МЕН ЖОҒАЛТҚАН БЕЙНЕ

Таусылмайтын махаббат /
Автобустың ішінде отырғандардан түрегеп тұрғандар көп. Түрегеп тұрғандардың дені жас жігіттер мен қыздар. Солармен бірге мен де ары-бері тербеліп тұрмын. Ауа жетпей талып құлап қалудың аз-ақ алдындамыз. Автобус қозғалып, төбесіндегі қосымша есігінен ыстық ауа кіргенде ғана аздап жан шақырамыз. Маусым айындағы ми қайнатар ыстықтан соң автобустың іші көмір жаққандай жанып-ақ тұр. Борша-борша боп, қара терге түспеген адам аз. Әлдебір аялдамалардың тұсына жетіп, тоқтады дегенше әбігер басталады. Біреулер түседі, біреулер мінеді. Адамдар қозғалған кезде сені де тұрған орныңнан еріксіз жылжытып жібереді. Тоқсаныншы жылдардың ортасындағы автобустардағы жолушылардың көбінің хәлі осындай.
— Бүгін неге адам көп? Пенде біткен қыдырып жүргеннен сау ма? — дейді анадай жерде отырған бір апа.
— Бүгін жексенбі ғой. Демалыс күні. Оның үстіне кешегі сенбіде жер-жерде той-жиындар өткен, адамдардың көбі сондай жерлерден қайтып келе жатқандар болар, — деп түсініктеме берді артында отырған еркек.
Алдынан санағанда төртінші қатарда отырған қызға еріксіз көзім түсе берді. Басқалар секілді емес, сабырлылау. Түр-әлпетіне қарасаң, жасы мен құралпы, жиырманың ол жақ, бұл жағында. Тіпті менен бірер жас кіші болуы да мүмкін. Кішірек сөмкесін кеудесіне қысып ұстап, кейде ұйықтаған болады, кейде көзін ашып алып, терезеден қараған болады. Адамдар түсіп-мініп, ары-бері лықсыған толқын мені бір сәтте сол қыздың дәл алдына апарып тастады.
Шымқорған-Гагарин автобусына бұл бірінші мінуім емес. Бұл трассамен бұрын да талай жүргенмін. Бірақ автобустың ішінде мұндай кептеліс болмайтын. Жызақ облысына қарасты «Жуков» дейтін ауылда тұратын бір жиенім әскерге аттанып, шығарып салу кешіне мені шақырған болатын. Кеше сол жерде болғанмын. Содан бүгін Гагаринге қайтып келе жатқан жерім. Гагарин дегенім — Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында орналасқан кішірек өзбек шаһары.
Әлгіндегі қыздың дәл алдында, жоғарғы жақтағы темірден ұстап тұрып, өз кейпімнің қандай екенін шамалап келе жатырмын. Біраздан бері қайшы жүзін көрмей, қысқартылмаған шашымды төбедегі ашық жерден азынап кіріп жатқан жел одан бетер қобыратып жіберген. Қара терге түсе беріп, үстімдегі ақ көйлегім де суға малып алған секілді болып тұр. Мына түріммен мынадай әдемі қыздың дәл алдына келіп, «мені көрдің бе?» дегендей тұра қалғаныма енді ұяла бастадым. Арырақ жылжып, ұзап кетейін десем, мына кептелістен қозғалмақ түгіл, орныңнан айналу да мүмкін емес. Қалай болғанда да, қыздың тап алдына келіп, тырп ете алмай байланып қалған едім.
Төбеден есіп жатқан жел мына қыздың да қап-қара шашын желпіп өтеді, бірақ менікі секілді бей-берекет жалбырап тұрған жоқ. Отыра беріп жалықты ма, сөмкесінен бір дәптерді алды. Бірер парағын ашып көрді де, қайта жапты. Іздеген дәптері ол емес боп шықты-ау, дәптерді саусақтарының арасына қыстырып тұрып, екінші қолымен тағы бір дәптерді алып шықты. Осы кезде саусағына қыстырулы тұрған дәптер сусып барып, менің дәл аяғымның астына түсе қалды. Соның бәрін көзіммен бағып тұрған маған қарады да:
— Дәптерді алып жіберіңізші, — деді баяу ғана. Менің дәл алдымда еңкеюге ыңғайсызданған да болар.
