"Ақшаны жинайтын адам жоқ..."

Пайдалы кеңестер /
Бүгінде адамдар ақшаны әртүрлі жолдармен табады.Етік тігіп, еден жусаң да ешкім "қой!" демейді.Шүкір, елімізде еңбекке ұмтылғанды етектен тартпайды.Бірақ, табыстың кілтін таба алмай, қаражаттан қысылатындар да жетерлік. Біз халықтың тіршілігін, өмір сүру қағидасын ескере отырып, тұрмысты жақсартуға көмектесетін бірнеше табыс көзіне талдау жасап көрдік.Қазіргі заманда ауадан ақша жасайтындар да бар.Оның жанында төмендегі жұмыстарда қолыңыз әлдеқайда таза боларын ұмытпаңыз.
Агент.Қызметтің бұл түрі қыз-келіншектерге арналған.Яғни, косметика өнімдерін шығаратын компанияға жұмысқа ешқандай ақысыз, таныссыз-ақ кіре аласыз.Тек компания өнімдерін жарнамалайтын каталогты алып, оны құрбыларыңызға, таныстарыңызға таратсаңыз болғаны.Егер құрбыңызға опа, далап ұнай қалса, тапсырыс бересіз.Бір айда жинаған тапсырысыңыз есептеліп, оның отыз пайызын ала аласыз.Егер таныстарыңыз көп болса, сіздің айлық табысыңыз шамамен 50 мың теңге болар еді.
Курс.Егер жұмсыңыз ұнамаса, оны тоқтата аласыз.Бірақ, алдымен нақты шешімге келу керек.Жаныңыз нені қалайды? Мүмкін, шашатараз, массажист, инженер, дизайнер болғыңыз келе ме? Арнайы ақылы курстарды аралап, қалаған кәсібіңізді меңгеріп алыңыз. Ойлап қарасаңыз, табысты тіртінектеп табатын массажист, шаштарздардың көбісі бөгде кәсіп иелері.Демек, осы салаға деген ықыласыңыз күшті болса, бәрін де игеріп аласыз. Ақшаға қызығып, тезірек өзгеріс енгізуге асықпаңыз. Алдымен, саланы қаншалықты меңгергеніңізге көз жеткізіңіз.Егер “өз ісінің шебері” болсаңыз, жүз теңгенің жұмысын мың теңгеге істеп берсеңіз де ешкім ренжімейді.
Аударма.Шет тілдерінің бірін жақсы білетін болсаңыз, демалыс күндері аударма жасап, азын-аулақ ақша жасасаңыз болады.Ол үшін өзіңізге қажетті сайттарға өзіңіз жайлы мәліметпен бірге, бұрын жасаған аударма жұмыстарыңыздың жазбаша нұсқасын жолдаңыз. Аударма агенттігі шет тілін қаншалықты деңгейде меңгергендігіңізді біліп, бірнеше тапсырма беруі мүмкін. Мәселен, орысша ,қазақша еркін сөйлейтіндер аударма арқылы айына 100 мың теңге табады.
Хобби.Кей адамдар осы сөзді түсінбейді. Естісе күледі. Бұл дұрыс емес.Мәселен, сіз тігін мәшинесінде отырып, көйлек тіккенді жақсы көресіз. Тамаша. Сондай-ақ, күн жылынды, бітті, той жасайтындар көбейді. Сіз түрлі көкөністерді турап, дастарханды сәндей аласыз.Мұның еш айыбы жоқ.Керісінше қиялыңызды ұштастыра біліңіз. Қолыңыздан келетін ісіңізді жақындарыңызға айтыңыз немесе интернетттегі қажетті сайттарға жолдаңыз. Бұл кәсіптің нәсібі өзіңіздің қызығушылығыңызға байланысты.
Маклер. Бұл атау баршаға таныс.Өйткені, қай қалада болмасын, пәтер іздесеңіз, маклердің қызметіне жүгінесіз. Алдымен ,қаланы жақсы білу керек. Көшесін, халқын, тағы басқасын. Бұл ақпарат клиенттің қызығушылығын арттыруға көмектеседі. Көпшілік пәтерді жұмыс уақыты біткеннен кейін аралап көргенді жөн санайды. Егер сіздің жұмысыңыз 6-7 шамасында бітер болса, нұр үстіне нұр. Ал сенбі, жексенбі күндері қаланы аралап, жалға берілетін пәтер іздесеңіз болады. Осы қызметке ұқсас тағы бір табыс көзі бар. Сіз осы жолы пәтер емес, сатылатын көлік іздейсіз. Оны демалыс күндері автобазарға сатуға алып шығасыз. Егер сауда сәтін салып, көлік өтіп кетсе, үстінен біраз пайда көресіз. Бірақ, базарда бір ғана көлік сату тиімсіз. Мүмкіндік болса, үш-төрт көлікті саудаға шығарсаңыз жетіп жатыр.
Промоутер. Қызметтің бұл түрін көп адам түсіне бермейді. Мәселен, сіз дүкенге барғанда, қыз-жігіттер: “Мына шайдың немесе шырынның дәмін көріңізші ”, деп жармаса кетеді. Міне, оларды промоутер дейміз. Тіпті, көшеде жеңілдігін жариялаған дүкендердің бір парақ қағазын да таратсаңыз болады. Промоутерліктен ұялмасаңыз, жұмысы аса қиын емес. Уақытты көңілді өткізесіз. Ақша тауып та, қыдырып та үлгересіз. “Айына мынандай ақша аласыз” деп алдағымыз келмейді.Бірақ студент жастар үшін өте ыңғайлы.
Ең бастысы, жоғарыда айтылған қызмет түрлерін жүзеге асырып, ең көп пайда бергеніне жұмсау. Ендеше, еріншектікке бой алдырмай, табысты болуға асығыңыз. Өйткені, біреу: “Ақша қала көшелерінде шашылып жатыр, бірақ жинайтын адам жоқ ”, — деген екен. Сол айтпақшы, біз бес-алтауын ғана санамалап көрсеткен қызметтің қырық түрі бар қалада. Тек “алма піс, ауызға түс” деп құр қарап жүрмесеңіз болғаны.
“Алқа” №4(42) журналынан алынған
Айтаберге ұсынған Мади.

4 пікір

Jako
Ай Мади-ай, бұның бәрі өкіметтің ми ашытудан қашып адамдар жұмыс жоқ демесін,өзін өзі асырасын(біреуі алдап, біреуі алданып) деген тапсыруымен жасалып жатқан дүниелер емес пе? Осы бір жұмыстардан ең басында отырғандарды есептемесек қомақты қаражат жинап байығандар өте аз шығар.
Ademi
Хобби — жақсы ғой
Togzhan
Еңбек еткісі келеген адамға еш кедергі жоқ дейсіз ғой, рас! Бірақ, клиент жинайтын жұмыс жасау үшін де қабілет керек қой. Кез-келген адам агент н/е маклер бола алмайтыны анық! Ол үшін де біраз ширақтық, пысықтық әрі сөзбен жаулап алатын шешендік те керек.
Begimzhan
Өте орынды. Мен қосыламын. Қазіргі заманда жақсы өмір сүру өте қиын. Нарықтық заман. Адам білім алып, сол алған білімін пайдалана білгенде ғана қаражатқа қол жеткізеді. Қаражат өміріңді жақсы өткізудің кепілі. Өкіметтің салып берген сүрлеуімен жүре берсең (қарапайым қызмет түрлері), бір айлықтан екінші айлыққа дейін зорға жетіп, келесі айлықты күтіп отырасың…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.