Жарқын болашақ негізі неде?

Өз ойым /
Сау дене, азат ақыл, адал көңіл — үшеуімен болады бақытты өмір

Кеңірек, сонымен қатар, оңайырақ түсіндіру үшін әңгімені бір шетінен ғана бастайық. Көп жерден естіп жатамыз: Оқы, оқы және оқы… Оқу білім бұлағы, Білім өмір шырағы… Оқусыз білім жоқ, Білімсіз күнің жоқ...Әрі қарай өздеріңіз де оп-оңай толықтыра аласыздар. Білім туралы мақал көп. Білім… Білім… Білімнен көп айтылатын нәрсе жоқ шығар. Қай халық болмасын білімді ұлықтайды, және ол дұрыс-ақ, білім теңдесі жоқ дүние ғой.
«Мемлекеттердің бәсекелестікке қабілеттілігі біліммен есептеледі және әрқашан солай болмақ». Рас, иә? Расында да кез-келген мемлекет даму үшін сол елдің азаматтары көзі ашық, көкірегі ояу жан болуы тиіс. Әр азамат өзіне лайық деп таныған саланы қопарып, жалпы адамзат дамуына өз үлесін қосып жатады. Тіпті мына біздің де осы айтаберіміз арқылы ой бөлісіп, пікір таластырып жүргеніміз де тиісті білімді игергендігімізден, одан да бұрын, сайт құрушыларының білімінің арқасы, сол себепті білімді беріп жатқан Аллаһқа рахмет дейміз. Осы сынды ойларға ерік берсек, құдды бір жарқын болашағымыз осы біліммен ғана келетіндей ой қалыптасып қалады.
«Болды, ендеше, баламды „өл-тіріл“ білімді қыламын»)
Хым… Ал бұл қаншалықты дұрыс?(Бар назарды, күш-жігерді тек білімге аударғанда) Біз ештеңені назардан тыс қалдырып кетпедік пе?… мысалы — денсаулық!)

«Адамның ешқашан қадірін жетік біле алмайтын екі нәрсесі бар, олар — бос уақыт пен денсаулық». Ешбір жан бос уақытын максималды пайдалы қолданбаған, ешбір жан денсаулығына максималды ұқыптылықпен қарамаған. Бос уақытқа тоқталып, тақырыптан ауытқымай-ақ қояйық, денсаулықтың құндылығы жайында сөз қозғағым келіп отыр. Жеңіл киініп дүкенге шыға салу, салқын еденмен жалаңаяқ қыдырып жүре беру, тым кеш тамақтану, желді күндері бас киімсіз жүру сынды жаман әдеттерімізді санап шығу мүмкін емес, кейбірін тіпті байқамаймыз да. «Бірінші байлық — денсаулық» деп тек тілмен ғана айтып жүрміз. Шын мәнінде денсаулықты құнсыздандырып әр нәрсеге айырбастап жүрміз: жалқаулыққа, сәнге, абыройға, ақшаға, білімге, т.с.с. Аталғандардың ешқайсысы бөлек жеке дара да, барлығы қосылып та денсаулықтың құнын құрай алмайды. Салауатты өмір салтын сақтау тақырыбы ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Уақыт өте келе керісінше көкейкестілігі арта түсуде. Білімге ұмтылу жолында да денсаулығын екінші қатарға қойып жатқандар аз емес. Түнімен бейуақыт сабақ оқимыз, интернетке үңілеміз, аз қимылдаймыз, қысқасы, денсаулыққа ашық соғыс жариялаймыз))
Енді білім мен денсаулықты таразылай отырып, әңгімемізді әрі қарай дамытайық. Қайсысы жоғары?
Жалпы айтқанда, білім мен денсаулық бір-бірін толықтырушы, бір-бірін демеуші, бірінің орнын бірі баса алмайтын, бір-бірінсіз құнын жоғалтатын егіз ұғымдар. Біз білім деңгейі жоғары жас ұрпақ туралы сөз қозғағанда міндетті түрде салауатты өмір салтын сақтау шараларын да айта кетуіміз керек. Себебі, тұрақты денсаулық сақтау жүйесін құрмайынша жоғары талапқа сай ми еңбегін атқару, терең білім алу, ұзақ уақыт шығармашылық жұмыспен айналысу мүмкін емес, қол жеткізген жағдайда да денсаулық мәселесіне қайта оралуға мәжбүр боламыз. Талай білімді адамдар бар, денсаулықтың жоқтығынан өзге түгіл өзіне пайда әкеле алмайды. Денсаулығы жоқ адам барлық мүмкіншіліктерінен айырылады емес пе? Денсаулығын жоғалтқан адам — барлығын жоғалтқан адам.
Адамзаттың кез-келген ісінің негізінде денсаулық жатады.
"Ііі, ұқтым, демек әуелі ең жоғары құндылық — денсаулық, сосын білім ғой, түсінікті..."
Жоқ, бұлардан да жоғары тұратын тағы бір нәрсе бар. Қазақ айтады емес пе:
О, Құдайым, бала бер,
Бала берсең сана бер,
Сана бермесең ала бер! — деп.
Санасыз ұрпақтан асқан сор жоқ. Денсаулығы мен білімі бола тұра дұрыс бағытта тәрбиеленбесе, барлық күшін жаман жолға сарқып жатса обал емес пе. Бір-ақ мысал: әлгі террористер де сол денсаулығы мықты, білімі жетілгендер емес пе) Үкімет ақшасы желініп жатса білімі жоқ адамның ісі емес, көшедегі жанжалдың арасынан денсаулығы жоқ әлжуаздарды таппайсың.
Көріп тұрсыздар ғой, денсаулық та, білім де жарқын болашағымыздың кепілі емес. Бақыттың кілті — тәрбиеде. Жоғарғы деңгейдегі тәрбие жас ұрпақты жоғары деңгейдегі ұлы істерге жетелейтіні сөзсіз. Отаным, елім-жерім, жанұям, әке-анам, кішкентай іні-қарындастарым деп өскен азамат денсаулығы мүмкіндік беріп тұрған жағдайда қол қусырып отырғысы келмей елге қызмет етуге лайықты болуға ұмтылады. Білімін көтереді, тәжірибе жинақтайды, жалпы өзімен дамытушылық жұмыстар жүргізеді.
«Демек, әуелі тәрбие, сосын денсаулық, содан кейін барып, үшінші орынға білім ілікті ме?»
Иә, дұрыс ұқтыңыз. Менің дәлелдегім келіп отырғаны да осы: Тәрбие, денсаулық және білім — жарқын болашағымыздың негізі. Қарапайым мысал: үш аяқты орындығыңыз бар делік, бір аяғын қырқып алып тастаса қалған екі аяғымен өз функциясын әрі қарай орындай ала ма? Әрине жоқ, ондай орындыққа отырып жұмыс істеу мүмкін емес. Сол сияқты біз де тәрбие, денсаулық, білімнің біреуін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Қашан біреуіне қатысты немқұрайлық таныта бастаймыз, сол кезде барлығын жоғалтамыз.

