Менің атым....
Менің атым…
Балаға лайықты ат беру – ата-ананың міндеті әрі ұлттық болмысымызды танытатын ерекшелік те осы. Есім беруге атүсті қарауға болмайды. Себебі есім – адамның өмірлік серігі. «Ата-ананың перзенті алдындағы парызы жақсы ат қою және жақсы тәлім-тәрбие беру...» деп хадисте айтылған. Расында дүниеге келген сәбиіне жарасымды да есті есім беруді қаламайтын ата-ана жоқ шығар.
Әжемнің айтуынша, ертеректе «игі жақсылар секілді абыройлы болсын» деген ниетпен жаңа туылған ұл балаға ерлігімен елінің есінде қалған батырдың, әділ төрелігімен төңірегіне жаққан бидің, халқының қамын ойлаған ханның атын береді екен. Ал қыздарға тарихта аты қалған, көркіне ақылы сай апа-әпкелеріміздің есімін қойған. Мәселен, Алпамыс, Наурызбай, Жәнібек, Жібек, Баян, Ләйлі, Ботагөз секілді аттар… Сондай-ақ қыздарымыздың көбі аспан әлемінің, асыл тастардың немесе қымбат матаның, нәзік әрі сирек кездесетін гүлдердің атауын еншілеген. Айман, Шолпан, Жұлдыз, Құралай, Алтын, Күмісай, Лағыл, Меруерт, Мақпал, Шынар, Раушан, Қызғалдақ есімдері осыдан шықса керек. Апта күндеріне орай аттар да жоқ емес. Нәрестенің қай күні туылғанына байланысты Дүйсен, Дүйсенбек, Сәрсенбек, Сенбек, Сәрсенәлі, Бейсенбек, Жұмағали, Жексенбайлар болған. Балаға өзі туылған айдың атын таңу да таңсық емес.
Ертеректе Көкше жерінде Қасым ханның тоқалы босанып, үлкен той болған. Наурыз айында туылған нәрестеге Наурызбай деп ат қояды. Найзасымен талай жауын түйреген Наурызбай батырдың есімі осылайша қойылған екен. Барша алашқа танымал қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев «Өтті дәурен осылай» атты кітабында: «Жұмабай атамнан 1886 жылы туған Меңліахмет – менің әкем. Оң жақ бетінде алақандай меңі болса керек, атын соған қарап қойыпты» дейді. Қалдыбай мен Қалдыгүлдер де осылайша дүниеге келгенін білу қиын емес. Дулат Исабековтың «Бонапарттың үйленуі» комедиясында қазекемнің өз перзентіне ат қоюдағы асыра сілтеушілігі сын садағына ілінген. «Балаға ат қоюға келгенде қазақтан өткен «нахал» ешкім жоқ. Олар дүниежүзілік есімдердің қожасындай оның төбесіне шығып отырып алады да, «мынау ананыкі екен, мынау мынаныкі екен» деп бас қатырып жатпай, қайсысы аузына түссе сонысын алып баласына жапсыра салады. Октябрь, Социал, Аврора, Потемкин, Рева, Люция, Коммуна, Стахан, Чапай, Щорс, Роман, Роллан, Максим, Маркс, Энгельс есімді балалар көше-көшелерде құлындай шауып жүрді», – дейді қаламгер. Иә, комедиядағы Бонапарт, Черчиль атты кейіпкерлер – сол тұстағы саясаттың құрбаны.
Заман өзгерді. Төріміздегі «көгілдір жәшікті» түріктің, кәрістің сериалдары жаулап алуына байланысты соңғы кезде сәбилердің есімдері өзгеше сипат алды. Шехризат, Бериван, Дениз, Диана, Алсу, Жумонг есімдері таңсық болмай қалды. Мәселен, көрші қыздың есімі – Седеф. Кішкентай Назлы мен Аэлин да біздің көшенің тұрғындары. Елімізде саяси оқиғаларға байланысты Азиада мен Саммитхандар қатарымызға қосылды. Балақайларға жеңіл-желпі ат қойған ата-ананың қылығына қарап отырып затымыздың қазақ екенін атымыздан неге танытпаймыз деп қапа боласың. Бір қынжыларлығы, соңғы кезде Анара, Жанара, Баяна, Айнура деп «а» жалғауын қосып айту сәнге айналды. Абай, Сәкен, Мұхтар, Төлеген сияқты ұлт зиялыларының есімдерін қастерлеуден гөрі өзгенің атын өгейсіместен иеленгенге мәзбіз.
Айтыңызшы, сіз өз есіміңізден қысылмайсыз ба?
Жанерке ЖҮСІПБЕК.

15 пікір
Менің туылғандағы атым Микаил, құжаттағы атым Садық :) Бәрі тамаша :)