Ажалға асыққандар

Өз ойым /

Түнгі сағат екілер шамасында Марал жедел жәрдем көлігімен орталыққа жеткізілді. Шымкент жедел жәрдем көрсету стансасына қоңырау шалған оның анасы еді. Байғұс ана перзентінің бұл қылығын қалай атайтынын да білмейді. Өзін-өзі өлтіруге не себеп болғанын түсінбей әуре. Бәрі соңынан белгілі болды. Жансақтау бөлімінде бір тәуліктен соң есін жиған ол «сүйіктіммен ұрысып қалдым» деген желеуін айтты. Ал, Маралдың бұл әрекетін Т.О.Орынбаев атындағы облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының директоры, бас дәрігері Икрам Төлеев «еріккеннің еркелігі» дейді.
— Бізде емделушілердің арасында мұндай ерке-тотайлар жиі кездесіп тұрады, — дейді ол. – Олар өздерінің өлмейтінін біледі. Тек айналасындағылардың назарын аударту үшін немесе өзінше «қорқытқан» түрі деп айтар едім мен. Мұндай оқиғалардың соңғы уақытта жиіліп кеткені жасырын емес. Оның басты себебі имансыздықта деп ойлаймын. Өзін-өзі өлтіру кешірілмес күнә екені шариғатта айтылған. Жалпы, бізде емделетіндердің басым бөлігі уланғандар және күйік шалған науқастар. Негізі уланудың көбі осы сірке қышқылынан орын алып отыр. Себебі неде деп ойлайсыз? Әрине оның қолжетімділігінде.
Кейіпкерімізге қайта оралайық. Ол небәрі 18 жаста. Мектепті кеше бітірген үрімдей бойжеткен қаладағы жоғары оқу орныдарының бірінде студент. Қарны тоқ. Көйлегі көк. Ата-анасы қасында. Бауыры бүтін. Баспана мәселесі Марал үшін проблема болған емес. Қатарластарының алды болмаса да соңында емес. Тамақ үшін ол ешқашан басын ауыртқан жоқ. Енді оның сірке суын ішуіне не себеп болды деген сұрақтың жауабын өзі айтып берді. Өзін-өзі өлтіруге бел байлаған себеп аруды жігіті тастап кеткен. Себеп деймін-ау… Себеп деуге де келмес. Балалық па? Жоқ олай айтуға да болмайды. Өйткені ол бала емес саналы жасқа жеткен бойжеткен емес пе? Оның жасындағы қатарластары ана атанып, өздері бала тәрбиелеп отыр. Маралдың бұл әрекетін қалай атау керектігін әзірге таппадым. Сонымен ол өзімен бірге бір университетте екі курс жоғары оқитын студентпен танысады. Достасады. Сөз байласады. Күнделікті теледидардан көрсетіп жатқан үнді фильмдеріндегідей махаббат оқиғаларын бастан кешіреді. Ержан есімді жігіт ертегідегі ақбоз атты ханзада болмаса да Марал үшін жігіттердің төресі болғаны анық. Айтуынша, алғашқыда ерек көңіл бөліп, ілтипат білдіруден жалықпайтын романтик Ромео уақыт өте өзгере бастаған. Күнде тосын сый мен сыйлықтың астында қаламын деген сұлуымыз үшін бұл ауыр соққы болса керек. Соңында Ержан еш хабарсыз із-түссіз «жоғалған».
— Мен бірден өлгім келген жоқ, — дейді ол. — Әуелде оны іздедім. Достарынан сұрадым, үйіне хабарластым. Ұялы телефонының нөмірін өзгерткенін жолдасынан білдім. Сөйтіп қоңырау шалдым. Ол мен екенімді біліп «Енді маған хабарласпа! Мен басқаны сүйемін!» деді де тұтқаны тастай салды. Сосын қанша күнімді жылаумен өткізгенімді білмеймін ақыры өмір сүргім келмейді деп шештім. Сосын қалай өмірмен қоштасатынымды ойластырдым. Сөйттім де асүйде тұрған сірке суын ойланбастан сіміріп салдым. Ал одан кейінгісін білесіз.
