Соғым сою тәртібі.

Қазақ салт-дәстүрлері /
Қысқа ет дайындау кезінде сойылған мал-соғым. Соғымға сойылатын малдар: жылқы, түйе, сиыр. Соғымға сойылатын мал ерте күтімге алынып, жемге байланады. Ол әбден семіргенше, қазақтар қызылсырап қалмауы үшін күн суыта күздік сойып алып, соның етін жей тұрады. Күздік малы: тана, торпақ, тай, құлын, кәрі-құртаң. Сол себепті қараша айы туғанында қазақтар: «Қараша – қауыс, кәрі-құртаңды тауыс», — деп мәтелдеген. Өйтпегенде ше, кәрі-құртаң мал қыстың ақырған аязы мен бұрқасын боранын көтере алмай, текке арам өліп қалады. Содан ол жазбойы жинаған азын-аулық қоңын жоғалтпай тұрғанында оны күздікке сойып алған дұрыс.
Егерде мүмкіндік болса, соғымға жылқы сойған жақсы. Соғымға арналып, жемге байланған жылқыны суық толық түсіп, қар бекіп, қыс күшіне енген желтоқсанның аяғында, қаңтардың басында сояды. Әйтпесе, жылы ауа-райында шошалада сақталған жылқы еті тез бұзылып кетеді. Қазір қаладағы қазақтар соғым етін мұздатқыш, тоңазытқышта сақтайды. Ал, аязға сорғызып, мұз қылып қатырмай, күтіп ұсталған соғым еті дәмді болады. Жылқы еті шамалы суыққа қатпайды, семіз болса, тіпті тез қызып, бозданып, дәмінің бұзылып, қоректік құнарлығын жоғалтып алатыны белгілі.
Соғым соятын
отбасында
орындалатын шарттар:
1. Малды соғымға соятын күн, оның сағаты алдын-ала белгіленеді.
2. Малды жығып, аяқ-қолын байлайтын, бауыздап, терісін ірейтін, етін мүшелейтін, қарын, ішегін тазалайтын адамдар шақырылады. Оған негізінен, жақын туған-туыс, мал сойып жүрген қасапшылар келеді.
3. Соғым союға қажетті жабдықтар дайындалады. Олар: жылқының басын тартатын, аяғын байлайтын мықты арқан, жіп, өткір де қарулы пышақ, шарық қайрақ (жай қайрақ жарамайды), балта, омыртқа қайыратын кіндік темір, жаңғырық (бауыздау алқымға және қабырғаға салу үшін), мал сойғанда астына төсейтін қамыс немесе сабан, ілеген (шылапшын), су құятын ыдыс (бұл күні су көп қажет болады).
Мақсұтбек Сүлейменов.

5 пікір

qyrmyzy
Соңым сойылатын күнді күтетін ек...Қуырдақ жейміз деп:)
beko
Керемет қой, мына жазғандарыңыз.
Айтқандай қой сойып үйренуді мақсат етудемін, мүмкін болса айта кетсеңіз нұр үстіне нұр болар еді.
Егер жеке пост ретінде де кетсе асып түсер еді…
Jako
Байқап көрейін, Беко.
banzaika1990
Үйде соғым сойылатын күн бір ырду-дырдуға толы қызығы да, қиындығы да бар күн ғой. Әсіресе қой сойғанда төсінен ??? (атын ұмытып қалыппын, ұят-ай, бірнеше жыл ауылда болмағанымның белгісі ғой) алып, ырымдап босағаның шекесіне жабыстыратын кез балаларға өте қызық болып көрінетін. Соғым сойғанда аш ішекті аудару және өруді жақсы істейтін едім. Май қасықты қолға алып білекті сыбана кірісетінмін. Баламыз ғой қызық көретінмін. Жылқы сойғанда үйден кетіп қалатын едім, себебі жылқыларды өте қатты жақсы көремін, қимаймын.
Jako
Төстің етек шеміршегін кесіп алып кішкене балаға береді да " Қане бәсіре тайың жүйрік болар ма екен, көрейік, лақтыр"-дейді Лақтырған шеміршек қабырғаға жабысып қалса «Е, бәрелді, тайың жүйрік болады екен»-десіп қауқылдасады. Бұл да бір бабаларымыздың жеткіншекті алдан жақсылық күтуге тәрбиелеуден туған ниеттері болса керек, болмаса шеміршек жабыспай қалуы өте сирек зат емес пе?
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.