Асхат Мұсабайдың өлеңдері



Махаббатқа көңілін бөлмеген кім?
Түсінбедім жүрегін пенделердің.
Ғашық болса, ешкімді тыңдамайды,
Пайдасы да болмайды берген емнің.
Оған тұсау салу да қалың қайғы,
Жүрек, шіркін, асау ғой, бағынбайды!
Ақылменен жүректі жеңем десең,
Керісінше тереңге тамырлайды.

Жүрек бізден ақылды сұрасын ба?
«Сүйем» десе, қарсы амал қыласың ба?
Сөйтіп жүріп «асауым» кеудемдегі
Ғашық болды рұқсатсыз бір асылға.

Ескертусіз ұнаттым осы күнде,
Мүмкін, маған жоқ шығар кешірім де.
Қайтем енді? Бір қызға ғашық болдым
«Нұр» төгілген әдемі есімінде.

Жаны көркем, мейірім тұнып тұрған,
Сол сұлуға жүрегім үміт қылған.
Жарасымды күлкісі шуақ шашса,
Мөлдіреген көздері сыр ұқтырған.

Білмеймін басар ма екен іс ілгері,
Сезімімді білдірдім ішімдегі.
Жаңағы айтқан асыл жан, көрікті қыз –
Жалғыз ғана Сен едің, түсін мені.

Сені көріп, бір тәтті күйді ұғамын,
Саған арнап сезімді сый қыламын.
Жүректің қалауына ерік беріп,
Ұнаттым ғой Өзіңді, Минуарым!



Менің жаным кім десе, өзің дер ем,
Жақсы көрем мен сені сезімменен.
Жаным болып қалатын жалғыз сенсің,
Осылай деп ант еттім кезінде мен.

Жаным, сенсің өмірлік таңдағаным,
Сенен асқан жалғанда бар ма бағым?
Егер сен меніменен бірге болсаң,
Мен деген ең бақытты жан боламын.

Өзімнің бойымдағы ерікпенен,
Тағдырдың сынағына көніп келем.
Сол сынақ саған зақым келтірсе егер,
Қорықпа, жүрегімді бөліп берем.

Сүйіктім, қызғалдағым, раушан гүлім,
Нұр болып аспаныңнан жаусам бүгін,
Сезімімді төгер ем нөсерлетіп
Жүрегімнің ақтарып бар сандығын.

Байланыспай ешқандай тапшыменен,
Көкейімнен сен үшін атсын өлең.
Қыз ішінен себебі осы таңда
Мен сені өте қатты жақсы көрем!



Тыныш орта. Өзім жалғыз. Түн жарық,
Аспанымда сансыз жұлдыз тұр жанып.
Бір жұлдызға назар салып қарап ем,
Көз алдыма келді жүзің нұрланып.

Сені аңсаған сағынышқа төзе алмай,
Қарай бердім сол жұлдызға көз алмай.
Құдды сенің бейнең сынды бір жұлдыз
Сағынышты сейілтіп, қол созардай.

Сен деп ойлап жарық жұлдыз жаңағы,
Қос жанарым үзіліссіз қарады.
Сағынышым басылама десем мен,
Жалын жүрек сені ойлауды қалады.

Қызғалдағым, қарақатым, құлпынай,
Саған көрік сыйға тартқан бір Құдай.
Жарық жұлдыз орынына сол кезде
Сенің өзің болғанда ғой, шіркін-ай!



Еркелетіп жібердің-ау Сен мені,
Тәтті күйге айналдырып маңайды.
Сенсің сезім періштесі жердегі,
Десем осы теңеу Саған жарайды.

Сағынамын ылғи Сенің көзіңді,
Қуат алам болсам егер қасыңда.
Сол себепті теңейінші Өзіңді
Жаһандағы ең бағалы асылға.

Мейірімің шексіз Сенің, білемін,
Бар әлемді жылытуға жетеді.
Неге десең, Сенің ғазиз жүрегің –
Жақсылық пен адалдықтың мекені.

Болса дағы сұлу қыздар қанша мың,
Сенсің маған ішіндегі әдемі.
Ұсынамын махаббаттың раушанын,
Осы болсын сезімімнің дәлелі!
Өлеңдердің авторы: Асхат Мұсабай

П/С:Осы жерден алынды, маған бұл өлеңдер қатты ұнады, сіздерге де ұнайтынына сенімдімін Айтаберліктер!

22 пікір

AKA
Уааау, алғашқы екеуіне сындым! Айсара — керемет қыз! ©
Ais_97
АКА мені мақтағаныңа рахмет, сен де жақсысың!
AKA
Қайтем енді? Бір қызға ғашық болдым
«Нұр» төгілген әдемі есімінде.
Күшті!
Жаны көркем, мейірім тұнып тұрған,
Сол сұлуға жүрегім үміт қылған.
Жарасымды күлкісі шуақ шашса,
Мөлдіреген көздері сыр ұқтырған.
Супер-супер! :)
Қорықпа, жүрегімді бөліп берем.
Сөз жоқ, әдемі!
Ais_97
Өлеңдеріне сөз жоқ екен!
AKA
Жаңағы айтқан асыл жан, көрікті қыз –
Жалғыз ғана Сен едің, түсін мені.
Вай, вай, ваааай! :)
qyrmyzy
ық ық, қайда барсаң да Қорқыттың көрі © болды ғой! Асхатты тастап кетті ме деп ойлап ем…
abatai
махаббатқа ерік берген әркімде, бермеген-ау ақындықты әркімге. қиын өлең қиыстырған Асхатқа, риза болар, оқыған жан бұл күнде!
Ais_97
сіздің де ақындығыңыз бар екен, рахмет!
ereke_enu
О о керемет! міне, нағыз махаббат!
Ais_97
ия нағыз махаббат!
ereke_enu
қандай қыз мына жырларға сынбай жүр екен???
Ais_97
Мен сынып қалдымғой )))
ereke_enu
тух, сынбай тұра тұр… әлі балапан екенсің ғой
Ais_97
ойнап айтам, сынбаймын, жәй өлеңі керемет дегенім ғой!!! Сіз де айтасыз-ау!
Ais_97
Балапан дегеніңіз қате шығар, тек әлі жассыңғо дешиш! Ал өзіңіз қай жылғысыз сонда?
ereke_enu
Біз сонау Афган соғысында болып келген ағаларыңбыз ғой, санай бер… және керемет жазбаны флудтауды доғарсақ жақсы болар ед
Ais_97
онда ата деу керек шығар сізді )))
followme_alik
Қызғалдағым, қарақатым, құлпынай,
Саған көрік сыйға тартқан бір Құдай.
Пах, пах… түртіп алдық.
Әдемі жырлар. Танымдық пост. )
Ais_97
Ия сондай әдемі жырлар!
maulen
Кермет! Тұнып тұрған махаббат!
Ais_97
шыныменде тұнып тұрған махаббат,өлеңдеріне сөз жоқ!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.