Әпергелі еңкейе бергенім сол еді, автобус кілт тоқтап, қаннен-қаперсіз тұрған адамдар алға қарай жапырыла жаздады. Мен болсам, еңкейген күйі алдымдағы келіншектің бөксесін сүздім. Дәптер ары жылыстап кетті.
— Ойбааай, абайласаңдаршы, — деді мен «сүзген» әйел. Маған бұрылып қарады да: — Мына байғұс қайтеді-ей, адамды соғып өлтіре ме? — деп айғайлады. Менің оған назар аударатын шамам жоқ еді, арырақ кетіп қалған дәптерді қолыма іліп алдым да, қызға ұстата қойдым. Сол екі ортада дәптердің сыртында жазулы тұрған адамның аты-жөнін оқып үлгердім. Оқып үлгердім де, ұмытып қалмайын деп ішімнен бірнеше рет қайталап та алдым.
— Рақмет, — деді қыз. Қалтасынан кішірек орамалды алды да, әлдекімнің өкшесінің ізі мөр боп басылып қалған дәптердің бетін сүртіп, тазалап жатты.

Гагаринге жиырма бес шақырымдай қалған кезде адам шамалы азайды. Қыздың терезе жағында отырған үлкен әйел орнынан көтерілді де, түсуге әрекет жасап, бізден жол сұрап, есік жаққа беттеді. Қыз терезе жақтағы бос орынға жылжи қойды. Енді қыз отырған орын бос қалды.
— Келіңіз, отырыңыз.
Бір сағатқа жуық уақыт қақиып тұра беріп қажыған мен отыра кеттім. Отырған деген мұндай керемет болар ма. Талып, еті өліп қалған екі тіземе қан жүріп, жадырадым да қалдым.
Автобус тағы жылжыды. Батылдық пайда болды ма, әлде мана дәптерін әперіп, өзімсіндім бе, қызға емін-еркін сөйлей жөнеліппін.
— Дәптердің сыртындағы сіздің есіміңіз бе?
Әй-шәй жоқ, сұрақты солқ еткізіп қоя салдым ғой деймін, қыз селк ете қалды. Ебедейсіздеу сөйлеп қалғанымды сездім. Әй, осы оспадарсыздығым-ай. Аңғалдығым өзімді ұялтып өлтіретін болды.
— Оқып үлгергенсіз бе? — деді ақырын ғана күліп. Шашым қобырап, мұрнымның ұшына дейін шып-шып терлеп отырған түрім оған күлкілі көрінген сияқты.
— Әрине, — дедім сол екі ортада ыңғайсыздана қап.
— Пысық екенсіз. Иә, менің есімім ғой.
Тағы да ақырын ғана күлді.
— Сіз ше? Сіздің есіміңіз кім?
— Мықтыбек.
— Ооооо, Мықтыбек!
Көптен көрмеген адамын кездестіргендей қуана сөйледі.
— Қырғызсыз ба? — деді сонан соң.
— Жоқ, қазақпын.
— Аааа. Қырғыз екен деппін. Біздің қырғыздарда Мықтыбек деген есім көп.
«Біздің қырғыздарда» дегенінен-ақ қырғыз ұлтынан екенін ұға қойдым. Сол үшін де «Сіз қырғызсыз ба?» деп сұраған жоқпын.
Аздан соң:
— Терлеп кетіпсіз ғой, — деп сөмкесінен кішірек орамалды алып, маған ұстата берді. — Орамал өзіңізде қала берсін, менен естелік болады.
