86-ның желтоқсаны

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /
Қарып өтіп қыстың суық сыз, қары,
Қазағымның тұла бойы мұздады.
Талай-талай тағдырларды шайқалтты,
Сол бір жылғы желтоқсанның ызғары.
Ұлы емші саналатын уақыт та,
Өшіре алмай келе жатыр сызды әлі.

Сол желтоқсан жүректерді сыздатты,
Жанарларға жас аралас мұз қатты.
Шимайланған белгісіндей тағдырдың,
Қар бетінде қан аралас із жатты.

Куә болды үнсіз ғана тау жылай,
(Шыңдарды да егілттің бе тағдыр-ай?..)
Көптен бері Алатаудың ақ қары,
Қызыл қанға боялмаған дәл бұлай.

Иә, солай, жазықсыз қан төгіліп,
Талай жүрек кемсеңдеді егіліп.
Жатты сол кез бұлт түнерген қабақтан,
Қармен бірге ажал оғы себіліп.

Дүмпіді де қара жерді қозғалтты,
Борандатты, құйындатты, қарлатты.
Бет-бетімен адастырып аязда,
Паналайтын қурай таппай сандалтты.

Ақыл-ойын өлшей алмай таразы,
Әлденеге болды ма екен наразы?
Ызаланды, бір-бірімен жарысты,
Тағдыр менен желтоқсаннның аязы.

Талайлардың қабырғасын қаусатқан,
Көңілдерде қалған із бар сол шақтан.
Тағдырдан да қатал болып кетеді,
Кейде солай қаһарланар Желтоқсан.

5 пікір

Kan
Ұлы емші саналатын уақыт та,
Өшіре алмай келе жатыр сызды әлі." керемет тауып айтылған сөз екен.
berik_kaznai
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас,
Ел үшін жанын қиып, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтып,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас
Арқаның селі, желі, шөлі, белі, —
Ерлерді ұмытпаса ел ұмытпас, — деп Мағжан Жұмабаев ағамыз айтқандай дүниені дүр сілкіндіріп, Қазақ елінің бостандық туын көтерген ерлеріміз мәңгі есте қалары сөзсіз.
berik_kaznai
Ұлттық қасиетіміз бен Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күні құтты болсын!
aijan_adok
Керемет. Баршамызға Тәуелсіздік күні құтты болсын.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.