Токсикология бөлімі 24 сағат жұмыс істейді. Бөлім 25 төсек-орынға арналған. Емделушілерді маусымға бөліп қарастырсақ, жаз мезгілінде қарақұрт, сарышаян, жылан немесе өзге да улы жәндік шаққандардың қатары көбейеді. Ал, қыс айларында газ немесе көмірден уланғандар артады. Сірке қышқылы мен дәрі дәрмекті артық мөлшерде ішуге құмарлар жыл он екі ай бойы үзілмейді. Сондай-ақ, 3 пен 5 жас аралығындағы балғындар да көптеп түседі. Үлкендердің бақлауынсыз қалған сәбилер еңбектеп те жүріп жүргені де түрлі тұрмыстық химия заттарынан, тазалау құралдарынан уланып жатады. Кәріз құбырларын тазалауға арналған химиялық еріткішті ішіп қойған балалар ұзақ уақыт тамақ түгіл су да іше алмайды. Жоғары концентрациялы бұл сұйықтық ауыз қуысын, өңеш, асқазан, ішектерді күйдіретіні айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, бұл қышқыл ағзадағы қызыл сұйықтық құрамындағы қан түйіршіктерін ірітіп жібереді. Нәтижесінде қан ұйымай, көптеп қан кету жағдайлары орын алады. Оның соңы өлімге де алып келуі ғажап емес. Үйінде анасымен ренжісіп өлімге бел байлағандарын айтып жатады. Маған мамам «Көзіме көрінбеші» деп айтты деп енді мені расында көрмейсіңдер деп дәрі ішіп жататындар да аз емес.
Аталмыш орталықта науқастарды жоғары қысымды оттегімен емдейді. Ал, ол кислород арнайы барокамералар арқылы емделушінің өкпесіне бағытталады. №1 барозалда екі құрылғыны байқадық. Біріншісінде науқас жатып оттегін жұтса, екіншісінде бір уақытта 10 адам бірдей ем қабылдайды. Құбыр ісеттес барокамералардың дөңгелек пішінде терезелері бар. Арнайы «құлақшалар» арқылы оттегнің мөлшерін реттеп отырауға болады.
Марал жатқан палатада 8 адам жайғасқан. Бәрі де әп-әдемі қыздар. Жастары жиырмаға енді жетеді. Жиырма жастан асқан екі бойжеткен бар. Олардың бірі кейіпкеріміз секілді сірке қышқылына «тойып» алса енді бірі ұйқы шақыратын дәрінің 100 данасын бірден қабылдаған. Бір қызығы олардың бәрі де ішетінін ішіп алып үнсіз ұйқыға жата кетпеген, бәрі де өздерінің осы әрекетін жанындағыларға ескерткенінің арқасында ғана оларды дәрігерлер ажалдан арашалап қалған. Әйтпеген жағдайда соңы қалай боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жер бетінде жыл сайын 1000 000-нан атам, ал тәулігіне 3000-ға жуық адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. Зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай суйцидтен көз жұмғандардың қатары соғыс, жол апаты немесе табиғаттың тосын құбылысынан мерт болғандардың санынан басып озған. Суйцидке баратындар жайлы облыс имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров:
— Өзіне-өзі қол жұмсау Ислам дінінде ең үлкен күнәлардың қатарына жатады. Аллаһ Тағала «Ниса» сүресінің 29-90 аяттарында: «бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында, Аллаһ сендерге ерекше мейірімді. Ал, кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз» — деп ескертеді. Сол секілді өз-өзін өлтірмек болғандарға да берілетін үкім, осы аятта айтылған үкіммен бірдей. Яғни олар да тозақ отында мәңгі болатынын айтады, — дейді.

1 пікір

zhano_almuhambet
Барокамераның екі түрі бар. Бір адамдық және он адамдық. Суретін сала алмадым…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.