Жігітке ұнағыңыз келсе...

Таусылмайтын махаббат /
«Жігіт көзімен, қыз құлағымен жақсы көреді» деген сөз бар. Бойжеткендерге тек әдемі сөз айтып қана ұнаймыз деу — қате пікір. Сондықтан бірінші, сырт келбетіңізге назар аударыңыз. Ешқашан алғашқы кездесуге спорттық киім киіп шықпаңыз. Спортшы болсаңыз да, кездесу — жаттығу залы емес. Мейілінше классикалық үлгідегі киім киюге тырысыңыз. Бірақ костюм-шалбар, галстук тағып өзіңізді тым ресми ұстап жүрмеңіз. Дұрысы — тап-таза жейде мен бір түсті шалбар кисеңіз жеткілікті. Джинсы да жаман емес. Алайда, киіміңізде кір дақтары тұрмасын. Сосын белдігіңіз бен сағатыңыз, аяқкиіміңіз бір-бірімен үйлесімін тауып, сәйкес болсын. Егер көзге ұрып көрініп тұратындай ашық түсті киім кисеңіз, ол қыздардың көбіне ұнамауы мүмкін. Жігіт деген салмақты көрінуі тиіс. Қара, қара көк, қоңыр түстер адамды салиқалы көрсететінін естен шығармаңыз. Аяқ киіміңізден жағымсыз иіс шықпасын. Мүмкін, аяқты көсіле созып отыратын жерге барып қалсаңыз, иіс шығып тұрса — ыңғайсыз. Ауыз қуысыңыздан да, денеңізден де жағымсыз иіс шықпауын қадағалаңыз. Аздап иіссу себіңіз. Егер қыз сізді ұнатып қалса, ол иіс бойжеткенге жұмақтағы жұпардай көрініп кетеді.

Міне, сақадай сай болып, киініп алдыңыз. Енді кездесуге кешікпей барыңыз! Жауапкершілігі мол жігітті қыздар да жақсы көреді. Кездесетін орынға құрығанда, 10 минут ерте келіңіз. Қыздың қай жерге барғысы келетінін сұраңыз. Егер қыз «маған бәрібір» дегендей, иығын қиқаңдатса, өзіңіз қыдыратын жерлердің тізімін ұсыныңыз (3 тізімнен көп болмасын, бірақ қызға ұнайтындай жерлер болсын). Сондай-ақ, өзіңіз жақсы білмейтін жерге алғашқы кезде қызды қыдыртпаңыз. Өйткені, ондай жерде сіз өзіңізді сенімсіз ұстауыңыз мүмкін. Қыздар өзіне сенімсіз жігітке ешқашан да қарамайды.

Тағы есте сақтайтын жайт — қыздар бәдік жігітке де, тым тымырайып қалған жігітке де мойын бұрмайды. Оның әрбір сөзін зейінмен тыңдап, арасында өзіңізді қызыққандай етіп көрсетіп, сұрақтар қойып отырыңыз.

Әдетте жігіттер өзінің жетістігін, мақсатын айтуды ұната бермейді. Бірақ қыздар оны білгісі келеді. Сондықтан әңгіме арасында өзіңіздің арман-мақсатыңызды ептеп кіргізіп қойыңыз. Қыздар айқын мақсаты бар жігіттердің жанында өздерін жайлы сезінеді. Айтпақшы, қызды-қыздымен мақтанып кетіп жүрмеңіз. Әйел заты — өте сезімтал. Олар аялағанды, еркелеткенді, өзіне көп назар аударғанды қалап тұрады. Оларға мақтау (комплимент) айтудан қашпаңыз. Жоғарыда айтқанымыздай, «әйел құлағымен жақсы көреді».

Уақыт кеш болып бара жатса, серігіңізден «тоңдың ба?» деп сұраңыз да, арқа тұсынан келіп ақырын құшағыңызға алыңыз. Бұл қыздарға ұнайды. Алайда қыздар мұны білдірмеуге тырысады. Бірақ артық қылық жасамаңыз. Керісінше, сырт киіміңіз болса, бойжеткеннің иығына әкеп жаба қойыңыз. Өйткені, оның да ынтызарлық сезімін оятуға тиіссіз.

Бірінші кездесуде мынадай әңгімелер айтудан аулақ болыңыз: төсек қатынасы турасында (өйткені, қыз менен тек соны ғана керек етеді деп ойлап қалуы мүмкін); өзіңіздің кемшіліктеріңізді және ұнамайтын нәрселеріңізді айта көрмеңіз, әсіресе, адамдардың жағымсыз әрекеттеріне баға беріп, жамандаудан аулақ болыңыз. Мұндай ұсақтықтар жігітке жараспайды.

Алғашқы кездесуге қызға досыңызбен келуші болмаңыз. Біріншіден, оған сіздің досыңыз емес, сіз қызықтырақсыз. Екіншіден, досыңыз бен қызыңыз бірін-бірі ұнатып қалса, сіз «ойыннан» шығып қаласыз. Ал таныстарыңыз күтпеген жерде кездесе қалса, онымен қызыңызды міндетті түрде таныстырыңыз. Өйткені, қыз өзін сіздің өміріңізде рөлі бар адам екенін сезінуі тиіс.

