Омар Хайям. Рубаилар (Аударма)

Шығыс ақындарынан Омар Хайямды өзгеше құрметтеймін. Орысшаға аударылғандары көп. Бірақ, өзім орысша дұрыс түсінбегеннен соң, өлеңді жетік түсіну де қиынға соғады. Өз ойымда орыстардың тілі Омарды толық түсіндіруге жетпейтін сияқты көрінеді (өз ойым). Шығыстық үлгіде болған соң көбінесе, өзбек және шағатай тіліндегі аудармаларын оқимын. Аэропортта отырып, не істерімді білмей, Омардың мына өлең жолдарын шамам келгенше аударып шықтым. Бірақ, өзімнің көңілім кішкене толып отырған жоқ. Әлі де нағыз ойды шығара алмаған сияқтымын. Не болса да, оқып көріңіздер!
.

Ей, көңілім, сыйлық күтпе бұл заманнан қараңғы,
Уақыт озар барлығынан шаң қаптырып адамды.
Дертің әр сәт күшейеді, ауырады тынымсыз,
Күткенменен мына уақыт емдемейді жараңды.

Разылығың қайда, құдай, өзіңе шын сенгенмін?!
Көңіл неге қап-қараңды, нұрыңды іздеп келгенмін?
Жұмағыңа жеткіз мені, жалғыз сенде көңілім,
Жаратылған топырақтан ақысын бер пендеңнің!

Алла бәрін білді емес пе? Көңілде бұл сұрағым…
Білді бәрін: қайда жүріп, қайда барған тұрағын.
Ақыретте айтшы мені жазалайды не үшін?
Қалауынан асатындай жасамадым күнәні.

Өтіп жатыр өмір қиын, дертімнің жоқ емі де,
Рахат – қысқа, қиындықтың болмай жатыр шегі де.
Бірақ-тағы шүкір етем, Жаратқанға молынан
Тастамаған апатпенен зұлымдықтың кеніне.

Бас тартпағын, ей көңілім, көтер мына шараптан!
Бұл да менің несібем ғой сыйлап берген Жаратқан.
Жүзіңдейін жалт-жұлт еткен шарапты құй кесеге,
Тәубе еткен көңіліммен толсын тағы парақтар!

Кеше тағы шарап іздеп шықтым барып алмаққа,
Бір гүл солып жатты жерде мен жүретін жол жақта.
Дедім оған: — Не жаздың сен? Қалай түстің бұл күйге?
Жауап қатты: — Бір сәт қана жайнап едім гүл бақта…

29 пікір

beko
Өзгеше құрметтейтіндей себебі бар екен Саке… Мүмкіндік болса тағы тастарсыз, күтеміз.
KILYZAMAN
Талабыңа нұр жаусын! Шағатай тілі жайлы білгеніңді айта отырсаң…
MSHERIMBEK
Оған бөлек пост жазайын одан да. «Түркі тілдер жанұясы» деген сияқты.
KILYZAMAN
Дұрыс болар еді…
Erlan
Талабыңызға нұр жаусын жалпы Омар Хаям шығармаларын белгілі Қуандық Шаңғытбаев ағамыз көп аударған.
Мысалы;
Сұм тағдыр! Сұмырайларға нан бересің,
Су мен жер, үй, салтанат, сән бересің.
Бір үзім нанға зар боп жүргендер көп,
Алмаған адал жанда барма кегің.

Пайдасы, зияныда жоқтан сақта,
Әзілі арға тиер достан сақта.
Барға ырза бейшара — нағыз жомарт,
Әрдайым «Ашпын!» — дейтін тоқтан сақта.
MSHERIMBEK
Жақсы аударған! Алдын оқыған едім-ау! рахмет!
QAZAQ
Көне шығыстық (оның ішінде парсы, араб, т.т.) шығармалардағы «шарап» мәселесі қазіргі қалыптасқан санадағы шарап жайлы емес дегенді оқығаным бар, осы жайлы тарқатып айта алатын дос, ағайын бар ма?
MSHERIMBEK
Иә, кей түсінік бойынша, «Шарап — Аллаһтың нұры. Шарап толы кесе (қалб) — жүрек. Яғни, Аллаһтың нұрына бөленген жүрек. Оған мас болу — Аллаһқа ғашықтықтан рухани ләззат кешу» делінген.
деп осындағы AKA атты қолданушымыз айтып өткен еді.
QAZAQ
Шығыс әлемінің өзі де жақсы, сөзі де жақсы. Базар жоқ!!!
ereke_enu
Осы сөз бір алқаштың сандырағы болып жүрмесе бопты
Jako
Тасқындап қанды шерім жатқан ағып,
Құлатар мың қамалды қап-қара қып.
Кірпігім кірпік емес бейне бөгет,
Топан су қағып қалсам қаптары анық.

Көгінде көңілімнің құса қалқып,
Дүниеде таппай демеу, күш алар түк.
Жүргенде Дана айтты: Бұл жалғанда
Ай жүзді қас сұлудың құшағы артық".
Korkem
Мынаны күнделігіме тізіп алдым, не ғой, тағы бар ма?
MSHERIMBEK
Енді аударамын:)
SHolirkep sharap ishcen-danamen ish, Nemece gul maickan bolamen ish. Azdap ish,anda-canda tigilip ish, Mac bolmai,milzhin bolmai shamalap ish.
Jako
,anda-canda tigilip ish

Шәке, осы жері біртүрлі екен)))
mairosh
Жалғысын аударсаңыз, жақсы жазылған. Тек аяқсыз қалып тұр)
JarkynNUR
Мынаны ақындық қасиеті жоқ адам аударуы мүмкін емес сияқты… сіздің де қалам тербетер өнеріңіз бар сияқты, солай ма???? )))
satirik92
Өлең деп осыны айт!!!
ai-naz
Жалғасын күтеміз!
ereke_enu
Омар Хаям Абайдың тырнағына да тұрмайды екен ғой…
korwinin_kyzy
неге ЕРЕКЕ ,? не олай пайымдап отырсыз,?
ereke_enu
Өзімнің жеке пікірім.
satirik92
Негизи бұл атамиздикин оку кажет пе жок па қазақшасы бар ма
korwinin_kyzy
қай атамыз?
satirik92
Омар Хаям
korwinin_kyzy
Ал білмейм ал, Омар туралы хауарым жок
ereke_enu
Оқу қажет пе жоқ па, өзің шешесің да. Мен үшін осы бір өлеңінің өзі жеткілікті. Білмейм, олардың шарабы қандай екенін, дұрысы жоламай ақ қойдым.
satirik92
Омар Хаям мешіттен кілем ұрлаған жан емес пе?
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.