Құдай-ау, мен періштені көрдім ғой...

Таусылмайтын махаббат /
Құдай-ау, мен періштені көрдім ғой…

Сәулем-ау, мен осынау аппақ армандай
ақша қарды күрейтін күрек сұрай
барып, жанарыңа жолықтым ғой…
ОРАЛХАН БӨКЕЙ

Астанаға көктем кеш келеді! Осы сөзде шындық бар. Кешігіп келген көктемнің ақар-шақар күнінде, екі кештің арасы, апақ-сапақ уақытта жұмыстан шығып үйге қайтқалы қызметтік көлікке міндім. Ішіне кірсем періштені көрдім. Иә, иә, періштенің нақ өзі.
Көлікке кірген бетте көзіміз түйісті. Ботадай жанарымен мөлдірей қарады, көктем боп қарады ол. Мен оның көркіне тоймай қарай беремін. Сүйріктей сұлу. Есіл дертімді өзіне аударды. Аққудың көгілдіріндей, тал бойында бір міні жоқ. Қол аяғы оқтаудай, сұңғақ бойлы сұлу қыз. Қыз деймін-ау, періштенің дәл өзі. Дәл осы сәтте өзімді баққыттың базарында отырғандай сезіндім. Өмір қызық, көңіл мас. Өрекпіген жүрегім өзгеше бүлкілдеп, «менің сыңарым осы» дегендей бұлқынады. Өзін бір көргеннен-ақ қатты сүйдім. Ғашық бола бастадым. Ғажайып бал сезімге берілдім. Жан әлемім езіліп барады. Осындай күйді бастан кешуді бұйырған Жаратқанға мың шүкір. Бұдан асқан нұрлы шаттық болар ма? Мен сірә, мұндай күрделі сезімді туғалы бастан кешпеген шығармын.
Бір уақытта қасындағы құрбысымен сөйлесіп отырып сыңғырлай күлді. Күлкісі мұндай әдемі болар ма! Еш қоспасы жоқ, мөлдір, таза күлкі. Күлімсірегенінде екі бетінде пайда болатын шұңқыры да әсем.
Сен сүйіктісің, сүйкімдісің, әдемісің, көріктісің, жалғызымсың, жанымсың, арманымсың, әнімсің, сені суреттеуге сөз жетпейді менде. Әншейінде төгіліп келетін сөздің өзі ұстатпайды. Себебі, мен сені бір көргеннен ақ ұнаттым.
Нәркес көздері мөлдіреген сұлу. Аппақ маңдайы жарқырап, әсем жымиып, көзінің үстінен нұрлана қарайды. Менің көз алмай қарап отырғанымды байқап аққұба жүзі лезде алаулай қалды. Оның алаулағанына өзім де күйіп барамын, от тисе өртеніп кетейін деп тұрмын.
Сұлулық сорға бітеді деуші еді. Қорқамын. Көрікті берген Құдай көрер бақытыңды да қызғанбаса бопты… Сені жоғалтып алмасам екен.
Біраз аялдамадан өткесін періштем көліктен түсіп қалды. Менің бар қызығым қуанышым бәрі бәрі сол жанмен бірге кетті. Оны қайта көрсем деп армандау, сөз жоқ көңілге мұң болып шегеленеді екен. Сол жақта соғып тұрған патша жүрек сол сұлуды алаңдап іздей бастады. Көзден кетседе көңілден кеткен жоқ. Сол жанға аңсарым ауып отыр. Ол періште болмай пенде болғанда аңсарым ауар ма еді?!.. Бұл періштенің өзі ғой. Өзі. Құдай-ау мен сол періштені көрдім ғой.

4 пікір

Jako
Көптен мұндай әсерлі жазба оқымап едім. Тамаша жазылған,өте әсерлі.
87751872558
мен бұл блоктың мәнін түсінбедім
8888
неге тусінбедің?!.. бұл әдебиеттің ешқандай жанрына жатпауы мүмкін. Табиғаты гонза жанрына жақын келетін шығар. бұл жай ғана ақ қағазға ақтарылу ғой…
ansardanay
бір көргеннен ғашық болу, бұрын сенетін едім, қазір сенбеймін
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.