Соңғы кезде қалалық жігіттер қыздарды үйіне дейін жеткізіп салуды мойынсынбай, көлік ұстап, ақшасын төлеп қоштаса салатын болды. Нағыз жігіт болсаң, қыз ұнамаса да, оны есігінің алдына дейін шығарып сал. Ал қыз ұнап жатса, бүгінгі кештің жақсы өткенін және тағы да жуық арада осындай кештің болғанын қалайтыныңызды айтыңыз.

Егер қыздың да сізді ұнатқанын байқасаңыз, қоштасарда ақырын ғана сүйіп алыңыз, ол сүйіс дөрекі болмасын! Сосын қыз үйіне кіріп кеткенше, оның бейнесін жадыңызға мәңгі сақтап қалардай, көз алмай қарап тұрыңыз. 5-10 минут өткесін, ұялы телефонына жағымды сөздермен «хат» жазып жіберіңіз. Таңертеңгісін тағы да өзіңіздің әдемі «хатыңызбен» оны оятыңыз. Қыз сіздің өзін ұмытпағанына 100 пайыз сенімді болуы керек.

Ал екінші кездесуде қызға гүл алып беруді ұмытпаңыз. Бұдан кейінгі кездесулерде батылдау болуға ұмтылыңыз. Себебі, қыздар жігіттің ақшасына, түріне қарамайды. Олар әрқашан батыр да, батыл жігітті ұнатады. Ынжық жігіт кімге керек дейсіз?!

Жігіттер қыздардың бойындағы қандай қасиеттерді бағалайды?

1. Үнемі жымиып жүріңіз. Мұны жігіттер өзінің бойында ұнайтын ерекшелік бар деп түсінеді.

2. Жүрісіңіз билеп тұрғандай сиқырлы болсын. Қазақтың бұрынғы қыздарының жүріс-тұрысынан шолпысының сыңғыры естіліп, оның мінезінің қандай екенін аңғарған. Қазіргі кезде шолпы тақпасақ та, қыздың жүрісіне жігіттер зор мән береді.

3. Айғайлап, дөрекі сөйлеуші болмаңыз.

4. Еркелеген қызды жігіттер ұнатады. Бірақ еркелігіңіз тәлпіштікке ұласып кетпесін.

5. Егер сізге жігіт шынымен ұнап қалса, оған қандай қыздар ұнайтынын міндетті түрде біліп алыңыз. Бұл мағлұмат сізге болашақта өте маңызды болады.

6. Өзіңіздің жігітке деген көзқарасыңыздың шынайы екенін көрсететін мүмкіншілікті қалт жібермеңіз.

7. Әйел заты — әрқашанда жұмбақ болуы тиіс. Бар шындығыңызды жайып салмаңыз.

8. Тек өзіңіздің жігітіңіздің ғана құшақтауына рұқсат беріңіз. Әркіммен бір құшақтаса берсеңіз, жігіттер сізді дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Оның үстіне дұшпанкөз деген бар.

9. Қыз нәзік болуы керек. Бұл ер-азаматтардың әрқашанда сізге қамқор болу керектігін білдіреді.

10. Жігіттің соңынан қыз басыңызбен жүгіре кетпеңіз. Өзіңізді қол жетпестің нағыз өзі екеніңізді сезіндіріп қойыңыз.

11. Жігітті тыңдап үйреніңіз, оның әрбір сөзіне қызығушылығыңызды білдіріп отырыңыз. Бірақ ол дөрекі сөздер айтып бара жатса, оған тыйым салыңыз.

12. Өзіңіздің болашақта нағыз қамқор әйел болатыныңызды сезіндіріңіз. Бірақ жігіттің де сенімін ақтап, шебер аспазшы болуға өзіңізді дайындаңыз. Орыстар «жігіттің жүрегіне асқазан арқылы жол табасың», — дейді ғой.

Жігіттерге ұнамайтын жағдайлар:

1. Терлегенде және ауыз қуысынан шығатын жағымсыз иістер.
2. Таралмаған шаш, күтімі жоқ бет-жүз.
3. Артық салмақ.
4. Не болса соған қызығушылық.
5. Шаршаңқы көзқарас.
6. Үнемі денсаулыққа шағым айту.
7.Әртістік қабілетін оңды, солды көрсету. Мұны жігіттер тез байқап қояды.
8. Қыздың өзге жігіттерге көз салуы.
9. Ашуланшақтық.
10. Тым ашық-шашық киім.
11. Көңілсіздік.
12. Өзі туралы жоғары пікірдегі қыздар ұнамайды.
13. Тым салмақтылықты да жігіттер қош көрмейді.

Алынған бет.

1 пікір

AbylaiEsimbai
Өз-өзіне қарамайтын қыздарға жігіттер де қармайды )))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.