Американ саясаттанушысы Сэмюэль Хантингтонның “Өркениеттер қақтығысы” атты кітабына пікір

Өркениет — мәдениеттің прогресі, болашаққа бой сермеуі, қоғамның парасаттылық деңгейі
(Ф. Вольтер, Д. Белл)
“Өркениеттер қақтығысы” атты кітап американ саясаттанушысы Сэмюэль Хантингтонның өркениеттік күйреу туралы тұжырымдамасы десек те болады. Алғаш рет бұл тұжырымдама 1993 ж. Хантингтонның “Өркениеттер қақтығысы” мақаласында келтірілді, қысқа мерзім ішінде бірнеше тілге аударылып, қызу пікір-талас тудырды. Кейінірек С.Хантингтон мақаласының негізгі идеялары оның “Өркениеттер қақтығысы және әлемдік тәртіптің шегі” (1996) атты кітабында одан әрі өрбітілді.
Кітапта «өркениет» пен «мәдениет» ұғымына кеңінен тоқталып, жеке-жеке анықтамалар берілген. Бұл ұғымдардың айырмашылығы мен ұқсастықтарын атап өтіп, «өркениет» жайлы ғылыми еңбектер жазған әр кезеңнің ғалымдарының пікірлеріне аса назар аударған.
Неміс саясаттанушысы О.Шпенглер пікірінше, өркениет пен мәдениет бір-бірінен алшақ дүние. Оның түсінігінше, өркениет бұл технологиялық және техникалық жаңалықтар болса, мәдениет – базистік құндылықтар мен адамның рухани дүниесінің жай-күйі болып табылады.
«Өркениет» термині латынның “cіvіlas” деген сөзінен шыққан. Оның мағынасы: 1) азаматтық, 2) азаматтық қоғам, мемлекет, 3) қала.
Өркениет (цивилизация) термині ХVІІІ ғасырдан бері айналымға еніп, адамзат тарихында варварлықтан кейін келетін кезеңді белгілейтін ұғым ретінде дүниеге келді, қарабайыр тілмен айтқанда, варварлықтың қарама-қарсы беті деген мағынада қолданылды. Өркениеттің шығу тегін, әрі оны классификациялауды жан-жақты қарастырған ағылшын тарихшысы Арнольд Тойнбидің 12 томдық еңбегінің ғылыми маңызы күшті. Ол өркениетке 21 қоғамды жатқызады. Оның 10-ы – тәуелсіз өркениет болып есептеледі.
Өркениет үнемі қозғалыстағы феномен. Ол қалыптасу, дәуірлеу, күйреу, жойылу немесе басқа өркениетке ұласу кезеңдерін бастан кешіреді. Өркениеттің қалыптасуы адамдардың бірқатарының өмір салтын өзгертумен, жаңа құндылықтардың пайда болуымен, харизматикалық көсемдердің сахнаға шығуымен және өркениеттік доктринаның дүниеге келуімен басталады. Өрлеу кезеңі өркениеттің көзқарасы, менталитеті, институттық жүйелерінің жақсы жұмыс істеуінің жемісі. Ал күйреу – оның идеясын жақтаушылардың азаюымен бірге келеді.
Еңбекте С. Хантинтон неміс философы О.Шпенглердің “Еуропаның сөнуі”, ағылшын тарихшысы А.Тойнбидің “Тарихты игеру”, жапондық американ тарихшысы Ф.Фукуяманың “Тарихтың ақыры”, қазақ философы Д.Кішібековтің “Мәдениет және өркениет” деген еңбектерінен үзінділер келтіре кеткен және солардың пікіріне сүйене отырып өзіндік пікір қалыптастырған. Қорыта келе айтатыным, еңбекті оқи отырып, «өркениет» пен «мәдениет» ұғымдарының ара жігін ажыратып, екеуінің екі бөлек мағынаны беретіндігін ұғынасыз. Шындығына келгенде, екеуінде жақындық болғанымен, бір ұғым емес, сондықтан да оларды синоним ретінде қолданбай өз орнында пайдалану керек. Бұл туралы қазақтың көрнекті философы, академик Д.Кішібековтің “Мәдениет және өркениет” атты еңбегінде аталып өткен.
Американ саясаттанушысы Сэмюэль Хантингтонның “Өркениеттер қақтығысы” атты кітабы – әлемдік құндылықтарды басты назарға ала отырып жазылған еңбек. Талай оқырман мен талай ғалымдардың сынына түсіп, мін айтылса да, сапалы әрі жемісті еңбек.

2 пікір

Kan
Өкінішке орай бұл кітапті оқымаппын. сондықтанда нақты бірдеңе деу қиын
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.