«Сонарға сіңбес соңғы көш»

Журфак /
«Әлемнің» әдеби сырлы сұхбаты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әдебиетке құштар қауымы 21 қарашаны асыға күтті. Күткен кездесу де көңілдегідей өтті. Бейсенбі күні Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов университетке келіп, оқырманымен ой бөлісті. Аты Алашқа аян жазушымен жүздесуге жиналғандар саны көп болды. Студенттер мен оқытушылар көкейіндегі сұрақтарын қойып, жазушының шығармашылығы турасында тың деректер тыңдап қайтты. «Әлем» әдеби бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Сонарға сіңбес соңғы көш» атты сырлы сұхбатқа факультет деканы Өмірхан Әбдиманұлы мен Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор, саяси ғылымдарының докторы Сұлтанбаева Гүлмира қатысты.
Журфак: «Сонарға сіңбес соңғы көш»
Қазаққа құнды туындыларын тарту еткен Қабдеш аға қаламының қозғаушы күші шындық екенін айтып, шығармашылыққа бет бұрған жастарға ақиқат жолында жүру керектігін түсіндірді. Тамаша тарихи туындылардың авторы кездесуге келген әрбір оқырманының сұрағына тосылмай толық жауап қатты. Тағдырдан тепкі жесе де сынбаған, қуғын-сүргінге ұшырап жатса да тынбаған өз заманының тарихи шындығын шығармаларына арқау еткен қайсар қаламгермен өткен бұл сырлы сұхбат көптің санасында сақталары анық. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мен кешегі қылышынан қан тамған Кеңес одағының қауышуы іспетті өткен кездесуде тарих пен әдебиеттің көпке беймәлім тұстары сөз болды. Қаламгер көп талқыға түспейтін «Түрме әдебиеті» жайлы жиылған қауымды біраз жайттан хабардар етті. Журналистика факультетінің студенті Құдайберген Арманның «Бір сұхбатыңыздан оқыдым аға, Қазақстанда «Түрме әдебиеті» қалыптаспаған депсіз осы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз» деген сұрағына жазушы өз толғаныстарын тарихпен астастыра отырып жауап берді. Шыңжаңда қалыптасқан «Түрме әдебиеті» түсінігін тереңдете айта кетті десек артық болмас.
Журфак: «Сонарға сіңбес соңғы көш»
«Үлгі тұтатын жазушыңыз кім?» деген кезекті сауал қойылды. Осы сұрақтың жауабында Қабдеш аға өзі көзін көріп, шығармашылығымен сусындаған ұлы жазушы М. Әуезов туралы толғана ой қозғады.
Әдебиет тарихынан ойып тұрып орын алған «Біржан мен Сара» айтысы туралы туындаған сауалға жауап қатқан жазушы қос ақын арасындағы айтыс туралы ақтарыла әңгімеледі. Қос ақынның да Қазақстан жерінде өмір сүргенін растаған қаламгер, Біржан мен Сара айтыспаған деген пікірді алға тартты. Ақындар арасындағы айтыстың болмағандығын растайды деген бірнеше деректерді келтіре отырып, осы тақырыпты тарқатты.
Журфак: «Сонарға сіңбес соңғы көш»
Сырлы сұхбаттың сәнін келтіріп, сұрақтар мен жауаптардың арасын жалғап, кездесу көптің көңілінен шықсын деп «Әлем» әдеби бірлестігінің мүшелері домбырамен қосыла ән шырқап, жазушыға арнау оқып, Қабдеш Жұмаділов туралы бейнематериал көрсетті. Прозалық туындыларымен танымал Қазақстанның халық жазушы студенттердің шығармашылын бағалап, батасын беріп, жастық шағын да есіне алды.
Журналистика факультетінің оқытушысы Шаймаран Мұрат ағайдың сұрағына берген жауабында қаламгер Кеңес дәуірінде әдебиетте шындықты жазудың жолын табу оңай болмағанын, сонда да кейіпкерлері арқылы өз заманының заңғар тұлғаларын тарихи романдарына кіргізе алғандығын айтып өтті. «Жазылған тарихтың бұрмаланған беттерін қайта зерттеп, қайта жазу керек», — деді Қабдеш аға.
Журфак: «Сонарға сіңбес соңғы көш»
Жазушымен өткен жүздесу соңына таяғанда «Әлем» әдеби бірлестігінің кеңесшісі Сұлтанбаева Гүлмира апай кеш қонағына арнайы сыйлықтар тарту етіп, студенттердің сөзін жерге тастамай, өзі қанат қаққан ҚазҰУ-дың қабырғасына келгені үшін алғысын білдірді.
Журфак: «Сонарға сіңбес соңғы көш»
Факультет деканы Өмірхан Әбдиманұлы Қабдеш ағаға рахметін білдіріп, осындай жүздесулердің әлі де жалғасын табатындығын айтты. Өз кезегінде сан түрлі сұрақтарға жауап беріп, алуан түрлі тақырыпты талқылаған қаламгер сұхбат соңыңда кездесуден алған әсерімен бөлісіп, студенттерге ағалық ақылын айтты. Шығармашылықтың биігін бағындырғаным қастарымның арқасы деп сыр шерткен шебер қаламгер әркімнің ең бірінші ұлттық мүддені ойлауы керек деген пікір білдірді. Жастардың бойында жалыны барында Отанына, еліне, жеріне жұмыс жасап, Қазақстанның гүлденгеніне үлес қосқаны абзал деді. Жазушының қаламынан туған туындылары топтастырылған бір-бір кітабын құшақтап жастар Қабдеш ағадан қолтаңба алуға асықты. Кездесу қатысушылары Қазақстанның халық жазушысымен естелік суреттерге түсіп, сырлы сұхбаттан үлкен әсер алып тарқасты.
Карл Сымбат, Журналистика факультетінің 3-курс студенті

