Таңғажайып жеті саны Жеті санымен аталатын керемет көп

Пайдалы кеңестер /


Жердің жүзін мекендеген халықтардың көбісі ерте кезден-ақ жеті санында сиқырлық күш бар деп санаса, оны киелі, қасиетті деп ұғатын да ұлттар бар. Біздің ата-бабаларымыз да жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелері мен заң, жүйелерді жеті санымен атайды. Аллаһ Тағаладан пенделеріне түскен қасиетті кітаптардың бірі – Тауратта жеті саны 500 рет қайталанады.

Қазақтардың таным — түсінігінде Жеті ата. Бұл – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасында адамның ата жағынан тегін таратудың нақты жүйесі. Әрбір қазақ баласы өзінен бастап жеті атасының аты-жөнін білуге міндетті. Мұны әке-шешесі, ата-әжесі үйретіп, жаттатуға тиіс.

Өйткені қазақта жеті атаға дейін қыз алыспайды, оған дейінгі ұрпақ бір атаның баласы – туыс саналады. Қазақтар негізнен жеті атаны былайша таратады: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Үлкен ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.

Сондай-ақ, адамдар атасынан төмен қарай атағанда былайша ататек жалғасады: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Мұнан соң туыстың атаулар әрі қарай: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді. Жеті аталық ұстаным әрбір қазақтың, бүкіл халықтың бабалар рухы алдында іштей жауапкершілік сезімін оятатын күшке ие.

Ол – этникалық тұтастықтың қуатты арқауы, темірқазығы. Сол себепті ата-бабаларымыз: «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Ата – тегін айтқанның айыбы жоқ» деп ұрпақтарына жеті атасын білуді өсиет, аманат етіп айтып кеткен. Қазақтар бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежатты «Жеті пұсты» деп те атайды.

Жеті қазына. Ол жөнінде пікір таласы көп. Алайда қазақтар ертеде жеті қазынаға мыналарды жатқызған: 1. Ер жігіт. 2. Сұлу әйел. 3. Ілім-білім. 4. Жүйрік ат. 5. Құмай тазы. 6. Қыран бүркіт. 7. Берен мылтық.

Қазақтар жеті қазынаны «жеті ырыс» деп танып, оған мыналарды жатқызған: 1. Адамның ақыл-ойы, санасы. 2. Денсаулық. 3. Ақ жаулық (ердің жары). 4. Бала (өмір жалғасы). 5. Көңіл (көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ, береке орнайды). 6. Жер («Жерсіз – ел тұл, ерсіз – жер тұл»). 7. Ит.

Ал, Ислам аңызы бойынша, жеті қазынаға мыналар жатады: 1. Қыдыр (қызыр). Қыдыр дарыған адам бай болады. 2. Бақ. Ол ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. 3. Ақыл (Байлық пен бақыттың тірегі). 4. Денсаулық. 5. Ақ жаулық. 6. Тұз (Ол – Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені). 7. Ит. (Адам Ата мен Хауа Ананың алғашқы серігі).

Қазақтардан басқа халық-тарда да жеті қазына туралы өзіндік таным, түсінік бар. Мысалы, грек аңыз — әңгімелерінде жеті қазынаға мыналар жатады: 1. Көк аспан. 2. Күн (барлық зат оның шуағынан нәр алады). 3. Ай (түнгі тіршлік нәрі). 4. От (От – Күннің жердегі сүлдесі. Оны пайдалану арқылы адамдар дүниенің төрт бұрышына тарады). 5. Су. (сусыз тіршілік жоқ). 6. Жер (тіршілік анасы). 7. Ит.

Жалғасы бар...

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.