Джекидің жаңа рекорды немесе нағыз жігіттердің аптасы

Кино /
Жаңа «кино аптасы» Джеки Чанның «Қытай зодиагы» атты кезекті фильмімен ерекшеленеді деп отырмыз. Жалпы осы бейсенбі экшндық жанрға бай болып тұр – Стэтхэмнің «Паркері» де, үш мықты шал түскен «Нағыз жігіттер» де, комедия, мелодрама, атыс-шабыс элементтерін қатар жинаған «Ұста да қаш» та қым-қуыт кадрлар мен ию-қию көріністерді ұнататындар үшін киноға баруға жақсы себеп болмақ.

Қытай зодиагы / Доспехи Бога 3: Миссия Зодиак


Бір емес, бірнеше ұрпақты киноларына «отырғызған» Джеки Чанның соңғы үлкен фильмі (өз сөзі). Құнды жәдігерлерге ие болу үшін әлемнің түкпір-түкпірін шарлап, небір қызық оқиғаны басынан кешіретін ұры туралы франшиза бізге бұрыннан таныс. Жұлдыз белгілері салынған мүсіндердің соңынан түскен бас кейіпкер небір шаш ал десе, бас алатын қарақшылармен қолма-қол төбелеске түседі.

«Қытай зодиагында» Джеки Чан титрларда есімі 15 рет аталып, рекорд қойды. Бір өзі басты рөлді ойнап қана қоймай, режиссер, продюсер, сценарист, композитор, төбелес сахналарын қоюшы хореограф болған актердың бұл туындысы үлкен-кіші көрермендер тарапынан сұранысқа ие болады деп топшылауға болады.



Паркер


«Меніңше, Джейсон Стэтхэмді Голливудта осының бәрі бір фильм деп алдап жүр, фильмдері бір-бірінен аумайды» деген әзіл бар еді. Бірақ, базбір киносыншылар «Паркердің» желісі бөлектеу екен» дейді. Бөлектеу болғанына мүмкін Дженнифер Лопез көтені себепші шығар, әйтеуір, берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алатын ұрының кек алу жолына шыққаны және оған әлдебір сұлудың көмекке келуі – сюжет атаулының оригиналы дей алмаймыз.

Әйткенмен, сапалы экшн көргісі келетіндерді кино-ресурстар осы фильмге сілтеп жіберіп отыр.



Нағыз жігіттер / Реальные парни


«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегеннің кері, Аль Пачино, Алан Аркин және Кристофер Уокен аяқтарын тарпылдата басып «үш ноянның басынан кешкендері» стиліндегі фильмге түсіпті.

Жастары келген екі қылмыскер және олардың ортақ досы қиын таңдауға тап болады. Біреуі екіншісін өлтіруге тапсырыс алып, басы қатып, бәлеге қалып жүріп бұлар дұрыс шешім тапқанша көңіл көтермек болып бел буады.

Вегас пен Банконгты шаң қылған «Бас жазудағы» жігіттер біраз жаңа сюжетке азық болып отырған тәрізді – «Нағыз жігіттер» де табандарынан таусылып, талайды көрген кейіпкерлердің оқиғасын суреттейді.



Тәннің жылуы / Тепло наших тел


Әдетте көп фильмдер жаппай зомбилардың қаптауы мен олардың аса қатал жиіркеніштілігі мен аяусыздығы туралы болып келеді емес пе. «Тәннің жылуы» олардан өзгеше секілді. Әйтпесе қарапайым қыз бен… зомби жігіт арасындағы махаббатты қай туындыдан көресіз.

Сюжеттің ұзын-ырғасы мынау: әлемде азын-аулақ адамды қорек ететін зомбилар жаулап алған.

Алайда «Р» есімді тіріөліктің сау қызға ғашық болуы жағдайды бағытын кілт өзгертіп, небір қызық қызық оқиғаларға себепші болады.



Ұста да қаш / Хватай и беги


Бұрын банк тонаумен айналысқан Чарли, билікке көмектескенінің арқасында Калифорнияның шағын қалашығында тыныш өмір сүріп жатады. Басына мамыражай тірлік орнаған: үй-жайы, бірқалыпты жұмысы, сүйікті қызы Энни бар. Бірде Энни Лос-Анджелесте армандаған жұмысына орналасу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Ол Чарлиді өзімен бірге баруға көндіреді.

Үлкен қалада Чарлидің ізіне бұрынғы сыбайластары түседі. Сондай-ақ Чарлиді күзетуге жіберілген федералдық маршал мен Эннидің қызғаншақ бұрынғы жігіті де оның қыр соңынан қалмайды.



Диномама 3D



Эрни, оның қарындасы Джулия және жақын досы Макс — ажырамас достар. Бірде олар Макстың әкесі құрастырған бір құрылғыға сұрамай мініп алып, байқаусызда әлдебір пернені басып қалады. Құрылғы уақыт машинасы болып шығады. Балалар Юр дәуіріне, Тираннозаврдың ұясына тап болады. Бір қызығы, алып кесіртке оларды өзі балалары деп ойлап қалады. Алайда, жыртқыштар әлемі балаларға қауіп төндіріп, кейбірі тіпті болашақтан келген қонақтарды жеп қойғысы келеді.

Достар қайта оралудың амалын тезірек ойластыра бастайды, бірақ машинаның маңызды бөлшегінің жоғалуы қосымша қиындықтар туғызады.



Құрметті киносүйерлер!
Киностан алдын-ала хабарланған, бірақ дер кезінде прокатқа шықпай қалған туындылар үшін жауап бермейді.
Шолу Киностан сайтында жарияланған мәліметтер негізінде дайындалды. Туындыларға қатысты өз ой-пікіріңізді сайттағы фильмнің жеке бетінде қалдыра аласыз.
Сіздерге тек қызықты фильмдер тілейміз!

Дінмұхамед Зиядин

2 пікір

yesbolat83
Дженнифер Лопез көтені себепші шығар,
Расында да солай шығар-ау.)
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.