Мынау енді мен күтпеген сый еді. Осыны айтып тағы да ақырын ғана жұмсақ күліп қойды. Өмірімде қыздан бірінші рет орамал сыйға алуым масаттандырып жіберді. Жиырмаға келсем де, мұндай сыйлық алып көрмеген басым, қызға рақметті де дұрыстап айта алмай, әрдеңені бір шатып-бұтып, сүртініп болған соң ұқыптап бүктеп, төс қалтама салып қойдым. Қыздармен әңгімелесуге келгенде тәжірибемнің аз екенін оңай білдіріп алдым. «Қашан адам боламын, Құдай-ау»…
Гагаринге тез жеттік. Автобустан түскен соң:
— Ал, Мәке, қоштасамыз. Мен осы Гагаринде қаламын. Сіз Қазақстанда тұрасыз ба?
— Иә, Жетісай жақта.
— Аман-сау жетіңіз. Бұйырса тағы да жолығармыз.
Қоштасып жатқаны маған онша ұнамады. Мен мұны шәйға шақырам ба деп іштей жоспарлап келгенмін ғой…
— Қайда асықтыңыз? Мен сізбен бірге мына жерден шәй ішіп, тағы да біраз әңгімелесем деп отырсам.
Тағы да ақырын ғана күлді. Осы ақырын ғана жұмсақ естілетін күлкісі-ақ мені жындандырып бітетін болды. Адам баласында мұндай да әдемі, ғажап, тартымды күлкі болады екен-ау.
— Жооо-ооқ, кешіріңіз. Мені қазір күйеуім келіп әкетеді. Көріп қалса ыңғайсыз болады, Мәкесі, — деді тағы да күліп.
Әңгімесіне қарасаң, менен гөрі едәуір ересектеу сияқты сезілген. «Қыздар тез жетіледі ғой» деп іштей өзімше ойлағанмын. Сөйтсем, тұрмыстағы қыз екен ғой. Бәсе, менен гөрі көпті көргенін сөз саптауы да, маған қарағанда өзін әлдеқайда сабырлы ұстауы да, болмысы да айқындап тұрған-ды.
— Сіз тұрмыстасыз ба?
Бұл сұрағым артық еді. «Күйеуім кеп әкетеді» дегенді ести тұра…
— Қай жылғысыз? — дедім артынша ақымақтарша қойған сұрағымды ұмыттырып, аңғалдығымды тез арада жуып-шаю үшін.
— 1972. Өзіңіз?
Мен ойламаған жауап мені тіпті таңдандырды. Менен бақандай төрт жас үлкен бе? Келбетіне қарасаң олай емес. Жиырмадан да аспаған жас қыз секілді.
— 1976 жылғымын.
— Ойбуй, бала екенсің ғой.
Бұл жолы қаттырақ күлді. Дереу «сізден» «сенге» көше қойды.
— Мен осы Гагаринде техникумда сабақ беремін. Жолың түссе осында әпкем бар еді деп іздеп кел. Аты-жөнімді білесің. Міндетті түрде қонақ етемін. Ал, сау бол, өзіңмен танысқаныма қуаныштымын.
Осылай деді де, менімен қоштасып, ол жерден ұзай берді. Не болып, не қойғанын түсінбеген күйі аялдамада қалдым. Анадай жерден бір автобус сигналдатып келе жатты да, шетке ығыса қойдым. Қыз кең көшенің арғы бетіне өтті де, ұзыннан-ұзақ созылған дүкеннің тасасындағы тротуарға түсіп, мүлдем көрінбей кетті.

* * *
1999 жылы Гагаринде тұратын әкемнің бажасы құдалық жасады. Ата-анамды және «тойда құдаларға өлең айтып береді» деп мені де алдырды. Солайша арада үш жыл өткен соң Гагаринге жолым түскен.
