Әскер досым

Көңіл үшін _ . . . /
Біз бірге өстік. Бір сыныпта оқыдық. Бір жапырақ нанды бөліп жеп, бір ойыншық автоматқа таласып, бір мұғалімнен сабақ алдық.

Мен сабақты қатты оқитын мұғалімнің баласы едім де, Елдос қызбамінезді, ақкөңіл атаман еді. Мен мектеп бітірген соң қағаз-кoмпьютерімді шұқылап кеттім, Елдос әскери өмірге бет бұрды.

Қаланың күйкі тірлігі мен есті алар жылдамдығы өткеніңді еске алып, жүзін сирек көретін ескі досыңмен арқа-жарқа әңгіме құруға бірде сылтау, бірде бөгет емес пе?

Өткенде сол қадау-қадау сәттердің бірінде Елдоспен бұрынғыдай бір дастарханның басында отырып сөз сабап, сөйлем қуаладық.

Көңіл үшін _ . . .: Блог - qisyq: Әскер досым

«Қаракемердегі әскери бөлімшеде келісім-шарт бойынша қызмет еттім», — деп бастады сөзін кластасым, — «Білесің өзің, біздің ауылдың да, Қаракемердің де әскери өмірге қызыққан жастарына бұл бөлімше жақсы мүмкіндік, ыңғайлы қызмет орны».

Flashback. Біздің ауыл деп Елдос Түргенді айтып отыр. Алматыдан шығысқа, Құлжа жолға шығып, таудың етегін қуалап отырсаң Есік қаласына, одан әрі Түрген мен Қаракемерге жетесің. Әлгі «шыбық шаншысаң, шынар өсетін» жер екеу болса, бірі – осы аймақ. Бала кезде жүзім мен алмаға бүйір шығып тойып, саңырауқұлақ теріп өскеніміз туған жердің арқасы.

«Жұмыс кәдімгі жұмыс болды, зейнетақы қорына ақша аудырылып отырылды, медициналық сақтандыруымыз болды. Інім де істеді менімен бірге, тарлық көрген жоқпыз».

Flashback. Елдостың інісі Нұржан есімде жақсы қалыпты. Тете өстік. Қора-қораның шатырымен зыр жүгіріп ойнағанда, жанымыздан қалмайтын.

«Әскери өмір маған керемет ұнайтынын түсіндім аз уақыт ішінде. Оның үстіне, отбасылы, бала-шағалы болып жатқанда, тұрақты жұмыстың бар екені және ол жұмыстың өзіңе ұнайтыны ерекше сенім сыйлайды екен».
«Сырттан келген әріптестерім үй алып жатты. Жастардың басын қатырып жүрген мәселенің келісім-шарт бойынша қызметке тұрғандар үшін шешілуі жаман болушы ма еді...»

Flashback. Елдос екеуміз әсіресе бастауыш мектепте жүргенде қатты дос болдық. Таңмен тұрып, түн ортасына дейін біресе менің үйімде, біресе оның үйінде жүруші едік. Сиырдың құйрығын бұрап бағушы ма едіңіздер? Біз де сөйтетінбіз.

Көңіл үшін _ . . .: Блог - qisyq: Әскер досым

«Жыл өткен сайын келісім-шарт бойынша қызметке тұрғысы келетін таныстарымның артып келе жатқанын байқаймын. Бір арманым, ойым шетелдегі әскери ұйымдармен әріптестік негізде жүретін тәжірибе алмасуға ілігу еді.»

Flashback. Географияны ұнатушы ма едіңіз? Елдос екеуміз қатты «оқушы» едік осы сабақты. Карталар сызып, диаграммалар белгілеуде өзім қызды-қыздымен дәптерді тауысып тастайтынмын.

«Келісім-шарт бойынша қызмет етсең, ойың өзгереді екен. Бір жыл ішінде бітіріп, қайтып кетуді емес, тиянақты жұмыс істеп, тәжірибе жинап, өсуді мақсат етесің. Бір сөзбен айтқанда, осы уақытқа дейін әскери өмір туралы қалыптасқан пікірдің басқа қыры бар екенін де көрсетеді».

Бала күнімді есіме салып, жақсы мағынада бетіме басатын досым Елдос Қабылбековтың келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы ойы осы екен. Бұйырса, жақын арада сол Қаракемердегі әскери бөлімшеге барып қайту ойымда жүр.

Керек дерек: заманауи технологиялар мен әскери техникаға иелік ететін мамандар керек. Осы мақсатта Қазақстан әскерге келісім-шарт бойынша қызмет ететін адамдарды барынша тартып жатыр. Жоспар бойынша 2016 жылы толықтай кәсіби әскерге өтуіміз керек екен. Мұны заман да талап етеді деседі.

Фотосуреттер сұхбат берушінің жеке мұрағатынан рұқсатпен алынды.

2 пікір

Korkem
Кенет, жігіт болғым кеп кетті =))
Korkem
Әскерге барғансыз ба?
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.