жүні құрғақ болғаны дұрыс. Қырқым үшін арнайы серпілі қайшылар немесе қой қырқуға арналған машинкалар пайдаланылады (қырқу машинкасы).

4. Қой жемі – пішен, сабан, сүрлем, сұлы, арпа, кебек, құрама жем.

Жазғы кезеңде қойға қысқа қарағанда жемді азырақ беруге болады, өйткені олар өрісте жайылады. Егер шығынды аз жұмсау үшін ауылда тұруды жоспарласаңыз, пішен мен сабанды өзіңіз де шабуыңызға, ал сұлы мен арпаны шаруа қожалықтарынан арзан бағаға сатып алуға болады.

5.Қой өсіру. Төлдеу мүмкіндігі 6-8 айлық тоқтыларда болады. Бірақ күйекті (қой қашыру) бір жастық кезеңнен немесе бір жарым жастан ерте бастамау керек. Тек өте жақсы дамыған тоқтыларды ғана алғаш рет 10 айлығында қашыруға болады. Қойлардың буаздық мерзімі орташа есеппен бес ай (142-155 күн). Қыста төлдету үшін (қаңтар –ақпанда) қойды тамыз бен қыркүйекте қашыру қажет. Ал көктемгі төлді алу үшін (сәуір – мамыр) қошқарды қойға қараша не желтоқсанда салу керек. Төл алуды жоспарлағанда көктемде туған төлдің қыста туған және сол уақытқа дейін күшейіп алған төлге қарағанда көктемгі тұрақсыз ауа райын ауыр көтеретінін ескеру керек. Бұдан бөлек, қыста туған қозы жайылымға шығару басталғанға дейін жемді жақсы жейді, ол салқын тиетін ауруларға да көп шалдықпайды.

6.Өнімді өткізу. Көп табыс табу үшін жөнге келтірілген өткізу рыногы аса маңызды. Бұл үшін бернеше нұсқалар бар: базарда өзіңіз сату; газетке, интернетке жарнама беру; бәлкім сіз өзіңізбен үнемі келісімге келетін, тауарыңызды тұтас сатып алатын бір саудагерді тауып аларсыз; дәмхана, мейрамхана, кәуәп орталығы басшыларымен бұл өнімді жеткізу туралы келіссөз жасау.

7.Болжамды есептеулер.

7.1.Шығыстар:

жас қозыларды сатып алу (6 айлық) – 8 000 теңге ( 1 қой бағасы) x 6 қой = 48 000 теңге.
сабан – 3 тонна = 15 000 теңге.
Бір күнде қой 2 кг сабан жейді, айына60 кг, ал 60 кг x 8 айға =480 кг (1 қойға) x 6 қойға =2 880 кг, бұл шамамен 3 тонна.
Құрама жем (3 қап 50 кг-ден) – 500 теңге x 3 қап = 1 500 теңге x 6 қап = 9 000 теңге.
Барлығы: 72 000 теңге.

7.2.Табыс:

Қой сату 25 000 теңге x 6 қой = 150 000 теңге.

8.Пайдалы сілтемелер:

fermer02.ru/animal/ovca/284-razvedenie-ovec.html

bibliotekar.ru/domovodstvo-2/58.htm

prohoz.ru/zhivotnovodstvo/ovcevodstvo/

5 пікір

MSHERIMBEK
Керемет екен;) Менің әкемнің кәсібі:) Жылда қырқүйек айында ірі қошқарлар алдырып, көктемгі төлдің алғышарттарын жасап жіберетін едік:)
Постыңызды бизнес блогына көшіріп қойсам:)
Қойсаң қой :) Қайда қоярымды білмедім. Сөйтіп бір блогқа қыстыра салып едім.
ereke_enu
Не ғой, осы салада біраз білетін болсаңыз, бір сұрағым бар еді… Жылқыға байланысты не айта аласыз? Орталық Қазақстандамыз негізі, былай, қай жер ыңғайлы Оңтүстік пе, әлде Орталық па? Қай жануар ең тиімді(табысы жағынан)?
Өкінішке орай, жылқыдан алыспын.
VVVWWW
Білмеймін шығыстарыңды қайдан алып отырғаныңды, тап қазір біздің облысымызда мал бағу тек шығынға түсіп отырған жайы бар, біздерде бір қап құрама жем (35кг) 2500 теңге, (былай ойлап қарасаң астықтың бағасына жақын) бір рулон шөп 5000-5500 теңгеден сатылып жатыр (рулон дегенді түсінетін боларсын малға жақын болсаң) ешқандай пайда көріп тұрғаным жоқ! Бір қойды қыстан шығару үшін 15 мыңдай қаржы керек екен!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.