БАС ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ

БАС ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ

Басқарма, бастық, бас хатшы, басбух… «бас» – бәрі!
Басқосуларда қосыла қалса бастары,
Бастайды сөзін бір-бірін мақтап лепіріп,
Басқаны қайдам, ойлайтындары бас қамы.

Бас инженер, бас дирижер бәрі – «бас!»,
(Басын қасиды бұларға қарап кәрі-жас!)
Бассыздық билеп алған ба дейсің, әйтсе де,
Басқасын қойып, Құдайдың өзін танымас.

Басалқы айтқан адаммен болар жаны қас,
Бейбастақ елдің баласы – кәрі, шалы – жас!
Басына қонған бағына қожа болмаса,
Басынан төмен төксең де алтын – жарымас.

Басым қатады, сыздаған жүрек жылымай,
«Бассыз салт атты» сияқты елдің түрін-ай!
Басқа бір елдің тілімен теке тіресіп,
Басына билік тимеген қайран тілім-ай!

Бассыздық жайлап, бастады тағы бүлікті,
Басбұзар жастар ұйыған елді ірітті.
Баскетбол ойнап, бассейн кезген қыз-жігіт
Бастаңғы деген қазақтың салтын ұмытты.

Бас ақын – Абай шалды да кеше сібер ел,
Бас-көзден ұрған!.. (Ар жағын өзің біле бер).
Басы ауырса, бүгінгі құлқын құмарлар
Басжазар үшін баласын сатып жіберер.

Бас пайда ойлап, кейбіреу қырық құбылып,
Баспана үшін бірімен-бірі қырылып.
Басынан бір сөз асырмас бастықсымақтар
Басынып алып, енесін елдің жүр ұрып.

Басынғандарға еркіндік беріп неге тым,
Басыңды шұлғып, соңынан болдың еретін.
Бас жіпсіз өгіз секілді өңшең ағайын,
Басынан ұрса, есі ауып қала беретін.

Бас сауға сұрап, аз ба еді көрген азабы,
Басынан шіріп балықтай ел де азады.
Баспасөз неге Алланы кіші әріппен,
Бас әріппенен адамның атын жазады?!..

Баскесер ұлдар тумады тартып тегіне,
Басасау қатын береді бұйрық еріне.
Басынан бастау керек пе қайта өмірді,
«Басыңа түссе баспақшыл» дейтін Еліме?!..

Баса-көктеген жауынан қайтпай меселі,
Басым түсетін көсемі менен шешені.
Батыры түгіл, қатыны… қытай-қалмаққа
Бас имей өткен бабаларым-ай кешегі!!!

Басын қосам деп бірлікке жұртты шақырдым,
Бірдеңе ұқса, бастарын біраз қатырдым.
Бас ұрмаймын мен Құдайдан басқа ешкімге,
Басымды кесіп ала алсаң, мә, ал!..
Бақұлмын!..

Алмас ТЕМІРБАЙ

5 пікір

yesbolat83
Баскетбол ойнап, бассейн кезген қыз-жігіт
Бастаңғы деген қазақтың салтын ұмытты.
Осы жолдары қатты ұнады және қатты батты.
Kan
Бейбастақ елдің баласы – кәрі, шалы – жас!
Керемет өлең.
eclipse9
Кереметтен артық пікір жазу мына өлеңге жараспас! КЕРЕМЕТ!
zhomart
Үлкен еңбек-ізденіспен жазызлған дүние екені көзге ұрып тұр! Алмастың шәкірті болу керек екен деген шешімге келдім :-)))
Бас жіпсіз өгіз секілді өңшең ағайын,
Басынан ұрса, есі ауып қала беретін. teneu keremet eken.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.