Баруын барғаныммен «құдаларды өздерің күте тұрыңдар» деп дереу техникум жаққа қарай кетіп қалдым. Бұрын-соңды мен кірмеген оқу орны болғандықтан, баяғы қызды сапырылысып жүрген адамдардың қайсысынан сұрарымды білмей біраз бөгелдім. Тәуекел деп ғимараттың ішіне ендім. Анадай жерде кетіп бара жатқан апайды дауыстап тоқтаттым.
— Апай, тоқтаңызшы.
«Бұл кім еді?» дегендей маған аңтарыла қарады да:
— Иә, айта беріңіз.
— Сәлеметсіз бе.
— Сәлеметсіз. Иә, біреуді іздеп келдіңіз бе?
Бұл оқу орнына еш қатысым жоғын түсініп қойған адамның кейпі.
Үш жылдан бері ішімнен сан рет қайталап келген баяғы қыздың аты-жөнін айттым. Соны іздеп келгендігімді түсіндірдім.
Тағы да маған таңдана қарады. Бірден жауап бере қоймады. Азырақ үнсіздіктен соң:
— Ол қызды жәйша іздеп келдіңіз бе? — деп сұрады.
— Жәй, танысым еді.
— Қашаннан бері танисыз?
Мына сұрақ мені қолайсыз халде қалдырды.
— Біраздан бері.
Маған онша сенбегендей қалып танытты.
— Қайдан келдіңіз?
— Қазақстаннан…
Тағы да үнсіздік. Нақты жауаптан гөрі тергеу сұрақтар көбейіп кеткені мені састырайын деді.
— Жүріңізші мына жаққа.
Мені әлдеқайда бастай жөнелді. «Сөзді көбейтпей айта салса қайтеді екен?» деп бейтаныс әйелді іштей жазғырдым.
Асхана болу керек, сол жердегі жердегі үстелдердің біріне отырдық.
— Інім… бері қарашы… саған қалай айтсам екен…
Тағы іркілді. Мен ғана емес, ол да әлденеден ыңғайсызданып, мынадай қолайсыз жағдайдан шығып кетер жол таппай отырған сияқты. Оның мына халін көріп, енді менің ойым сан-саққа жүгірді. Бірден жауап бере салмағаны көңліме екі ұдай сезімді ұялата бастаған-ды.
— Былай ғой… — деді аз ғана бөгеліп. — Сіз іздеген келіншек осыдан үш жыл бұрын қайтыс болып кеткен…
— Қойыңызшы, не дейсіз? Қайтыс болғаны несі? — деппін тап бір алдымдағы апай мені алдап тұрғандай сөзіне сенбей.
Жүрегім зырқ ете қалды. Өлімнің сұп-суық хабары денемді бір дегеннен мұздатып жіберді. Жаманат хабардың әсері бүкіл жан-дүниеме қан тамырларым арқылы тарағандай, өне-бойым дуылдай жөнелді.
— Иә, осыдан үш жыл бұрын асылып қалған. Жақсы келіншек еді, жап-жас болатын.
Бейтаныс апайдың көзіне жас толғанын көріп, менің де көңілім босап, іштей толқи бастадым. «Неге асылып өлді?» деп сұрай алмадым. Мына суық хабарды қалай қабылдарымды да білмей үнсіз қалдым. Қарсы алдымдағы апай өз-өзін ұстай алмай жылап та алды.
Қазір ғана естіген хабарды таразылайтындай халде емес едім. Алдымдағы апайды жұбатуым керек пе, әлде сонша жерден іздеп барған мені ол апай жұбату керек пе, соны біле алмағандай екеуміз де біразға дейін үнсіз қалдық. Тек ондай керемет жанмен енді ешқашан жүздесе, тілдесе алмайтыным есіме түсіп, көңілім әлем-тапырық болып кетті. Ақырын ғана жұмсақ естілетін күлкісін енді ешқашан естімейтінімді айтсайшы. Неге өйтті екен… Ол десе қан жылайтын артында қалған жақындарын ойламай қалай кете салған? Мынадай ғажап өмірді қалайша қия салды десеңші?