6 пікір

naimankyzi
Ия, адамды дұрыс тәрбиелеп дамытса, көп ақиқат өның өзі ақ ашады деген афоризмге келісемін. Жарқын болашақ үшін жас жеткіншектерге жақсы әдеттерді бойларына қалыптастыру керек. Мақала жақсы, жүйелі жазылған.
AL-ASTER
Бірінші, Жарқын болашақ — маңдайға жазылған тағдыр дейді. Иә, келісемін.

Екіншіден, маңдайға жазылған бір басқа, оны өзгертуге әрекет ету — екінші бөлек әңгіме меніңше.
Шындығында, адам тек әрекет етуші, тілеуін қабыл етер тек Жаратқан деп тұжырымдаймын.
Себебі, мәселен барлық адамға білімді бірден басына құя салмаса да, әркімге білімді болуына мүмкіндік берілген. Мейлі қандай жолмен болсын. Ол маңызды емес.

Үшінші, осы айтылғандардың барлығы өз жүйесімен (жоспар, жүйе, күнделік, есеп, жазып отыру т.б.) болу керек сияқты. Ол бізге нәтиже шығару үшін керек.
korwinin_kyzy
Болашақ бүгіннен басталады
Kan
Әуелі бірінші осы дұрыс деп, алға әлдене бір түсінікті озық қойю қате сияқылды. Мен үшін теңдік маңыздылеу. Тәрбие білімсіз жетім қозы секілді. Ал жалпы денсаулықсыз бақытты өмір түсіруде қиын, немесе тәрбиесіз, білімсіз денсаулықты күту де оңай емес. Ендеше бақытты жарқын болашақ қалыптастыру үшін тәрбиені де, білімді де, денсаулықты да бір деңгейде ұстауымыз керек. Таразының басын тең ұстасаң тепетеңдіктің пайда болатыны белгілі. Теңдігі түзу адам бақытты болатыны хақ. мысалы: тәрбиесіз білімді ғалым елдің азаматы емес жауы болуы мүмкін. Енді керсінше тәрбиесі бар білімсіз азамат құр айқайдан басқа нақты іс көрсете алмасы анық. денсаулықты сақтау үшінде білім керек. Ауырған адам қандай дәрі ішетінін білмесе өліп кетпей ма? Немесе тәрбиесі жоқ, белдерін ашық-шашық қылып жүрген қыздар ертен болашақта ана болу бақытынан айырылуы мүмкін.бұл менің пікірім.
Karakulov
Songi abzasta yweuin ten ustau kerek degen oiym aitylgan. Tek bir-birimen talasip jatsa gana birin tandau ywin rettik nomer bergenmin)
Kan
дұрыс. жазғансыз мен ойға шомылып жаздым
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.