4 пікір

Жазушының «Біржан мен Сара» айтысы жайлы білдірген пікірінің бейне жазбасы бар. Керек болса айтарсыздар...
Jako
Мен Қабекеңді заманымыздың заңғар жазушыларының бірі ретінде сыйлаймын, құрметтеймін, әрі шығармаларын сүйіп оқимын.«Соңғы көш, Тағдыр, т.с.с.» романдарынан сусындап, сол бір кездегі жабық әлем қытай қазақтары өмірімен осы кітаптар арқылы танысқанмын. Бірақ «Біржан мен Сара» айтысымен дәл солай сусындап өскен менің қатарыма Қабеңнің бұл пікірі төбеден ұрғандай әсер етері анық.Тегі Біржан мен Сара өмірде кездеспей ақ қойсын, сондада айтыс деген жанрда көш бастап тұрғанымен ақ құнды емес па? Басқа халықтар (мыс.қырғыздар т.с.с)өтірік болса да жоқтан бар жасай алмай жүргенде, біз әдебиетіміздің жауһары болып тұрған дүниемізді жоққа шығарғанда не ұтамыз? Ары-беріден соң бұл тарихи шығарма да емес қой, фольклор десек те болар. Фольклор ауыз әдебиетіне жақын жанр, ауыз әдебиеті жаба әдебиеті емес,қай уақытта да даулы мәселелер жетеді емес па? Негізі қазақ бір нәрсені түртпесек жүре алмаймыз-ау…
Бұрындары сұхбаттарында Қабдеш аға «Біржан мен Сара» айтыспаған деген ой айтқан екен. Сауалдар туындаған соң қос дүлдүлдің айтысы жайлы өзі осы жолы әңгімелеп берді. Ол Біржанның да, Сараның да айтыскер ақын екендіктерін жоққа шығармады. Екеуінің де көш бастап тұрған айтыскерлік қабілеті барын да айта кетті. Бірақ, екеуінің жас мөлшері де сәйкес келмеген деген пікір білдірді. СІЗГЕ ҚЫЗЫҚ БОЛСА, ӨЗ АУЗЫНАН ЕСТІҢІЗ БЕЙНЕ ЖАЗБАСЫМЕН БӨЛІСЕЙІН...
Соңғы өңделген уақыты:
Jako
Мен өзім де біршама білемін, жаңа ешнәрсе бола қоймас, бұл ескіден келе жатқан әңгіме.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.