Еркебұлан Жолдасов: Адамның психикалық жан-дүниесін ашып көрсетуге тырыстық

Кино /
Ақпан айының 20-сында қазақстандық кинопрокатқа «Фуга. Дорога в никуда» атты көркемсуретті фильм шығады. Киностан жобаның сценарий авторы Еркебұлан Жолдасовтан алынған сұхбатты сіздердің назарларыңызға ұсынады.

Кино: Еркебұлан Жолдасов: Адамның психикалық жан-дүниесін ашып көрсетуге тырыстық

Фильм туралы: Фильмнің сюжеті өте терең, әрі тылсым тақырыпты қамтиды. Фильмде барынша адам баласының психикалық жан-дүниесін ашып көрсетуге тырыстық. Көрерменге осы дүние арқылы тек әлеуметтік проблемалар емес, сонымен қатар адам атты «материяның» құндылығы мен өзектілігін көркемдік бейне арқылы жеткізуге тырыстық. Ал аталған мәселені біз Самат екеуміз қаншалықты аша білдік, қаншалықты мақсатымызға жете білдік, оны көрерменнің еншісіне қалдырамыз.

«Диссоциативтік фуга» туралы: Диссоциативтік фуга – адамның ақыл есінің бұзылуының қиын этаптарының бірі. Аллаға шүкір, қазіргі қоғамда бұл қасіретке душар болғандар жайлы хабарды өте аз естиміз. Ол қуантады. Дегенмен, осы құбылыс арқылы біз үлкен мәселені қозғадық. Фуга дертіне шалдыққан адам тек өзінің ақыл есінен айрылып қана қоймай, сонымен қатар, өзін қоршаған қоғамнан да бейхабар қалып жатады екен. Сондықтан да, медицинада мұндай дертке шалдыққандарға аса назар аударады. Өйткені, фуга қалпында өмір сүретін адам, өзіне жаңа қоғам, жаңа өмір ойластырып алып, бұрынғы қоғамнан мүлдем алыстап кетіп жататын көрінеді. Фильм сюжеті бойынша біздің бас кейіпкеріміз осы аталған құбылыстарды толық басынан кешіріп, үлкен тылсым сұрақтарға тап болады. Ерекше атап өтетін жайт – фильм сюжеті толық ойдан шығарылған. Және де өмірдегі әлдебір адамның шынайы оқиғасынан алынып құрастырылмаған.

Кино: Еркебұлан Жолдасов: Адамның психикалық жан-дүниесін ашып көрсетуге тырыстық

Бас кейіпкердің автордың ойын қаншалықты аша білгені туралы: Жалпы айтқанда, фильмдегі кейіпкер мен оның рөлін сомдаған тамаша талантты актриса Әсел Сәдуақасованың табиғаттары бір-біріне қарама қайшы десек те болады. Бірақ, оған қарамастан Әсел бұл жұмысты біздің ойымыздағыдай алып шықты. Әсел сценарийді оқып шыққан соң, біз актрисамен тілдесе отырып, оның бұл кейіпкерге қаншалықты ғашық болғандығын түсіндік. Және де осы ғашықтықтан ол үлкен нәтиже шығара білген сияқты. Осы сөздердің бәріне дәлел ретінде мен Әселдің түсірілім барысындағы өз жұмысына деген кәсіби қарым-қатынасын мысалға келтірер едім. Екінші жағынан, менің ойымша Әселдің өзіне де осындай кейіпкерді сомдаған қызық болды. Өйткені, өзінің шынайы табиғатына түгел қарама-қарсы образға өмір беру – кез келген актерға үлкен сын емес пе? Бұл фильмге дейін Әсел Сәдуақасова тек махаббат, лирика тақырыбындағы фильмдерде, жағымды кейіпкерлермен сабақтаса өмір сүргеніне көрерменнің көзі үйренген болатын, сондықтан да, көрермен үшін осы мәселенің өзі де фильмге деген қызығушылықты арттыра түспесе, кемітпейді. Сонымен қатар, біз осы фильмге түсіп, өздерінің жоғары кәсіби деңгейлерімен фильмнің көркін арттырған еліміздің тамаша әртістеріне үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді. Олар: Рано Омарова, Дастан Оразбеков, Айнұр Ілясова, Амантай Махамбетов және тағы басқа мамандар.

