Қысқы спортта Қазақ неге аз?

Салауатты өмір салты /
Қазір көптеген қазақ сайттарын не газеттерін ашып қарасаңыз, "қысқы спортта қазақ баласы неге аз" деген сауалдарға жиі жолығасыз. Жалпы, қысқы спорт түрі емес, спорттың көптеген түрлерінде қазақтар аз екендігі белгілі. Осы жөнінде өз ойымды ортаға сала кетейін.
Былтыр елімізде тұңғыш рет Ақ Азиада өткенін бәріміз білеміз. Баспасөз беттерінде талай жазылды. Соның ішінде, қазақ баспасөздері екекше екпінмен жазды. Дұрыс делік, бірақ, сол Азиадаға қатысқан ұлттық құрамамыздағы ұлты қазақ спортшының саны жиырмадан сәл асады екен. Көбіне бокс, күрес және т.б. жекпе-жек түрлеріне баратын қазақ жастарының қысқы спорт түрлерінен жүлде алып жатқаны бірен-саран. Мысалы, жапон, корей халқы өз балаларының бейіміне қарай спорт секцияларын таңдайды екен. Мүмкін, бізге де осылай таңдау керек шығар. Босқа ақша шашып, қымбат спорт түрлерін дамытқанша, өз балаларымыздың икеміне қарай, қажетті спорт саласын дамытайық. Шаңғы тұғырдан секіру, мәнерлеп сырғанау, биатлон, хоккей, үлкен теннис, автоспорт, мотоспорт, велоспорт т.б. сынды дамыған елдердің қымбат спорт түрлерін дамытқанша, өзімізге қолайлы бокс, күрес, штанга, Азиялық спорт түрлері сияқты «кедей елдер спортын» дамыта берейік. Бізді әлем жұртшылығы бәрібір кедей ел ретінде таниды. Яғни, бұл спорт түрлерінің қарқынды дамуы үшін — дамыған, өркендеген ел болудың онша қажеті жоқ қой. Қанша айтылып, жазылғанмен қай спорт түрлерін алып қарасақ та, қазақ балалары көп емес екені шындық. Қаладағы Қазақ балаларын спортқа беруге онша ынталы емес, ал ауылдағы Қазақтың мүмкіндігі жоқ. Халықтың өз ынтасымен жүзеге аспаса, спортта «қазақтар аз» деп құр айқайлағаннан ештеңе өнбейді. Бізде үкімет ауылға бет бұрмай, бұл сала оңалмайды. Ауылдарда стадион түгіл, шағын спорт алаңдары жоқ, спорт үйірмелерінің өзі дұрыс жұмыс жасамайды, себебі: маман тапшы. Ауыл спортына ерекше көңіл бөлінбей, ілгері жылжуымыз мүмкін емес. Ал, әзірше, Қазақстанның намысын қорғап жүрген басқа ұлт өкілдеріне рақмет айтамыз да.

1 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.