Мына әлем, мына жалған көз алдымда бар ажарынан айырылып, сұрықсыздана түсті.
Жер бетіндегі керемет жандардың саны осыдан үш жыл бұрын-ақ бір адамға кеміп кеткен екен.
Кейде бір ғана сәттің өзі саған өмірлік бақыт, өшпес сезім сыйлай алады. Сондай-ақ бір ғана кездесудің өзі мәңгілік сағыныш пен тәтті естелік қалдыра алатынын да сол сәтте жан-тәніммен түсіндім. Ешқашан басылмайтын сағыныш тарту ете алғаны үшін де, ол қыз маған соншалық ыстық еді. Мына бұрқ-сарқ қайнаған әлем мен жер бетіндегі сапырылысқан сан-мың адамның арасында оның жоқ екені тағы да есіме түскенде, осынау жалғанда ешбір қызық, мағына қалмаған секілденіп, алдымдағы апаймен бірге қосыла жылауға сәл қалдым.
Асханада ұзақ отырмадық. Техникумның ауласына аптығып, асығып, алып ұшқан көңілмен кіріп, қайғы оранып, түнерген көңілмен шығып бара жаттым. Бейтаныс апай мені жолға дейін шығарып салды. Шығар қақпаға беттеп бара жатып, ауладағы құрмет тақтасына көзім түсе кетті. Арасында сол марқұм қыздың да суреті ілулі тұр еді. Бірден таныдым. Көзіме оттай басылды. Сол жып-жылы жүзі. Ешқашан мына дүниеден өтпейтіндей, бақилық болмайтындай боп, күлімдей түскен қимылсыз бейнесі сол мен көрген қалпында нұрланып тұр. Мәңгілік осылай қалатын бейне. Ешқашан қартаймайды. Өйткені, қарттықтың ауылына жетпей, басқа жаққа аттанып кеткен бейне.
— Иә, осы қыз ғой, — дедім мен.
— Иә, осы қыз ғой, — деді апай да жәй ғана…
Тым құрығанда суретімен болса да, көзайым боп қайтқаным үшін аздап шүкіршілік қылдым.

* * *
2014 жылы бір көкеміздің баласы Гагариннен қыз алып қашып келді де, «той көріп ысылғансың, жөн-жобаны жақсы білесің» деп хабаршылыққа мені аттандырды. Арғы бетте әлі де қазақтар бар екен. Хабаршылыққа барып, өз міндетімді орындаған соң, ол үйде ұзақ бөгелмей, тағы да техникум жаққа қарай тарттым. Мақсатым — баяғы құрмет тақтасындағы қыздың портретін телефонға түсіріп алу еді…
Техникум онша өзгере қоймаған, бірақ құрмет тақтасын таппай тұрып қалдым. Бір жігіт жаныма келді де:
— Кімді іздеп тұрсыз? — деді өзбек тілінде. Жасырған жоқпын. Құрмет тақтасы қайда екенін сұрадым. Басқа қапталға ауыстырып жіберіпті. Бірақ баяғы қыздың суретін таппай көңілім түсіп кетті. Құрмет тақтасында кіл өзбек ұлтының ұстаздарының суреті ілініпті. Бір де бір қазақ жоқ. Жанымдағы өзбек жігіттен сұрап ем, «хеч нима билмайман ку» деп иығын қиқаңдатты. «Ештеңе де білмеймін» дегені ғой. Техникумның ректорынан сұрайын деп ем, «Жызаққа семинарға кеткен, екі күннен соң ғана келеді» деген соң үмітім біржола үзілді.
Басқа жөн сұрайтын да адам жолыға қоймады. Күн кешкіріп бара жатқан соң, іздеген бейнемді таба алмайтынымды біліп, сыртқы қақпаға құлықсыз беттедім.


Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.