Махаббат

Таусылмайтын махаббат /


Жататұғын сан жүректі мекендеп,

Жамау болып, жыртықтарды бекемдеп.

Махаббатты жұрт сан түрлі айтады.

Мен де ойладым осы сезім не екен деп?

Әлек етер кеш батпай не таң атпай,

Жаныңа оны қоя алмайсын жолатпай.

Махаббат та жолаушыдай жолдағы,

Шақырусыз келіп қалған қонақтай.

Талай адам кездестірер жолынан,

Келмесе де ұстап қалу қолынан.

Махаббат та олжа, табыс тәрізді

Ұнатпайтын қуғандарды соңынан.

Жеңіс жиі қолдан қолға көшетін,

Жеңгендердің мәртебесі өсетін.

Махаббат та қанды майдан секілді

Тез тұтанып, тек қиындау өшетін.

Белгісі көп құбылатын күн аумай,

Дауасы жоқ суықты емдер бұлаудай

Махаббат та сырқат сынды сап қойып,

Қайта келсе қағынатын тұмаудай.

Кең даланың таусыла ма белесі,

Бір биіктен қызықтырақ келесі.

Махаббат та бір құдірет секілді

Көп адамға көрінетін елесі.

Тығырықтан таппай жолдың төтесін,

Қаншама рет сынағынан өтесің.

Махаббат та қызық ойын сияқты

Құмарпаздың қыздыратын шекесін.

Құпияның қызығы да мол шығар,

Тәуекелге барған жанға жол шығар.

Махаббатқа кім қай жақтан деп қараса

Қатесі жоқ, сезім деген сол шығар?!

1 пікір

AKA
Авторын жазсаңдаршы, уа жамағат! Копипасттарды қоя бермей?!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.