Ұстаздың ұстазы - оқушы!

Өз ойым /
Мен ұстаз болғалы жаңа өмір кешіп бастадым. Жатсам-тұрсам жұмысым есімнен кетпей қойды. Не істесем сабағым қызықтырақ өтеді екен деп ойлана беретін болыппын. Өкінішке орай, оқушыларымның арасында д/ш-ға деген ұмтылыс мен армандаған деңгейде емес. Әрине, мұғалім кінәсінен.
Қазір 5-7 сынып оқушыларына сабақ үйретіп жүрмін. Үйретіп жүрмін деп қоямын, ал расында, үйреткенім — бір, үйренгенім — мың. Әр оқушым бір бөлек әлем. Оқу ісінің меңгерушісі айтпақшы, нашар оқушы болмайды, нашар мұғалім болады деген қағидамен әр оқушымен жұмыс жасап үйренуге тырысудамыз. Кез-келген момын, қыңыр мінезі жоқ, қарапайым оқушымен жұмыс жасау оп-оңай, ал кейбірі әртүрлі рөлдерге кіруге итермелейді. Бұзығы — сабырға, өтірік-қулығы барлар — сене білуге, «шошаңдақ», энергиясы көптері және тым момын «салпыауыздары» — мұқияттылыққа, ал ең ақылды, алғырлары — маман ретінде жаңа сатыға ұмтылуыңа итермелейді екен ғой.

Бірде көшеде атышулы Медеу /шын аты басқа/ деген 5 сынып оқушысымен бір соқпақта қарама-қарсы кездесіп қалдым. Ол жайлы әріптестерім жиі "қырсық мінез, өтірікші, ешқашан өз қатесін мойындамайды" деген кертартпа пікірлер айтатын. Алысырақтан-ақ бір-бірімізге назарымыз түскенін екеуіміз де ұқтық. Жақындай келе ол назарын басқа жаққа аударып, көрмегенсіп өте шығуға тырысты. Онысына өзіндік себебі бар: жан-жақтан апай-ағайлары "өй, сен дер бір!"-ге алып жатса, қай бетімен күлімдеп қарсы алсын, мені де сол кейіпте күткені де. Ал мен үн-түнсіз жанынан өтіп кете алмадым. Мен — мұғалім, ол — оқушы, біз екеуіміз нағыз дос болуымыз керек қой! Балаға махаббат сыйлай алмасам, ең басты функциям орындалмай қалар деп жағдайды өзгертуге тырысып, импровизациямды сынап көрмек болдым.
— О, Медеу, қалың қалай?-деп екі қолды құлаштап ашып жібердім. Ішімнен масқара болғанда түк көңіл аудармай кетпесе екен деп қорқып та тұрмын. Медеуім аузы аңқиып, қатты таңғалып қарап қалды. Сәл кідірістен соң, сенімсіздеу дауыспен, баяу ғана:
-Жақсы,- деп қысқа қайырды. Тоқтап қалсам еш пайдалы әсер қалдырмайтынымды ұғып, әрі қарай жалғастыра жөнелдім:
-Сабақтарың қалай? Барлығы бес пе, әлде бір-екеуін әлде де көтеру керек пе?
-Көтеру керек…
-Ммм… Жақсы, мен дәл қазір мектепке асығыс кетіп барамын кейінірек жалғастырармыз, жарай ма?
-Жарайды…
Осылай қысқа аяқталды әңгімеміз. Әйтсе де, өз әсерін тигізіпті: ертеңіне мені көргенде өзі бірінші болып амандасты. Жүзінде қуаныш, жүрісінде сенімділік. Бір оп-оңай жеке бас тапсырмасын ұсынып көрдім — ұшып барып қайтты. Ішімнен бүгінгі күніме қиялыммен күнделігіме 5 қойып қойдым.))
Айтқым келгені, қасыңызда бір түсінісу қиын жан жүрсе демеушілік мақсатында жылы шырай танытудан тайынбаңыз, мүмкін оған нақ сіздің махаббатыңыз жетіспей жүрген шығар. Сене білу — күштілердің ісі.
Мені осы ойға итермелеген сүйікті оқушыларым үшін Аллаға рахмет!

6 пікір

Korkem
Ғажап! Оқығаннан-ақ не болар екен деп тағатсызданып оқып едім))) Ұнайды маған
Karakulov
А сіз бір ай мұғалім болып көріңіз — ғашық болып қаласыз! Бәрін шетінен шөлпілдетіп сүйіп шыға алмайсыз, өкініштісі((
Korkem
Ұстаздық еткенмін, практикада жүріп)) содан соң да ұнатып отырғаным))
ardak1996
Керемет әсер алдым. Медеу деген оқушыны көз алдыма елестеттім. Оқып отырып бірнеше картиналар көз алдымнан өте шықты.
неге оқуышылырыңызды осы блогқа тартпайсыз?
Karakulov
оқу жылы басталғасын көре жатармын.../уәде емес/
AKA
Расында да, дене шынықтыру пәнінің мұғалімісіз бе? Оқушы мен оқытушы арасындағы үлкен қашықтық сізде жоқ екен, бұл — жақсы.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.