Арапа күніндегі шектік

Қазақ салт-дәстүрлері /
Қазақ салт-дәстүрлері: Арапа күніндегі шектікАрапа — иісі мұсылмандар үшін қасиетті күндердің бірі боп есептеледі. Бұл күнде мұсылмандар мейілінше таза киімдерін киіп, нәпіл намаздар оқу, ораза тұту, жетім-жесірлерге жәрдемдесу, садақа беру секілді ғибадаттарын үдетеді. Ата-бабаларымыз Арапа күнін қастерлегені соншалықты, бұл күні ренжіскендер болса татуласып, кейбір тұтқындарды азат еткен. Қазақ халқының Арапа күнінде атқаратын ғибадаттарының бірі — Шектік тарату боп табылады. Ол қазақтың садақа іспеттес ғұрыптарының бірі. Шектікті отбасы мүшелерінің бірі қайтыс болғандар арапа күні, яғни, құрбан айт мерекесінен бір күн бұрын үш жыл қатарынан таратады. Өлілерін ұмытпай, қадір тұта білген қазақ халқы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені, Арапа — Аллаһ Тағала қадірлеген күн», «Арапа күні жәһаннамнан көп құл құтылатыны соншалықты, басқа күндерде мұншама құл құтылмайды», «Дұғаның қадірлісі – Арапа күні жасалған дұға» — деген мағынадағы хадистеріне сүйене отырып, шалынған малдың етін жетім-жесірлер мен кедей-кепшіктерге үлестіру арқылы, Алла тағаладан осындай амалдарынан болған сауапты қайтыс болған жандардың рухтарына сауаптан жазуларын дұға етіп өтінетін болған. Сондай-ақ, үлкен дастархан жайылып, туған-туыс, құда-жекжат, дос-жарандарын шақырып дәм алдырған.
Бұл амалдан соң (яғни, ертесі күні) жамағатпен бірге екі бас құрбан айт намазын оқып, имам құтпасын тыңдап болысымен үш күнге созылатын айт мерекесінде уәжіп боп есептелетін құрбан малын міндетті түрде шалған. Шариғатты мықты ұстанған ата-бабаларымыз Арапа күні туысымен тәшриқ тәкбірлерін оқып бастап, үш күн құрбан айт мерекесі аяқталғанша оқуын жалғастырған.

5 пікір

Jako
Тамаша дәстүр, біз жақта (Жамбыл өлкесі)бұл дәстүр сирек қолданылады.Бірақ сол жылы қайтыс болған кісідердің үйлеріне алғашқы айты деп міндетті түрде кіріп құран бағыштап шығамыз.Құрбан айт күні таң қараңғысынан, айт намазына дейін зират басына үй-ішімізбен барып бақилық болған туған-туыс, жақын-жуық, жекжат-жұрағаттардың бастарына барып дұға бағыштаймыз.
Auyldan
kalybek.wordpress.com/2009/11/23/%d1%88%d0%b5%d0%ba%d1%82%d1%96%d0%ba-%d0%b1%d0%b5%d1%80%d1%83/
2009ж. «шектік» туралы жазған жазбам екен, таныса отырыңдар.
yesbolat83
Оқыдым. Жақсы жазылған екен. Шығыс өңіріміздің кейбір жерлерінде шектік малын тарататынын білмеппін.
Yeld
Шек күні құрбандық шала ма сонда? айт күні шала ма? Бізде шек күні әйелдер әбігер болады шелпек пысырып, айт күні бірен-саран адам айтшылаған болады, үлкендер мысалы. Құрбандық шалып етін таратады дегенді көрмеппін, тарататын шығар, білетінім кейбір үйде құран оқып көрші-маңайды жинайды құрбан малдың етін асып. Чығыста тауда бар болар чектік деген… жазықта жоқ…
yesbolat83
Шек күні, яғни, Арапа күнінде құрбандық емес, садақа таратады. Сол сойылған мал етін жағдайы төмендерге таратады сауап ниетімен. Сосын,
Бұл амалдан соң үш күн айт мерекесінде уәжіп боп есептелетін құрбан малын міндетті түрде шалады.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.