Сезіміңе қонақтап төркіндейін...

Таусылмайтын махаббат /
Тоң боп қатқан мәңгілік мұзы еріп,
Жүрегіме орнағандай көктем келіп.
Қос жанарың жарқырап жымыңдайды,
Жұлдыздарды алғандай көктен теріп.

Өзге аруды құрақтай құшпасам да,
Жалғыздықтың жұртында қыстасам да.
Басқа жанмен бағымды байламаспын,
Сен өзгенің етегінен ұстасаң да.

Жүрегімде жат сезім тулағанша,
Өзге жанның бақытын ұрлағанша.
Мен өтейін өмірден бойдақ болып,
Ғашық жырын басқамен жырлағанша.

Өзге жүрек қапасына қамалғанша,
Бір қайғыға жүз қайғы жамалғанша.
Маған деген сезімің суып қалып,
Басқа жанды ұнатсаң, амал қанша?!

Аш беліңе жалаң қол тиген болса,
Махаббаттың шоғына күйген болса.
Балдай дәмі қышқылға айналады,
Басқа ерін ерніңнен сүйген болса.

Дұшпаныңдай жақтырмайсың, түсінбедім?
Мәңгі-бақи көрмейтін кісің бе едім?
Бұлбұл екеш бұлбұл да өзге бақта,
Ән салмайды, сен соны түсінбедің.

Бақытың боп ендігі өркендейін,
Сезіміңе қонақ боп төркіндейін.
Жүрегіңде тұтқын боп мәңгі – бақи,
Қалсам-дағы ешқашан өкінбейін!

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.