Психологиялық тұрғыдан фильмді түсірудің қиындығы туралы: Дені сау әрі, аталған дертке жақындап көрмеген адамға өз ойын дұрыс талдау оңайға соқпайды. Актерларға өз кейіпкерлерінің ішкі және сыртқы жағдайларын түсіндіру Самат Базыханов (ред: қоюшы режиссер) екеумізге кішкене ауыр соқты. Сондай-ақ, бас кейіпкерімізді де бүкіл түсірілім уақытында образда ұстау аса үлкен еңбекті талап еткен еді. Бірақ, біздің түсірілім тобының біліктілігі мен ұйымшылдығының арқасында біз өзіміздің алдымызға қойған мақсатымызға бір адым болса да жете білдік деп ойлаймын.

Кино: Еркебұлан Жолдасов: Адамның психикалық жан-дүниесін ашып көрсетуге тырыстық

Тақырып таңдау туралы: Жасыратыны жоқ, қазіргі заманда із-түссіз жоғалып кетіп жатқан адамдар туралы суық хабарларды көп естиміз. Бұл – біз сүріп жатқан қоғамның үлкен қасіреті болып тұр десем де қателеспеймін. Автор ретінде мен бұл фильмнің сценариінде осындай актуалды мәселені қозғап көргім келді. Сондықтан, көрерменге де бұл фильм осындай актуалды тақырыбымен ұнайтын шығар деген ойдамын.

Түсірілім тобы туралы: Біздің түсірілім тобымыздың өте жас екендігін ескеріп кеткеніміз жөн болар. Егер атап айтатын болсақ, сценарий авторы — Еркебұлан Жолдасов, қоюшы режиссерлар — Еркебұлан Жолдасов пен Самат Базыханов. Қоюшы операторымыз Өзбекстан Республикасынан келген кәсіби маман Сардор Расулов, операторлар — Дилмурат Турдыматов және Нұрсұлтан Әділханов, режиссердің көмекшісі Сәбит Әбдиев, монтажды жасаған Нұрсұлтан Әділханов, компьютерлік графика маманыНұрхат Зұлпыхар, дыбыс режиссері және композитор Дониор Агзамов. Ерекше алғысымызды фильмнің жарыққа шығуына демеу болып жүрген продюсерлер Алмас Мыңқожаев пен Жәнібек Мәдиевке білдіргіміз келеді.

Түсірілім туралы: Фильмнің түсірілімі 2013 жылдың шілде айынан бастау алған. Түсірілім Алматы, Шымкент қалаларында жүрді. Дегенмен де, түсірілім барысындағы қиыншылықтар мен сәтсіздіктер туралы әңгімені жабық есіктің артында қалдыра салғанымыз жөн болар. Фильмнің түсірілуіне үлкен демеулерін білдіріп, көмек көрсеткен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына алғыс білдіргіміз келеді. Біздің жас түсірілім ұжымына ештеңеге қарамастан есіктерін айқара ашып, мүмкіндігімізді жоғарылатты. Болашақта да бірлесіп жұмыстар атқаруымызға үміттенемін.

Екі режиссердің бірлесіп жұмыс істеуі туралы: Келіспеушіліктер орын алмады. Жұмыс барысында біз бір-бірімізді керісінше толықтырып, ойымызды сарапқа салып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білдік десем де болады. Самат Базыханов 2008 жылдан бері Алматы қаласында кино өнерімен айналысып, өзіндің ойып алар орны бар өнер азаматы деп танимын. Сондықтан, бұл азаматпен жұмыс істескеніме қуаныштымын. Осы жұмысты іске асыру барысында біз бір-бірімізден көп нәрсе үйрендік десем қате айтқаным емес. Және әрине, бұл жұмыс бізге болашақта көп нәрсені үйрену керек екендігін де дәлелдеуді ұмытпады.

Болашақ жоспарлар туралы: Түсірілім тобы болып түгел дерлік фильм премьерасын күтіп жүрміз. Болашаққа деген ой-қиялдар, тың ойлар мен сценарийлер жетерлік. Дегенмен олардың сырын ашуға асықпаймын. Уақыт көрсетер. Ең бастысы «Фуга» көркемсуретті фильмі көрерменге ұнап жатса, біздің жеңісіміз сол болары анық.





Түпнұсқа

1 пікір

adai_make
: Диссоциативтік фуга – адамның ақыл есінің бұзылуының қиын этаптарының бірі. Фильм түсірушілер өз бастарының проблемасын бүкіл қазаққа таңып, атағын шығарғысы келгені көрініп тұр. Адамның ақыл-есі бұзылғанда өзінің қай ұлттың өкілі екендігін айыра алмай қалатыны және сол тілде бүкіл ұлтты сөйлеткісі келетіні түсінікті жайт, кешіріммен қарау керек. Осылар сияқты «фуга»-лардың алдында «дорога в никуда» тұрғаны шындық, енді!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.