Отаным десе ойыма...

Туған ел, Отан дегендер қастерлі, қасиетті сөз болып есептеледі. Біз есейіп, ер жеткенде, біздің азаматтығымызға баға беретін осы ұлы Отаның – анаң емес пе?

Біз – сол мейірімді ұлы ананың перзентіміз. Менің Отаным – Қазақстан. Неткен керемет, шуақты ұғым! Осы бір сөз жаныңа жақын, жүрегіңе ыстық… Тал бесігінде тербеп, аялап өсірген де Отаным. Жері қандай кең байтақ болса, жаны да сондай дарқан елімнің көрген құқайы аз емес. Шаршы топты шырғалаңға тартқан шағы да, етегін жаспен жуған қасіреті де, шаттанып күлген қуанышы да жеткілікті сияқты.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді…

Иә, ''мың өліп, мың тірілген'' қайран халқым, жатса түсінен, тұрса есінен кетпеген арманың – Тәуелсіздік'' түн артынан жарқырай таң атар'' демекші, сенің күнің туды. Міне, Тәуелсіздігімнің айғағы!

''Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа'',- дейді Елбасымыз.

Расында, болашақта өз елінің қожасы да, иесі де – бүгінгі жастар. Олар – біздер. Біз – жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егеменді елдің ертеңіміз. Рухани қаруланған бала ес біліп, ел санатына қосылғаннан кейін, өзінше талап қылып, өмір сүруге қабілетті болады. Қазір байлық жарыстыратын заман емес, білім, ой жарыстыратын заман.

'' Білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады'',- деген дана сөз бар. Қазақтың өткен тарихын жақсы біліп, ''мың өліп, мың тірілген'' тар жол, тайғақ кешуден өткен, сонда өз рухын ұстаған ата-баба тағдырын қадірлеп, ешқашан аяққа баспай, осы мәртебеге сай өмір сүру – болашақ ұрпаққа аманат!

Барша ұлтты бауырына басқан Отаным, мен сенің ізгілігіңнен, ұлылығыңнан нәр алып, дарқандығыңнан үйреніп, өсіп келемін.

Менің алдағы өмірлік мақсатым – осы елім мен жеріме қызмет ету. Өзімді өзім сондай ұлы арман иесі болуға міндетті түрде дайындаймын. Асқақ арманның асқар шыңдарына ар-намысының туын тіккен жан шыға осындай ой-толғаныстар әркімнің де көңілінде еліне – Қазақстанына деген шексіз сезімін туғызбай қоймайды. Мұндай сезім, көңіл-күй барлығымыздың бойымызда бар, ол бізге ана сүтімен қоса дарыған, сол ана әлдиімен санамызға, мектеп тәрбиесімен бірге ұштасып қалыптасты. Елбасы Қазақстан халқына жолдауында: '' Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты'',- деп атап көрсетті.

Бүкіл әлем халықтары өміріне жаһандану үрдісі еніп келе жатқан бүгінгі күнде өз тәуелсіздігін кеше ғана, өткен ғасырдың соңында қол жеткізген Қазақстан үшін, Елбасы ескертіп отырғандай, өз келбетінен айырылып қалмау мәселесі — өзекті өткір мәселе.

XXI ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. “Жастар – еліміздің болашағы” деген қанатты сөзді жиі айтамыз. Отанымыздың ертеңгі тағдыры бүгінгі қызметімізді атқаруымызға байланысты. Ендеше мына өтіп жатқан жаһандану үрдісіне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпейін десек, ұлттық мүддемізді қорғайық.

“ Көзіңді аш, аш қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал-қарам боп,

Қазағым, енді жату жарамасты.”

Ендеше, егеменді еліміздің көсегесін көгертіп, мәртебесін көтеру – баршамыздың басты мақсатымыз. Көк байрағымыз аспан аясында биіктеп, қара бұлт төнбесін!

“Үлгі бізге аталардың ерлігі,

Ұлағатты, өнегесі, еңбегі.

Тәуелсіздік туын ұстап жоғары,

Бүгінгі ұрпақ – болар елдің ертеңі!”

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.